Қазыбек би Жоңғар шапқыншылығы үдей түскен кезеңге тап келді, сондықтан да Жоңғар әміршісіне барған алғашқы елшіліктің құрамында болған.
Келіссөздер сәтті аяқталып, жоңғарлар ұрланған малды иелеріне қайтарып берді. Хикаяларды баяндайтын аңыздарға сенсек, Қазыбек би Жоңғар әміршісіне былай депті:
«Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз.
Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз.
Бірақ асқақтаған хан болса — хан ордасын таптай білген елміз.
Атадан ұл туса — құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса — күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз.
Сен темір болсаң, біз көмірміз — еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз.
Танымайтын жат елге — танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең — шабысқалы келгенбіз.
Сен қабылан болсаң, мен арыстан — алысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз.
Бітім берсең — жөніңді айт, бермесең — тұрысатын жеріңді айт!»
«Қазыбек би» кітабынан
Sunna.kz