Әдебиетші әбул Хасан әл-Фәли деген кісіде Ибн Дурайдтың өте құнды «әл-Жамһара» кітабының көшірмесі болған. Қажеттілік туындап, ғалым аталған нұсқаны сатуға мәжбүр болады. Нұсқаны әш-Шәриф әл-Муртада Әбул Қасым 60 динарға сатып алып, кітапты парақтап отырғанда, iшiнен кітапты сатқан Әбул Хасан әл-Фәлидің қолымен жазылған келесідей өлең жолдарына көзi түседі:
«Жиырма жылдан бері достасып келген кiтабымды сатып жібердім. Сатқаннан кейін оған деген сағыныш пен құштарлығым арта түсті. Мойнымдағы қарыздарым мені өмір бойы зынданға тоғытса да, кітабымды сату ойыма келмеген еді. Алайда әлсiздiгiм мен кедейлiктi, кiшкентай балаларымды ойлағанда көз жасымды тия алмадым. Мұңға батқан жүректің күйініші еріксіз көзден жас ағызды.
Уа, Умму Мәлiк! Мына мұқтаждықтар адамға қимайтын асыл дүниесін құрбан қылуға мәжбүрлейді екен».
Сатқан кісінің осынау жүрек-жарды сөздерін оқыған әш-Шәриф әл-Муртада кітапты қайтадан сатқан иесiне қайтарып, онымен қоса динарларды да қалдырып кетеді.
материал «Ғұламалардың сабыры» кітабынан алынды,
sunna.kz