Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Алла жақсы көріп, разы болған пендесінің дұғасы

0 51

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Шын мәнінде Алла Тағала: «Кім менің сүйікті құлыммен жауласса, Мен оған қарсы соғыс жариялаймын. Пендемді Маған жақындататын амалдардың ішіндегі Мен үшін ең сүйіктісі – оған парыз еткен амалдарым. Ал пендем Маған қосымша амалдармен жақындаса, Мен оны одан сайын жақсы көре түсемін. Мен оны жақсы көрсем, еститін құлағы, көретін жанары, ұстайтын қолы, жүретін аяғы боламын. Егер ол менен қажетін сұраса беремін. Мен арқылы сақтанса, сақтаймын. Мен басқа істе дәл мүміннің жанын алар кезде қобалжығанымдай қобалжымадым. Ол өлімді жек көреді, ал Мен оның қиналғанын ұнатпаймын, – деп айтты», – деді», – деген.

Алланың алдында осындай биік дәрежеге жеткен сүйікті пенде егер Аллаһтан бір нәрсе сұраса, Ол сөзсіз береді және Оның атымен сақтанса, сақтайды. Егер дұға етсе, Раббы Тағаланың тарапынан берілген кереметтің арқасында дұғасы қабыл болатын адамға айналады. Алдыңғы толқын мұсылмандары сондай сипатпен белгілі болған.

Рубәйғ бинт Надр деген әйел бір ансарлық әйелдің алдыңғы тісін сындырады. Рубәйғтың туыстары тісі сынған әйелдің жұртына құн төлеуді ұсынады. Бірақ олар құн алудан бас тартады. Олар кешірім өтінеді, онда да бас тартады. Алла елшісі (с.а.с.) олардың арасына қарымта қайтару туралы үкім шығарады. Сонда Рубәйғтың ағасы Әнәс ибн Надр (Алла оған разы болсын): «Рубәйғтың тісі қалайша сынбақшы? Өзіңді ақиқатпен жіберген (Алла) пен ант етейін! Оның тісі сынбайды», – дейді. Осыдан кейін тісі сынған жақ құн алуға разылық білдіреді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Алланың сондай құлдары бар, егер олар ант ішсе Аллаһ антын орындайды», – деген.

Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Қаншама жыртық киімді, әлсіз әрі жұртқа әлсіз болып көрінетін адамдар бар, алайда, егер олар Аллаға антішсе, олардың антын орындайды. Солардың бірі – Бара ибн Мәлик», – деді», – деп айтқан.

Әт-Тирмизидегі нұсқасында бұл хадис: «Қаншама шашы қобыраған, қоңырқай өңді, жыртық киімді, көзге ілінбейтін адамдар бар, егер олар Аллаға ант ішсе, олардың дұғаларын қабыл етеді. Солардың бірі – Бара ибн Мәлик», – делінген.

Қан майданда кәпірлермен шайқас қызып, мұсылмандарға ауыр тиіп жатқан шақтарда әскерлер: «Уа, Бара! Раббыңа ант ішсеңші», – деп өтінетін. Сонда ол: «Уа, Раббым! Олардың денелерін бізге сыйла!» – деп дұға жасап, артынша дұшпандары жеңіліске ұшырап жататын.

Тустар шайқасы күні ол: «Уа, Раббым! Олардың денелерін бізге сыйла, мені ең алғашқы шәһид ет!» – деп дұға етті. Айтқанындай дұшпандар ойсырай жеңілді, ал Бараның өзі Алла жолында мерт болды.

материал «Дұға – құлшылық өзегі» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.