Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Сәдуақас Ғылмани – Ақмола мешітінің алғашқы имамы

0 618

Кеңестік кезеңде Ислам дінін насихаттап, Қазақстан мұсылмандарының қазиы, көрнекті қоғам және дін қайраткері, аудармашы, хадисші, ақын, ел арасында «Сәкен Қалпе» атанған Сәдуақас Ғылманидың Қазақстан мұсылмандарының Кеңес кезіндегі «мүфтиі» атанғанын білесіз бе? Қасиетті Құран Кәрімнің алты жүзден астам жерінде білім алудың абзалдығы жөнінде айтылады. «Зүмәр» сүресінің 9-аятында Раббымыз «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» деп білім иелерінің жоғары құрметке ие екенін меңзейді. Міне, Исламдағы ілімнің маңызын жастайынан түсініп, білім соңына түскен Сәдуақас Ғылмани білгенін өзгеге үйретуді де ұмытпады. 24 жасында ауыл-аймақ ақсақалдарынан бата алып, Аққозы ауылында 3 жыл бала оқытады. 1916 жылғы ел ішіндегі дүрбелең жылдары, Сәкен қалпенің ұстаздық қызметі екі жарым жылдай үзіліп қалады. Рухани ұстазы Ахмет қалпе 1918 жылы Уфа қаласынан білім алып келіп, шәкірті Сәдуақасқа: «Өз заманының ғылымын білмей өлген кісі надан болып өледі» деп діни біліммен қатар дүниетану ғылымдарын да үйренуге үндейді. Ол ұстазының жол сілтеуімен болашақ ғалым тарих, ғылымхал, жағрафия секілді пәндерді оқуға ден қояды.

Кеңес үкіметі орнап, имандылық кетіп, имансыздық жайлаған заман келеді. Орыс солдаттары туған ағасы Мұқанды атып өлтіріп, туған апайы Мәпен аурудан қайтыс болады. 1922 жылдан бастап медресе-мешіттер жабылып, Сәдуақас Ғылмани қуғынға ұшырайды. Қолында қарт әкесі, екі інісі қалып, өмірінің ең ауыр кезеңдері басталады. Ел ішінде қашып-пысып өмір сүреді. 1929 жылы ғалымның өзі мекен еткен Төре ауылындағы мешіт-медресесін жауып, кітаптарын ішіне қойып, отбасын аман алып қалу мақсатымен Ақмоладағы жолдасының үйіне бас сауғалап баруға мәжбүр болады. Үлкен қызы Үкіжан апамыздың естелігінде ол туралы былай делінеді: «Әкемді екінті намазын оқып отырған жерінен үй иесімен қос түрмеге алып кетеді. Атымызды, ішіп-жеп отырған тамағымызды да алып кетті. Өзі аштықтың басталған кезі еді». Алла жолында адал қызмет еткен құлдарына Алланың көмегі бірден келетінін Раббымыз Қасиетті Құран Кәрімнің «Әнфәл» сүресінің 45-ші аятында “Әй, мүміндер! Қашан бір топ жаумен қарсылассаңыздар мықты болыңдар да, Алланы көп еске алыңдар, әрине құтыларсыңдар” деген еді.

Сәдуақас Ғылмани да тағдырға толық иман келтірушілерден болатын. Түрменің қапас бөлмесінде де бес уақыт намазын, дұғасын үзбеген, сабыр мен көркем мінез танытқан Сәдуақас Ғылманиға түрме күзетшілерінің өзі таңғалып, еріксіз құрмет тұтқан. Түрме күзетшілері нұр жүзді имамды өлімге қимай: «Молдеке, сіз Алла тағалаға шын берілген адам екенсіз, дін Исламға пайдаңыз тисін, біз сізді өліп қалды деп қағаз толтырамыз да, мына адамның құжатын сізге беріп, түрмеден шығарып жібереміз» деп, молданы Мусимов Әбдікәрім деген атпен босатып жібереді. Бұл да болса Алла Тағала «қабыл етемін» деп уәде еткеніндей, зұлымдық көрген адамның дұғасына жауап болғанының көрінісі. Сәдуақас Ғылмани түрмеден шыққанынан кейін отбасымен қауышады, Ерейментау маңындағы Еңбек деген жерге қоныстанып, ұста болып қызмет етеді. 1936 жылы байлар мен молдаларды қудалау күшейіп, Сәдуақас Ғылмани Новосібірден бірақ шығады. Бұған себеп газет бетінде жарияланған “Сәкен Ғылмани Барлыбай Олжабайдың молласы болған, тамырына балта шабылсын” деген мақала еді. Ол жақта жүріп кіші қызы Әминаның анасы Жәмиламен танысып, шаңырақ көтереді. Бірақ мұнда да қуғын-сүргін толастамай, Омбыға қоныс аударады. Осы жерде 1946 жылға дейін Мусинов Әбдікәрім атымен ағаш ұстасы болып жұмыс істейді. Сол жылдары Қазақстанда дінге рұқсат беріліп, артынша Сәдуақас Ғылманиды елден «Өзіміздің арамызда бол, елге дін үйрет» деп Мұстафа мен Сәдуақас атты екі ақсақал іздеп келеді. 1946 жыл Сәдуақас Ғылмани өміріндегі құтты жылдардың бірі болды. Дәл осы жылы Ақмолаға қайтып келген Ғылмани өз аты-жөнін қайта жариялап, жаңа құжат алады. Қуаныш үстіне қуаныш орнап, Ақмола қаласының тұңғыш мешіті бой көтереді. Оның алғашқы имамы Сәкен қалпе еді. Алла тағаланың «Тәубе» сүресінің, 17-аятында: «Алланың мешіттерін шынымен Аллаға және ақырет күніне сенген, намазды толық өтеген, зекет берген, тек қана Алладан қорыққан адамдар ғана ұстайды. Міне, солардың тура жол табушылардан болуы үміт етіледі» дегені тегін болмаса керек.

Ал бүгінде Сәкен Ғылманидың 2014 жылы ашылған мұражайы кезіндегі өзі имамдық еткен мешіттің орнында тұр. Сәкен қалпенің Ақмола өңіріне Ислам дінін жайып, мешіт ашқанын жоғары бағалаған тәуелсіз ұрпақ 2005 жылы мешітке Сәдуақас қажы Ғылмани есімін берді. Іргесі сонау Кеңес заманында қаланса да, Астана жұртшылығы үшін бұл мешіттің алар орны әрқашан ерекше.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.