Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Дулат Бабатайұлы: Жас кезеңі

0 140

Он бес деген жас қайда
Жарға ойнаған лақтай?
Қайда кеттің, жиырма жас,
Тастан шыққан бұлақтай?

Жиырма бес бар ма маңайда
Жайқалған жасыл құрақтай?
Отыз, кеттің алыстап,
Толықсыған сынаптай.

Отыз бес, неге келмейсің,
Көп іздетіп жылатпай?
Қырық, астың кезеңнен
Суырған қыннан қынаптай.

Қырық бес, шықтың кезеңге
Маң-маң басып бұла аттай.
Елу, қондың ауыл үй,
Тізгіндеп ұстап құлақты-ай.

Алпыс, келдің арсаңдап,
Нөсер жауған ылаттай.
Жетпіс, қараң көрінді,
Тұрсам-дағы ұнатпай.

Сексеннен алған хабардың
Ызғары тұр шыдатпай.
Көргім келмес тоқсанды,
Келіндерге сынатпай.
Жүз, сірә, мені қоймассың
Қараңғы көрге құлатпай.

“Дулат Бабатайұлы шығармалары” кітабынан

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.