Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Адамдардың тура жолды таңдауына себеп болған сахабалар

0 586

Амр ибн Жәмухтың Исламға кіруі үшін баласы мен Муаз ибн Жәбәлдің жасағандары

Ибн Ысхақ айтады: Ансарлар Ақабада Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) серт бергеннен кейін, Мәдинада Исламның іргесі бекіп, күшейе түсті. Бірақ, араларында мүшріктер әлі де болса кездесетін.

Солардың бірі – Амр ибн Жәмух. Оның баласы Муаз Ақабада болып, Пайғамбарымызға серт берген еді. Амр Сәламаұлдарының ақсүйектерінен болатын. Басқа да тектілер секілді ол да үйіне Мәнат деген ағаш пұт істеткен болатын. Күн сайын сол пұттың тазалығын қадағалайтын. Сәламаұлдарынан Муаз ибн Жәбәл, Амр ибн Жәмухтың баласы Муаз және басқа да Исламға кірген бір топ жастар түн жамылып барып, аталмыш пұтты алып, Сәламаұлдарының қоқысына тастайды.

Таңертеңгісін пұтты орнынан таба алмаған Амр: «Бүгін түнде тәңірімізге қай оңбаған жауыздық жасады?» – деп қалтарыс-бұлтарысқа дейін сүзіп, іздеуге кіріседі. Тауып алып, шаң-тозаңын сүртіп, оған хош иістер сеуіп: «Аллаға ант етемін, мұны жасаған адамды ұстасам, көресіні көрсетер едім», – дейді. Түн қараңғылығында әбден ұйқыға кетті-ау дегенде, жастар пұтты тағы қоқысқа тастайды. Бұл қолайсыз жағдай бірнеше рет үсті-үстіне қайталанды. Бірде ол пұтты әбден тазалады. Үстіне хош иіс септі. Содан соң мойнына қылышын іліп, «Бұларды саған кім істеп жүргенін білмеймін, қолыңнан келсе, өзіңді қорға, міне, қылыш», – деп тастап кетеді.

Үшінші түні де жастар пұттың мойнындағы қылышты алып, оған өлген итті қосақтап шұңқырға тастайды. Ертеңіне Амр өлген итке қосақталған пұтты шұңқырдан тауып алады. Өзінің ағаттығын түсініп, мұсылман болғандарға барып, иман келтіріп, Исламға кіреді. Кейін ол нағыз мүмін атанды.

Әбу Дәрданың Исламға кіруі және сол жолда ибн Рауаханың жасағандары

Уақиди былай деп жазады: «Әбу Дәрда (р.а.) өзінің отбасы ішінде Исламды қабылдаған соңғы адам болатын. Пұтқа әлі табынып жүрген кезі еді. Пұттың бетін сүлгімен тұмшалап қоятын. Абдуллаһ ибн Рауаха оны Исламға шақыратын, ал ол оның сөзін құлағына да қыстырмайтын. Ибн Рауаха Исламнан бұрын Әбу Дәрдамен туысқан еді. Күндердің күні Ибн Рауаха әдеттегіше Әбу Дәрданың үйіне бет алады. Анадайдан Әбу Дәрданың үйінен шығып, басқа жаққа кетіп бара жатқанын байқап қалады. Ол Әбу Дәрданың табалдырығынан аттайды, әйелі шашын тарап отыр екен. Одан: «Әбу Дәрда қайда?» – деп сұрайды. «Жаңа ғана шығып кетті», – дейді әйелі ештеңеден қаперсіз.

Ибн Рауаха (р.а.) қолына балта алып, пұт тұрған жерге кіріп, ішінен шайтандардың есімін күбірлей жүріп әрі «Алланың жанында тәңір деп аталған барлық нәрсенің негізі, тамыры жоқ» деген өлең жолдарын қайталай айтып, пұтты қиратып тастайды. Балтаның даусын естіген үй иесі: «Ибн Рауаха, бұның не?!» – деп айқайлайды. Ибн Рауаха (р.а.) түк болмағандай ол жерден қарасын батырады. Әбу Дәрда жылап отырған әйелінің үстінен түседі. «Не болды?» – деп, мән-жайды сұрағанда, «Бауырың Ибн Рауаха келіп, пұтты қиратып кетті», – дейді.

Әбу Дәрданың талағы тарс айырылады. Сабасына түскен соң, ішінен: «Пұттың қолынан бір нәрсе келсе, өзін қорғап қалар еді ғой», – деп ойлайды. Ибн Рауаханы тауып алып, Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) барып, мұсылман болады».

Омардың Амр ибн Асқа жіберген жизия мен тұтқындары туралы хаты

Зияд ибн Жәзәз әз-Зубәйди былай дейді: «Омардың (р.а.) халифалығы кезінде Александрияны алғаннан кейін, Бәлхибте болып, мүміндер басшысының хатын күттік. Хат келді. Хатты Амр ибн Ас оқыды. Хатта былай жазылған еді: «Хатыңды алдым. Александрия басшысының жизия төлейтінін, алайда тұтқындарды қайтаруды талап еткенін жазыпсың. Ант етемін, бізге және бізден кейінгі мұсылмандарға тұрақты табыс көзі болып табылатын жизия тұрақсыз олжадан артық. Осыған орай қолдарыңдағы тұтқындарға Ислам мен қауымдарының дінінің бірін таңдау еркін беріп, Александрия басшысына жизия төлеуді ұсыныңдар. Исламды таңдаған тұтқын мұсылмандардың қатарына қосылған болып саналады. Өз қауымының дінін таңдағандарға жизия жүктеледі. Тұтқындардың ішінен араб жеріне, Мекке, Мәдина және Йеменге кеткендерін кері қайтаруға күшіміз жетпейді. Сол себепті қолымыздан келмейтін мәселеде бейбіт бітім жасау дұрыс емес».

 Амр (р.а.) мүміндердің әміршісі Омар (р.а.) жазған хатта айтылған талаптарды жеткізу үшін, Александрия басшысына елші жібереді. Ол «Қабылдадым» деген жауап айтады. Риуаят етуші әңгімелейді: «Жасалған келісімшарт бойынша, қолымыздағы тұтқындарды жинадық. Христиандар да жиналды. Сосын біртіндеп қолымыздағы тұтқындарды әкеліп, оларға Ислам мен христиандықтың бірін таңдау еркін бердік. Олардан Исламды таңдаған біреу болса, біз Александрияны бағындырғаннан бетер қуанып, дауыстап тәкбір айттық. Ал, өз сенімінде қалған христианды жақтастары мұрын астынан міңгірлеп, қуанышын осылай білдіріп жатты. Ал біз оған жизия жазып отырдық. Сөйтсе де, бұған арамыздан қандыкөйлек достарымыздың бірі кетіп қалғандай қатты қынжылдық. Соңына дейін осылай жалғасты.

Әкелінген тұтқындардың арасында Әбу Мәриям Абдуллаһ ибн Абдуррахман деген біреу бар еді. Зубәйдұлдарының білгірі болатын. Оны тоқтатып, Ислам мен христиандықтың бірін таңдауды ұсындық. Ол ата-анасы және қарындастары христиан екендігіне қарамастан, Исламды таңдады. Біз оны қатарымызға қосып алдық. Ата-анасы мен қарындастары ара түсіп, оны бізден бөліп алуға тырысты, тіпті әрі-бері тартқылап үстіндегі киімінің жұлма-жұлмасын шығарды. Қазір ол біздің білгіріміз».

Али мен әлдебір христиан арасында болған сауыт оқиғасы және сол христианның Исламды қабылдауы

Хакимнің Шағбиден алған риуаяты бойынша, Жамал оқиғасында Алидің (р.а.) сауыты жоғалады. Сауыт әлдебір христианның қолынан табылады. Өз сауытын жазбай таныған Али христианның үстінен Шурәйхке шағымданды. Баласы Хасан мен азат құлы Қанбер куәгерлері болатын. Шурәйх: «Хасанның орнына басқа куәгер әкел», – дейді. «Хасанның куәгерлігі қабылданбайды ма?», – деп сұрағанда, қазы Шурәйх: «Иә, мен мұны сенен үйрендім. Баланың әкесіне куәгер болуы дұрыс емес деген болатынсың», – дейді. Хакимнің басқа риуаятында былай делінген: «Шурәйх Алиге: «Азат құлыңның куәгерлігін қабылдаймыз. Бірақ балаңның куәгерлігін қабылдамаймыз», – дейді. Али: «Жаның шыққыр! Омардың (р.а.) «Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Хасан мен Хусейн жұмақ халқы ішіндегі жастардың ең қадірлілері» дегенін риуаят еткенін естімедің бе?» – дейді. Сөйтсе де, Шурәйх христианға: «Сауытты ал, ол сенікі», – деп, үкім шығарады. Христиан: «Мүміндердің әмірі менімен бірге мұсылмандардың қазысына барды. Қазы дауды оның пайдасына шешпеді. Ол оған ризалық білдірді. Ей, мүміндердің әмірі, уаллаһи, сен дұрыс айттың, бұл сауыт сенікі. Түйеңнен түсіп қалыпты, мен алған едім.

Куәлік етемін, Алладан басқа ғибадатқа лайық тәңір жоқ, Мұхаммед Алланың расулы» дедім», – дейді.

Ол Исламға кіргеннен кейін, Али сауытын және оған қоса жеті жүз дирхам ақша береді. Бұл адам әрдайым Алидің қасынан бір елі қалмайтын. Кейіннен Сыффин соғысында шейіт болды».

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.