Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласына қарасты Жастар-2 ықшамауданында Алланың үйі – мешіт жаңадан бой көтеріп, жамағатқа есігін айқара ашты.
Имандылық ұясының ашылуына ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, өңір басшылары, жергілікті зиялы қауым өкілдері, ақсақалдары, қала тұрғындары мен қонақтары, БАҚ өкілдері және имам-ұстаздар қатысты.
ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Оңғар Ершат Ағыбайұлы құттықтау сөзінде:
«Қадірлі де киелі Жетісу жұртшылығы, сіздерге Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізе отырып, жаңа мешіттің ашылуымен құттықтаймын. Мешіттің іші жамағатқа толып, жер жәннаты Жетісудың рухани ордасына айналғай» деп жылы лебізін жеткізді.
Сондай-ақ наиб мүфти мұсылмандар атынан мешіт салған кәсіпкер азаматтарға, мұрындық болған барша ағайынға ризашылығын білдіріп, ҚМДБ Төрағасының арнайы алғыс хатымен марапаттады. Ал сәулеті мен келбеті келіскен, 300-ге жуық жамағатты бір мезетте қамти алатын мешітке Құран кітабымен қасиетті аяттар жазылған естелік сыйлықтар тарту етті.
Өңір басшылары да өз кезегінде құттықтау лебізін бөлісіп, жергілікті ақсақалдар бата берді.
Білімі жоғары, жаста болса іскер маман, орталық «Иман» мешітінің ұстазы Мұқиятұлы Нұрсұлтан Бас мүфти бұйрығымен жаңа мешіттің имамы болып тағайындалды.