Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Мұсылманға білімнің парыз болуы

0 624

Әнас ибн Маликтен (Алла разы болсын) риуаят етілген хадисте былай делінеді: «Алла елшісі ﷺ: «Әрбір мұсылманға білім іздеу – парыз», – деп айтты» (Ибн Мәжа, Бәйһақи).

«Парыз» сөзі дінімізде екі түрлі мәнде қолданылады. Бірі – парыз айн, екіншісі – парыз кифая. Парыз айн – әрбір мұсылман орындауға міндетті амалдар. Мысалы, бес уақыт намаз, ораза т.б. Ал парыз кифаяға қалың қауымның ішіндегі белгілі бір адамдар орындаса, басқалардың да мойнынан жауапкершілік түсетін амалдарды жатқызамыз. Мысал ретінде жаназа намазын айтуға болады. Бір топ кісі жаназа намазын оқитын болса, басқалардың мойнынан ол міндет түседі. Кейбір мәселелерді оқып үйрену парыз айн болса, кей салаларды үйрену парыз кифая болып саналады. Білім үйрену үкімі өз ішінен алтыға бөлінеді:

Парыз кифая
Бір топ адам үйреніп алса, басқалар үйренбей-ақ қойса болатын салалар болады. Мысалы, математика, медицина, лұғат және араб тілі грамматикасы сынды салаларды жұрттың бәрі тегіс үйренуге міндетті емес. Бұл салаларды белгілі бір адамдар оқып үйренсе, қалың көпшіліктің мойнындағы парыз орындалған болып есептеледі.

Парыз айн
Бұған әр мұсылман міндетті түрде орындауға тиіс амалдар кіреді. Мысалы, дәрет алу, намаз оқу, ораза ұстау т.б. Бұларды әрбір мұсылман білуі керек. Сондай-ақ саудамен айналысатын кісі үшін діндегі сауданың үкімдерін, шарттары мен қағидаларын үйрену парыз болып саналады. Некесін қидыратын адам неке үкімдерін білуге міндетті. Мұсылман адам қай іспен айналысса да, сол істің дініміздегі жоралғы-жүйесін жете танып алуы шарт.

Мәндуб
Амал еткен кісіге сауап жазылады. Амал етпегенге сауап та, күнә да жоқ. Мысалы, бір саланы терең үйреніп, ғалым болуды айтуға болады. Ғалым адам көл-көсір сауапқа кенеледі. Ал ғалым болмаған адам ешқандай күнә арқаламайды.

Харам
Үйрену харам болған ілімдер. Сиқыршылық, балгерлік, көріпкелдік сияқты істерді осы топқа жатқызамыз. Шариғат үзілді-кесілді тыйым салған дүниелердің бәрі осы санатқа кіреді.

Мәкруһ
Жасалынуы құп көрілмеген, жағымсыз амалдар. Көпке келтірер пайдасы жоқ өнер түрлерін үйрену мәкруһ болып саналады.

Мубах
Бұған орындалуы мен орындалмауы бір дәрежеде болған амалдар кіреді. Амал еткен адам сауап алмайды, ал орындамаған кісі күнәға батпайды. Құмарлыққа бастамайтын, ұятты жерлерге қатысы жоқ қара өлеңдерді үйренуді осыған мысал ретінде келтіруге болады.

Парыз амалдар өз арасында әртүрлі дәрежеге ие. Кейбір парызды басқа парыздан бұрын орындау қажет болады. Адамдар үшін әуелі үйрену парыз, амал ету одан кейінгі дәрежеде тұрады. Хадисте айтылғандай, білім үйренуді әуелгі орынға қойғанымыз жөн. Содан кейін үйренгенімізге сәйкес амал ете бастаймыз. Ал енді бұл керісінше болса ше? Адам баласы өз ойымен дүниесі мен ақыреті үшін пайдалы істерді нақты біле алмайды. Кей ісі оған сай келіп жатса, кей істері адастырып тынуы мүмкін.

Парыздың ішінде парыз бар ма? Иә, білім мен амал үшін ықылас парыз. Өйткені ықылас – үйренілер білімнің, жасалар амалдың кілті. Білімге деген ықыласы болмаған шәкірттің ғалым не қоғам қайраткері болуы неғайбыл. Ықыласы болмаса, алған білімінің берекесін көре алмай, қымбат уақытын құр өткізіп алу қаупі де жоқ емес. Білім ала алмаған адамдар кейіннен ұстаздарын кінәлап жатады.

Амалдан кейін парыз бар ма? Иә, қорқу мен үміт арасында болу қажет. Адам өз амалын артық көріп, тоқмейілсіп кетпеуі қажет болғанындай үмітсіз де болмауға тиіс. Намаз оқитын адам тек намазына арқа сүйеп, соны жеткілікті дей алмайды. Діннің әрбір амалын орындауға ұмтыла бергені жөн.

материал «Хадис – ғылым бұлағы» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.