Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Үлгілі отбасы болудың алтын қағидасы

0 581

Жақсы бір адаммен танысып, жақсы бір ақ отаудың босағасын көтеріп, өзі өмір сүрген қоғамда жақсы жар немесе жұбай болуға нақты шешім қабылдаған жастардың ойына келетін маңызды сұрақтар:

 Қалай жақсы отбасы боламыз?

 Қаржылық жағдайы жақсы болғаны ма?

 Атадан келген тектілігі жақсы болғаны ма?

 Көп оқыған, бірнеше оқу орнының дипломы бар болғаны ма?

 Болашақ жұбайы жұмыс істей ме әлде үйде балаға қарап отыра ма?

 Еркектің немесе әйелдің үйленгеннен кейін басқа адамдармен, туысқандармен барыс-келісі қалай болады?

 Қай уақытта бала туу жоспарланады?

 Оны кім қалай тәрбиелейді? т.б. сансыз сұрақтарды қоя берсек көп.

Бұндай сұрақтарды үйленетін жастар алдын-ала ойланып, толғанып, жауабын іздемесе, үйленгеннен кейін жауабын табу өте қиын.

Демек, жоғарыдағы сұрақтарға қарағанда ата-бабаларымыздың «үйлену оңай, үй болу қиын» деген тағылымы бостан-босқа айтылмағаны белгілі. Себебі жар таңдап, үйлену деген – базарға барып, бағасы мен сапасын қолмен ұстап, көзбен көріп ала салатын тауар емес. Соның өзінде базарға тауар алуға барған адам қандай тауардан қанша мөлшерде алатынын алдын-ала білмесе, кім нені ұсынса, соған мәз болып, қолында бар адал ақшасына адал емес, сапасыз тауар алғаны сияқты, өмірлік серігін таңдауда алданып, сан соғып қалып ертең өмір бойы бармағын шайнап, өкініп жүрмесіне кім кепіл. Оның үстіне сүйіп алған жары ұнамай қалса, кепілдік мерзімі (гарантия) толмай тұрып фирмасына апарып беретіндей тауар емес.

Қазақта «үй алма, көрші ал» деген мағынасы таудай аталы сөз бар. Мәселенің маңыздысы – сенің алған үйің болған материяда емес, мәселе ертең балаңмен баласы ойнайтын, әйеліңмен әйелі араласатын әдепті, тәрбиелі, жомарт, жанашыр көршіңнің болуында. Осы аталы сөзді үйленумен салыстыратын болсақ, әрине, өзіне не нәрсенің керек екеніне алдын-ала ойланып шешім қабылдамаған екі ойлы адам басқалардың ұсынғанына қарай амалсыз шешім қабылдауға мәжбүр болады. Ұлы хакім Абай Құнанбайұлының

Жасаулы деп, малды деп, байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба,

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан ғапіл қалма, – деген өлең жолдарынан-ақ жар таңдаудың бүкіл болмысын аңғарамыз.

Алдымызда, өмір тағдырымызда не күтіп тұрғаны белгісіз, алайда өмірден алған тәжірибелер мен қорытындыларға негізделе отырып, алдын-ала сақтықтар жасап, жоспарлар құрып, болатын тәуекелдердің алдын алмасақ та кері әсерін азайтуға болады.

Әне, сол сияқты жар таңдау мәселесінде де өмірлік тәжірибелер мен ата-аналардың ақыл-кеңесіне, ұлттық болмысымыздағы құнды салт-дәстүрлерімізге негізделмесек, 20 жыл өмір сүріп те әлі өз-өзімізді танымай тұрып, орта жолда кездескен жасы, жынысы, тәрбиесі, білімі, мәдениеті мен руы басқа, тіпті басқа отбасыда тәрбиеленген біреудің баласының мінезін танып білу, жоғарыда айтқанымыздай, қолмен ұстап, көзбен көретін тауар емес екеніне тағы бір рет сенуіміз керек. Демек, жасы жиырмаға енді толған кез келген жастың ақылы мен білімі басқа бір адамды жар етіп қабылдауға жетпейтіні белгілі. Адамдар қалай алдын-ала боран, өрт, тасқыннан сақтанатыны сияқты отбасы құрғаннан кейін де болатын қиын сынақтардан аман-сау өту үшін алдын-ала сақтық шараларын жасауға міндетті.

Бүгінгі таңда айналамызда үйленіп, отбасы құрып жатқан жастар мәселесіне көз жүгіртіп, зер салып қарасақ, көбінесе өмірлік тәжірибесі аз екі жастан бастап, екі жастың ата-аналары, яғни болашақ құда-құдағилар да алда болатын тәуекелдерді сөз етіп, олар туралы сақтық шараларын ойластырғанның орнына тек қана жақсы нәрселерді сөз етіп, алда болатын сынақтарды сөз етудің өзін «жаман ырым» санап, жастарды да бұндай нәрселерге бастарын ауыртпай, үйлену тек қана той жасау деп түсінетін жағдайға жеткені белгілі. Ал жастар болса өмірде көргені аз, тәжірибелері жеткіліксіз болғаннан кейін «той жасасақ болды, бақытты болып кетеміз» деп ойлайды. Олар алғаш танысудан басталған бір-бірін сағынып тұру, ренжітпеу, аялау, сыйлық сыйлау т.б. әрекеттер табысқанға дейін, тіпті одан ары жалғаса береді деп ойлайды. Алайда үй болып, шаңырақ көтерген сәттен бастап, өмірдің қиыншылығы мен жауапкершілігі басталған сәттен бастап кімнің кім екені, шынайы жүзі белгілі болады. Тіпті шешімі қиын сұрақтар алдынан шыққан сәтте, үйленгендеріне өкінетіндер қаншама. Демек, үйлену, отбасы құру деген тек қана ақ көйлек киіп, той жасау еместігін кеш түсінеді кейбір жастар.

Кез келген ұлы мақсатқа жету үшін сол мақсатты орындауға қажетті әрекет, қимыл, әдіс-тәсілдер болады. Өмірдің жалғасы, адамзат қоғамының бір кірпіші немесе бір клеткасы болып саналатын отбасы құру мен өмірге бала әкеліп тәрбиелеудей ұлы істі жүзеге асырудың өзіндік тәртібі мен әдіс-амалы, қимыл-әрекеттері бар. Жар таңдау, құдалық, қалың мал, той жасау т.б. амалдар осы ұлы мақсаттың іске асуына алғы шарттар ғана. Өкінішке орай, қазіргі заманда екі жастың отбасы құру, болашақ шаңырақ көтеріп, отбасы құру үшін ата-аналары мен тәжірибесі жоқ екі жастан бастап барлығы тек той дайындығы, киім алу, ойын-сауық, думан, қызықтың жетегінде жүріп, екі жастың болашақта болатын қиыншылықтары мен басқа да мәселелерін қыз жақ пен жігіт жақтың көз қарақты, тәжірибелі адамдары бір жерге келіп ақылдасып іс жасау, алдын-ала жастарға болатын сынақтарға қалай шыдауға болатыны туралы кеңес беріп, оны өздерінің қандай әдіс-тәсілдер арқылы жеңіп шыққандарына байланысты тәжірибелерімен бөлісіп, оларға дұрыс жол көрсету жетіспейді.

Осындай тәжірибесіз жастардың албырт сезімнің жетегімен ақылсыз құрған отбасыларының түтіні түзу ұшпай, селбесіп өмір сүру, мәселені ақылдасып шешу, отбасында жауапкершілікті бөлісіп істеу, баланы алдын-ала жоспарлау т.б. барлығынан хабары жоқ. Тіпті денсаулықтары да үйленуге дайын емес екенін білмейді жастар. Әне, соның кесірінен қаншама ауру балалар мен бала көтере алмаған бедеу жастар пайда болуда. Бұндай мақсатсыз, жоспарсыз құрған отаудың соңы ұрыс-керіс, бір-бірін кінәлау, екі жақтың ата-аналарына тіл тигізу, тіпті ажырасуға дейін апаруда.

Қоғамның түкпір-түкпіріне қарап көрсек, бұндай трагедиялар толып жатыр. Алайда бұнымен бас қатырып, мәселенің шешім жолын алдын-ала қарастырып, жастарды бұндай қателіктерге бармауға жол сілтеп, ақыл айтып жатқан ешкім жоқ, болса да ондай орталықтар әлсіз.

Жалпы біздің қоғам әлеуметтік ортада болып жатқан мәселелердің тек қана салдарларымен ғана күресуде. Шын мәнісінде мәселенің шешімін табу үшін мәселенің себебімен күресу, яғни болып жатқан мәселе қайдан шыққанын анықтап, сол жерден бастап оны шешумен айналысу. Алайда біздің қоғам қазірге дейін кез келген мәселе болған кезде ғана оның шешу жолдарын қарастыра бастайды. Бұндай істер болашақта осындай проблемаларға әкеліп соғуы мүмкін деген адамдарға «жаман ырымды бастама» деп аузына қақпақ болып, алда болатын қиыншылықтарға алдын-ала шешім жолдарын қарастырғысы келмейді, «бара көрермін», «көш жүре түзеледі» немесе «көппен көрген ұлы той», «жұрттың бәрі жүр ғой» деген сөздермен өздерін алдап, ақылдан гөрі сезімге көңіл беріп, ондай мәселені ойлағысы да келмейді.

Негізінде, қазақта «жаман айтпай, жақсы жоқ» деген жақсы мақал бар. Бұл мақалдың негізгі мағынасына үңілер болсақ, кез келген істі істеу барысында әуелі ол істі істеу кезінде болатын барлық қауіп-қатер, тәуекелдерді алдын-ала тәжірибе мен практикаға сүйене ақылдаса отырып, болуы мүмкін келеңсіздіктердің бәріне күні бұрын шешу жолдарын қарастырып қою деген сөз. Бұл кез келген жақсы істің бастамасына күні бұрын жаман ой мен жаман энергия жинау деген сөз емес, қайта кез келген жағдайға тосын сый ретінде емес, алдын-ала шешім жолдарымен күні бұрын дайын болу деген сөз.

Ендеше, отбасы құру, үйлену, сөзіміздің басында айтқандай, қысқа мерзімге арналған ортақтасып іс жасайтын бизнес немесе сауда емес. Бұл екі жас некесі қиылған күннен бастап, ақыретке, одан ары мәңгілікке жалғасатын ұзақ сапардағы жолдастық, бірге өмір сүру болып саналады. Сондықтан оның соңының қалай аяқталуы, Абайдың сөзімен айтқанда, «қалай басталғанына» байланысты.

Бізде «отбасы – отанның бір бөлшегі» деген ұғым бар. Ендеше, әлемдегі түрлі-түрлі мемлекеттер 50 жылдан кейін не болатынын есептеп, сол үшін Айға барып, ғарышқа ұшып, мұнай-газ құбырларына миллиардтаған қаржы құйып, болашақ 50 жылдан кейін болатын тәуекелдерге сондай дайындалып жатқаны сияқты, болашақ отанның бір бөлшегі болып саналатын отбасының да болашағына дұрыс жауапкершілікпен қарауға міндеттіміз. Себебі қанша жерден ғылым мен білім дамып, экономикамыз көтерілген сайын отбасы құндылықтарымыз жоғалуға бет алып, адамдық құндылық аяқ асты болған қоғамда дамудың да пайдасы жоқ екені белгілі.

Алайда жоғарыда айтқан экономикалық жақтан қатты дамыған елдер қанша жерден айға ұшып, ғарышты бағындырғанымен адамдық құндылық пен отбасы мәселелерінде шектен тыс азғындыққа қатты ұшырағаны белгілі. Англия, Германия сынды кей мемлекеттерде отбасысы жоқ жалғыз басты адамдардың мәселелерімен айналысатын арнайы «Жалғыз бастылар министрлігі» құрылды. осы бетімізбен кете берсек, 50 жылдан кейін мемлекет болып қаламыз ба деп алаңдай бастады.

Ендеше, Отан үшін, тіпті адамзат үшін де өте маңызды болған отбасы құру үшін де алдын-ала жоспар құрып, өмір практикаларына негізделген дайындықтар жасалуы міндетті. Алайда үйленуден бұрын қажетті барлық сақтық шараларын жасап, барлық болуы мүмкін болашақ мәселелердің алдын-ала шешімін ойлап, болдырмауға тырыссақ та, бәрібір жас жұбайлар бір-бірімен түсінісе алмай, құрған шаңырақтары теңселуі де мүмкін, сондықтан біздің айтайын дегеніміз осы кітап арқылы болашақ отбасы құратын немесе құрған жастарға, отбасыларында болған немесе болатын мәселелерді түбірімен шешпесек те, аз да болса көмекші болу.

Тіпті мәселелердің шешімі тек қана материалдық жағдайға, себептерге ғана байланысты емес, біздің жасаған сақтық шараларымыз бен құрған жоспарларымыз – тек қана «әттең, бұлай істегенде бұлай болмас еді» деген өкінішке бармаудың алғы шарты.

Бармақ тістейтін өкініштің алдын алу үшін осы сақтық шараларын жүзеге асыруға көңіл бөлу керек.

материал «Жұбайлар құпиясы» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.