Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Адамның бақытты болуына не кедергі?

0 348

Кез келген адам өмірде бақытты болуды армандайды. Адамның қиялы ұшқыр емес пе, ол өзін өмірдің барлық кезеңінде бақытты көргісі келеді. Яғни, адамның арманы өмірдің барлық кезеңі мен саласын қамтиды. «Бақытсыз болғым келеді» деген адамды көрдіңіз бе? Жоқ, әрине! Саналы адамнан ондай сөз шықпасы анық. Бақытты болсам деген арман адамды үнемі алға жетелейді де тұрады. Бірақ өмірде аңсаған арманына қол жеткізе алмаған қаншама адам бар. Осыны түсінген кезде адам өзін бақытсыз сезіне бастайды. Кей жағдайда жегідей жеген ішкі ойдан құтылу мақсатында өзін-өзі тастап жіберетін адамдар да бар. Сөйтеді де арақ, нашақорлық т.б. адамды құрдымға жіберетін жаман істерден жұбаныш іздеуге кіріседі. Неге?

Адамның бұл күйге түсуіне бірден-бір себеп – көкейдегі арманын мақсатқа айналдыра алмауында. Иә, арман – мақсат! Себебі, мақсат – адамнан қажырлы еңбекті талап етеді. Мақсат біреу, ал арман болса көп. Адам екінші мақсатына бірінші мақсатын орындаған соң барып кірісе алады, ал армандауы өмір бойы таусылмасы мәлім. Адам қашан көкейдегі арманға жету үшін еңбек етіп, алғашқы қадам жасайтын болса, ол арманы мақсатқа айналады. Мақсатқа айналған арман адамды нәтижеге ұластырады. Бұл мәселені мынадай бір мысалмен түсіндіре кетейік: «Бір адам қаладағы атақты оқу орнына түскісі келеді. Күндіз-түні соны армандайды, бірақ сол жолда ешбір әрекет жасамастан жүре береді. Екінші бір адамның да дәл сондай арманы бар, бірақ ол адам армандап қана қоймай сол оқу орнына түсуді өзіне мақсат етеді. Қолынан келген амалдың бәрін жасайды. Емтиханнан сүрінбей өту үшін таңнан кешке дейін кітаптан бас алмай оқып дайындалды. Осы екі адамның қайсысы нәтижеге жетеді деп ойлайсыз?»

Тағы бір мәселе, адамның өмірде өзін бақытсыз сезінуіне сыртқы әсер немесе басқа да нәрселер кінәлі емес, өзі кінәлі. Кейбір адам: «Алдағы уақытта мына нәрсеге қол жеткізер болсам, бақытты боламын» – дейді. Өмірлік бақытын ертеңгі күнмен, белгілі бір затпен өлшейді. Ол: үй, көлік, байлық т.б. болуы мүмкін. Мұның тізбегін осылай соза беруге болады. Себебі адамның арманы таусылмайды. Ал жете алмаған жағдайда салы суға кетіп, өмірден түңіліп шыға келеді. Құранда Алла тағала: «Бірде-бір жан ертеңгі күні не табатынын нақты білмейді. Сондай-ақ ешбір жан қай жерде өлетінін де нақты білмейді. Анығында, бәрін лайықты түрде білетін, барлық нәрседен толық хабардар болатын бір Алла ғана» – дейді. Адам баласының өмірлік бақыты ертеңгі күнмен немесе белгілі бір затпен өлшенбейді. Сіз, өзіңізге берілген нығметтің өзімен-ақ дәл бүгін бақыттысыз. Сіз, егер жаныңыз тыныш, он екі мүшеңіз сау күйде таң атырсаңыз және күндік ас-ауқатыңыз болса шын бақытты адамсыз. Бұл ақиқат Пайғамбар хадисінде былайша баяндалады: «Кімде-кім жаны тыныш, он екі мүшесі сау күйінде таң атырса және күндік ас-ауқаты болса, дүние бүтіндей оған берілгенмен тең».

Рас, адам кейде өзінде жоқ нәрсені ойлаймын деп, қолындағы бар асылын ұмытып кетеді, Алла берген қолда бар нығметтің қадірін жете түсіне алмай қалады. Атақты ойшылдардың бірі Шопенгауэр: «Біз өзімізге берілген нығмет жайында аз ойланып, қолда жоқ нәрсені көп ойлаймыз» – дейді. Ақылды жан ешқашан: «Мен мына нәрсеген қол жеткізгенде барып бақытты боламын» – деп айтпайды, керісінше, «Мен бақыттымын! Өйткені менде мына нәрселер бар. Сол үшін Аллаға шүкірлік етемін» – дейді. Қолында дүниелік қандай да бір нығметтің болмауы ол адамды бақытсыз ете алмайды. Ондай адам қолындағы бар нығметтің қадірін білуімен-ақ бақытты. Ал егер Алла тағала нығметін арттыра түссе, ол адам одан сайын бақытты бола түседі. Бұл – ақылды адамға тән қасиет.

Расында, адамның бақытқа қол жеткізуі өзіне байланысты, бірақ көп адам мұны байқамай жатады.

материал «Ең бақытты әйел» кітабынан алынды,

sunna.kz 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.