Жанұя мүшелерінің екі дүниеде бақытты ғұмыр кешуі ең алдымен отағасының тәрбиелік міндеттерін дұрыс атқаруымен байланысты. Өйткені тәрбие дұрыс жолға қойылмай, отбасындағы ешбір істің оңала қоймасы анық. Ал тәрбие ісінің ең жарқын үлгісін ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көрсетіп берді. Олай дейтініміз, небәрі жиырма-отыз жылдың ішінде Пайғамбарымыз өз қол астынан әзірет Әбу Бәкір, Омар, Осман, Али (р.анһум) секілді әрқайсысы бір төбе әділетті халифаларды, сондай-ақ әрбірі жарық жұлдыз іспеттес жүз мыңдаған саңлақ сахабаны тәрбиеледі.
Бұл әрине Пайғамбарымыздың мінсіз тәлімінің айқын көрінісі еді. Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) отбасылық өмірі кімге болса да үлгі. Пайғамбарымыздың құтты шаңырағы өмірден өткен бар барша жанұялардың ең бақыттысы, әрі берекелісі еді. Бұл бақыттары ең алдымен рухани байлықпен ұштасып жатты. Мысалы, Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өз отбасы мүшелерін қанағат сезіміне тәрбиелеуін ғана сөз етелік. Бұл қасиетті отбасының материалдық тұрмысы өте жұпыны болған. Айша анамыз (р.анһа) үйлерінде екі-үш айда бір рет қана қазан асылып, ыстық тамақ ішілетінін, ал өзге уақытта құрма мен қара суды азық ететінін жеткізген. Бірде Фатима қатыңқырап қалған бір тілім нан әкеліп әкесіне ұсынғанда, қанағат пен сабырдың сұлтаны Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Әкеңнің үш күннен бері татып отырған дәмі осы» деп нәзік қызының көзіне жас үйіргені де бар. Тіпті қарны ашып, әлі құрығаны сонша тік тұруға шамасы келмей, намазын отырып оқыған кездері де болған. Сондай-ақ шидің үстінде жатып тынығатыны оның шалқып өмір сүрмегенін аңғартады. Демек, Алла елшісі барға қанағат, жоққа сабыр етудің үлгісін алдымен өзі көрсететін. Осынау жүдеу тіршілікке қарамастан Айша анамыз да, Фатиматуз-Зәһра да Алла елшісін (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жанынан артық жақсы көруші еді. Ендеше, отбасы шаттығының тағы бір сыры балалық, әкелік, жұбайлық махаббатта жатыр. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тәрбиенің өзіндік механизмі арқылы олардың жүрегіне соншалықты айнымас жақындық пен мәңгілік қимастық сезімін орнатты. Міне, сол жақындық сезімі толқындана келіп, бірте-бірте бүкіл жаһанға жайылып, әрбір мұсылман жүрегінің төрінен орын алды. Өзі өмірден өтерде де артындағы отбасына зәулім сарай, мол мирас қалдырып кеткен жоқ. Оның отбасы сол баяғы бір-екі ғана бөлмелі тар үйде тіршіліктерін жалғастыра берді. Енді ойлап көрейікші, Алла тағала Пайғамбарымызды (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) барша ғаламға рақым нұры етіп жіберген. Мына дүние сол асыл жанның құрметіне жаралған десек те қателеспейміз. Бірақ сонысына қарамай ол өмірге келген сәті мен дүниеден өтер кезіндегі тұрмысында айырмашылық болмаған тап-таза қалыпта мәңгілікке көшті.
Әрине, Пайғамбарымыз қаласа бай болып та күн кешуіне болар еді. Алайда өзінен кейінгі ел билеушілер мен отбасы басшыларына үлгі болу үшін осындай қанағатшыл өмірді таңдап еді. Алайда бұдан Ислам дінінде дәулетті болуға рұқсат жоқ деген қорытынды шықпайды. Бай болма деп те ешкімді үгіттемейміз. Айтпағымыз, отбасының бақыты басқаға емес, жүрек байлығына байланысты екендігі. Халқымыздың «Бақ пен дәулет көшпелі» деген мақалы біраз жайдан хабар береді. Сондықтан отағасы өз жанұясының мүшелерін шынайы иман нәрімен қоректендіруге, Алланың хақ жолынан таймай өмір сүруге, бойларына қанағат, мейірім, сабыр сесезімдерін қалыптастыруға бағыттап отырғаны құптарлық.
материал «Жанұя жарасымы» кітабынан алынды,
sunna.kz