Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ислам дінін қабылдаған алғашқы алтыншы мұсылман

0 731

Бірде Меккедегі танымал адамдардың бірі Үммі Әнжар базарға барып, шаруасына қолғабыс ететін құл таңдады. Әрбір құлды жеке-жеке тексеріп өзі зерек, денсаулығы мығым, көзі от шашқан бір баланы кезіктірді. Іле ақшасын төлеп, ертіп кері қайтты. Жол үсті Үммі Әнжар баладан жөн сұрағысы келді:
– Атың кім?
– Атым – Хаббаб.
– Ал әкеңнің есімі кім?
– Әрат.
– Қай жерден боласың?
– Нажидтен боламын.
– Онда сен араб болдың ғой.
– Иә, оның үстіне Бәні Тәмим тайпасынанмын.
– Олай болса, Меккедегі құл сатумен айналысатын саудагерлердің қолына қалай түстің?
– Араб тайпаларының бірі бізге тұтқиылдан шабуыл жасап, бар малымызды айдап кетті. Әйелдер мен балаларды тұтқынға алды. Мен сол тұтқындардың бірімін. Бұрын да әр түрлі адамдардың қолына түсіп қалғаным бар.

Үммі Әнжар жас құлды Меккеде қылыш жасайтын бір ұстаға табыстады. Хаббаб ұстаның жанында жүріп бұл өнерге әбден машықтанды. Іскерлігі пен жауапкершілігіне сенім артқан қожайыны уақыт өте келе Хаббабқа бір дүкен ашып берді. Бара-бара ол нағыз шебердің біріне айналды. Жасаған қылыштарына ел тамсанды. Бірақ Хаббаб кейде Мекке халқының надандығына қатты қынжылатын. Сондай кездері өз-өзін: «Әрбір түннің артынан таң атпай ма? Бізге де бір таң атар», – деп жұбататын.

Қуанышына қарай, үміт еткен таң шапағы көп күтірмей арайлады. Бір күні Хашым ұрпағынан бір кісі шығып, бүкіл адамзатты жақсылық пен ізгілікке шақыра бастады. Пұтқа табынуды тыйып, жалғыз Аллаға иман етуді үгіттеді. Бұны естігенде Хаббаб ақ жүрегі алып ұшып дереу Пайғамбарымызға (с.а.с.) жолығып, ақиқат дінді қабылдады. Ол Ислам дінін қабылдаған алғашқы алтыншы мұсылман болды.

материал «Ғибратты оқиғалар» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.