Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Наиб мүфти халал саласындағы қырғызстандық әріптестермен кездесті

0 591

ҚМДБ Төрағасының орынбасары,  наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы «Halal EXPO-2022» көрмесіне арнайы келген Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы «Халал комитетінің» басшысы Бақтияр Тоқтағазыұлы мен заңгері Асқаралиев Келдібек мырзаны қабылдады. Екі тараптың кездесуіне «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы да қатысты.

Ресми кездесуде тараптар Орталық Азиядағы халал индустриясының жай-күйі жайлы пікір алысты. Күллі мұсылманға ортақ «халал» мәселесін халыққа насихаттау, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті халал өнім өндіруші кәсіпорындар санын арттыру, екі елдің халал стандарттау және сертификаттау жүйесінде өзара тәжірибе алмасу, мамандардың білімін жетілдіру, тұтынушылар арасында «халал» таңбасына деген сенімділікті қалыптастыру, т.б. мәселелері талқыланып, бауырлас елдердің ортақ мүдде мен мақсат үшін бірлесіп қызмет етудің маңыздылығына тоқталды.

«Қырғыз – қазақ халқына ең жақын ұлт. Біздің дәстүріміз бен дініміз, мәзһабымыз бен мәдениетіміз бір. Ортақ құндылықтарымыз көп. Діни, рухани, халал бағытындағы әріптестік байланысымызды әрқашан жандандырып отыруымыз – татулығымыздың жарқын көрінісі. Қазақстан мен Қырғызстанның Діни басқармалары әрдайым өзара ынтымақтасып жұмыс жасап келеді. Бұл екі елдің алған бағыты бір, құндылықтары ортақ екенін паш етеді. Сіз бен біздің мақсатымыз – Алланың бекіткен халал тақырыбын насихаттау, халал индустриясы саласы бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру, екі ел нарығында халал өнімдерді арттырып, тұтынушыларды адал өніммен қамтамасыз ету», – деп атап өтті Е.Ағыбайұлы

Бақтияр Тоқтағазыұлы «Халал Даму» ұйымының стандарттау және сертификаттау саласында атқарып жатқан қызметін жоғары бағалап,«HALAL EXPO-2022» көрмесінің жоғары деңгейде өткендігін айтты. Сонымен қатар,  «Халал Даму» тәжірибесін пайдалана отырып,   өз елдерінде де стандарттау және сертификаттау саласын жетілдіретіндерін жеткізді.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.