Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Алланың жәрдеміне жеткізетін іс-әрекеттер

0 533

Әбу Һурайрадан риуаят етілген хадисте Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) былай дейді: «Кімде-кім мүмин бауырының дүниедегі қиыншылықтарының біреуінен құтқарар болса, Алла оның ақыреттегі қиыншылықтарының біреуінен құтқарады. Кімде-кім басына іс түскен адамға қол ұшын беріп, ісін жеңілдетер болса, Алла ондай кұлдың дүние мен ақыреттегі ісін жеңілдетеді. Кімде-кім мұсылман бауырының қателігі мен күнәсін жасырар болса, Алла да оның дүние мен ақыреттегі қателігін жасырады. Қандай да бір Алланың кұлы дін бауырына жәрдем берсе, Алла да оған жәрдем береді» (Бұхари, Мәзалим 3; Мүслим, Бирр 38).
Хадиске түсініктеме:
Имам Нәуауи былай дейді: «Бұл хадис барлық білімді, қағида мен әдепті бір жерге жинақтаған ауқымды хадис».
Мұсылман пенденің Алланың құзырында игі құрметіне бөленуінің жолы: басына түскен қайғы мен қасіретке сабыр сақтап, өзге адамдарға қызмет көрсету арқылы болмақ. Мұсылмандарға қол ұшын беріп, жақсылық жасау Алла Тағаланың жақсы көретін амалдарының бірі. Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.): «Алланың құзырындағы ең сүйкімді амалдардың бірі мүминдердің жүрегінде қуаныш отын жағу немесе мүминнің басына түскен қиыншылығынан құтқару, сондай-ақ оның қарызын өтеу мен аш болса тойдыру да осыған кіреді» деген.

Мұсылмандарға жәрдем беру олардың қажетін тауып беру, итикафтан (ораза айының соңғы он күнінде мешітте жасалатын құлшылық) әлде қайда артық. Өйткені, Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.): «Кімде-кім мұсылманның мұқтажы үшін күндіз-түні жүгіріп жүрсе, итикафтан әлдеқайда артық» – деген.

Қызмет жасау әрбір мұсылманның қолынан келе бермейтін іс. Өйткені, мұндай іс өте қарбалас әрі өте қиын. Сондай- ақ қыруар күш жұмсауды талап етеді. Сондықтан да Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.): «Алла Тағала бір топ құлдарын адамдарға қызмет ету үшін жаратқан. Адамдарға қолынан келгенше жәрдем береді. Алла оларды азаптамайды» деген».

Қари әл-Мунзир осы хадис жайлы былай деген: «Ұстазыма осы хадисті оқыдым. Ұстазым: «Өте тамаша хадис. Мұсылмандарға жәрдем беріңдер деген мағынада қырық хадис жина» – деді. Содан кейін сол жайлы қырық хадисті жинап жазып шығардым».

Бұл мағынадағы хадистерден мынадай қорытынды жасауға болады:

1. Ислам қоғамында бауырға жәрдемдесу басты міндет.
2. Мүминдерге жәрдем беру қиямет күні жәрдем ретінде алдымыздан шығады.
3. Тығырықтағы адамға жәрдем беруге шақырады.
4. Мұсылманның қателігін жасыруға үндейді.
5. Мұсылман бауырына жәрдем берген адамға, Алла да жәрдем береді.
6. Барша мұсылмандар осы хадистен үйренгендерін бойына сіңіріп, бір-біріне қол ұшын беруді әдетке айналдыруы қажет.

материал «Әйелдер тұрғысында 40 хадис» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.