Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Исламның негіздері үшін берілген серт

0 824

Бәшир ибн Хасасияның сертіБәшир былай дейді: Серт беру үшін Пайғамбардан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Менен қандай мәселе бойынша серт аласың, уа, Расулалла?» – деп сұрадым. Алла расулы қолын созып: «Жалғыз әрі серігі жоқ Алладан басқа ғибадатқа лайық тәңір жоқ екеніне, Мұхаммедтің Алланың құлы және расулы екеніне куәлік келтіресің, бес уақыт намазды уақтылы оқисың, парыз болған зекетті бересің, рамазан оразасын ұстайсың, Бәйтуллаһқа қажылыққа барасың және Алла жолында жиһад жасайсың», – деді. Мен: «Уа, Расулалла, екеуінен басқасының бәріне шамам жетеді. Бірақ екеуін орындай алмаймын. Оның бірі – зекет. Менің бар-жоғы саусақпен санарлық түйем бар. Олар отбасымның қажетін әзер өтейді. Екіншісі – жиһад. Мен қоян жүрекпін. Алайда халық соғыстан қашқан адамның Алланың азабына ұшырайтынын айтады. Шайқас кезінде жан сақтау үшін майданды тастап қашып кетемін бе деп, қорқамын. Соғыстан қашсам, Алланың азабына ұшырармын», – дедім. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қолын жұмды да, алақанын жазып: «Бәшир! Зекет пен жиһадқа келіспейсің. Сонда сен жұмаққа немен кірмекшісің, айтшы?» – деп сұрады. Сонда мен: «Уа, Расулалла! Қолыңды бер, саған серт берейін», – дедім. Алла расулы қолын созды, мен айтқан міндеттерінің бәрін орындауға серт бердім».

Жәрир ибн Абдулланың Ислам негіздері үшін серт беруі

Жәрир (р.а.): «Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) намаз оқитындығыма, зекет беретіндігіме және әрбір мұсылманға үгіт-насихат жүргізетіндігіме серт бердім», – дейді.

Имам Ахмад ибн Ханбәлға Жәрирден (р.а.) жеткен бір риуаятта Жәрир (р.а.) былай деген: «Уа, Расулалла, нелерге серт беретінімді сен айт, өйткені сен менен артық білесің». Алла  расулы: «Бір Аллаға ғибадат ету, Оған еш нәрсені серік етіп қоспау, намаз оқу, зекет беру, әр мұсылманға уағыз айту және ширктен аулақ болу шартымен сенің сертіңді қабылдаймын», – дейді.

Табаранидың риуаяты бойынша, Жәрир (р.а.) Пайғамбарымыздың алдына барғанда, Расулалла: «Жәрир, маған қолыңды соз», – дейді. Жәрир: «Уа, Расулалла, неге серт берейін?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Аллаға бар болмысыңмен берілуге және әрбір мұсылманға үгіт жүргізуге серт бересің», – дейді. Зерек, алғыр Жәрир: «Уа, Расулалла, шама-шарқым жеткенінше», – деп қосып қояды. Жәрирдің бұл сөзі өзінен кейінгілерге де рұқсаттың берілуіне себеп болды.

Ауф ибн Мәлік пен жолдастарының Ислам негіздеріне бағыну және тіленбеу, ешкімге алақан жаймауға серт беруі

Ауф ибн Мәлік әл-Әшжаи (р.а.) былай дейді: «Біз, жеті-сегіз адам, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) алдында отырған болатынбыз. Бізге: «Сендер Алланың расулына серт бермейсіңдер ме?» – деді. Осы сұрағын үш рет қайталады. Біз қолымызды создық, ол сертімізді қабылдады. Біз: «Уа, Расулалла, саған серт бердік, бірақ қандай негіздерге?» – деп сұрадық. «Аллаға  ғибадат жасауға, Оған еш нәрсені серік етіп қоспауға, бес уақыт намазды оқуға», – деді де, ақырын дауыспен «және ешкімнен еш нәрсе дәметпеуге» дегенді қосып айтты.

Риуаятшы айтады: «Мен осы адамдардың біразын көрдім, тіпті қамшысы жерге түсіп кетсе, біреуге «Қамшымды әпер» демейтін, көлігінен түсіп, өздері алатын».

Сахабалардың пайғамбарымыз бен халифаларға серт беруі

Сәхіл ибн Сағыдтың және басқа да кісілердің Алла расулына серт беруі Сәхіл ибн Сағыд (р.а.) айтады: «Мен Әбу Зәрр, Убада ибн Самит, Әбу Саид әл-Худри, Мұхаммед ибн Мәслама және тағы бір кісімен бірге Алла жолында біреудің айыптағанына шағым айтпауға Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) серт бердік. Алайда алтыншы адам берген сертін бұзуды қалады. Пайғамбарымыз оның берген сертінің мән-маңызы мен күшін жойды.

Убада ибн Самит (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) серт берген сол алты адамның бірі мен едім. Аллаға еш нәрсені серік етіп қоспау, ұрлыққа бармау, зинақорлық жасамау, кісі өлтірмеу, тонамау, дінге қарсы келмеуге серт бердік. Осыларды орындайтын болсақ, жұмақтың берілетіндігі, бұл күнәлардың бірін істеген адамның үкімін Алла шығаратындығы айрықша білдірілді.

Ибн Жәрирдің Убада ибн Самиттен жеткізуі бойынша, Убада былай деген: «Бір күні Пайғамбарымызбен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге отырған едік. Бізге «Қандайда бір жанды-жансыз нәрсені Аллаға серік етіп қоспау және зинақорлық жасамауға маған серт беріңдер. Уәдесінде тұрған адамның сыйын Алла береді. Осы жамандықтардың біріне ұрынып, күнәсін Алладан жасырған адамдардың нақты үкімі Аллаға тән. Қаласа, азапқа тартады, қаласа, кешіреді» деді».

Убада ибн Самит пен жолдастарының «Бірінші Ақабадағы» серті

Убада ибн Самит былай дейді: «Біз «Бірінші Ақабада» он бір адам болатынбыз. Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әйелдердің берген сертіндей серт бердік. Өйткені бұл серт соғыстың парыз етілуінен бұрын берілген болатын. Біз мына мәселелер бойынша серт бердік: Аллаға еш нәрсені серік етіп қоспаймыз, ұрламаймыз, зинақорлық жасамаймыз, абыройлы кісінің арына дақ түсірмейміз, балаларымызды өлтірмейміз, әрбір игі істе сізге қарсы келмейміз. Алла расулы (с.а.с.) сосын былай бұйырды: «Сөзінде тұрған адамға жұмақ бар. Бұл жамандықтардың бірін жасаған адамның жағдайы Аллаға тән: қаласа, азаптайды, қаласа, кешіреді».

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.