Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қазақ ұлтының парасатты көсемі

0 725

Қазақ халқының тарихы ұлы тұлғалар мен тарихи оқиғаларға толы. Жүрегі «қазақ» деп соққан әр азамат ата – бабалары қалдырған ұлттық тарихты ұмытпай, келешек ұрпаққа жеткізу «аманат» екенін түсінуі керек. Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев: «Ғасыр басындағы мемлекет мүддесін ойлаған ұлты қазақтардың жеке басының тағдыры да қасіретті болды. Алайда, ұлттық жігер мен толысқан зерде сабағы ұмыт болған жоқ. Жүзжылдықтың алғашқы жартысындағы қазақ зиялыларының жеке басының қасіретімен қатар, өрілген қызметі өзінің бірегей құбылыс ретінде тұжырымды деңгейімен ғана емес, азаматтық һәм адамгершілік деңгейімен де осы заманмен үндес», – деп, Алаш тарихын халыққа толық жеткізуге уақыттың келгенін көрсетті.

Тарихта аттары қалған, қазақ халқы үшін, тәуелсіздік үшін күрескен, ұлт болашағы үшін құрбан болған Алаш арыстарының ұлы жолдарын үлгі ете отырып, келер ұрпақтың санасына сіңіру біздің басты борышымыз. Ұлт көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлімхан Ермеков, Нығмет Нұрмақовтардың ел мүддесі жолындағы еңбектері зор.

Қазақтың ХХ ғасыр басындағы ұлт – азаттық қозғалысының негізін салушы, көсемі, халқымыздың тұңғыш саяси Алаш партиясының ұйымдастырушысы және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғұлама ғалым – ормантанушы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, дарынды публицист Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан халқы үшін, жарқын болашағы үшін аянбай қызмет етті.

Әлихан Бөкейхан 1914 жылы жазған мақаласының бірінде «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» – деп жазды. Әлихан Бөкейхан соңғы демі біткенше осы сертіне адал болып қалды [1,2].

Қазақ халқының өз мемлекеттігін құру жолындағы қозғалысын ұлттық интеллигенция басқарды. Ол топтың басында көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің тұңғыш төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов тұрған еді.Әлихан Бөкейханның саяси көзқарасының пісіп жетілуіне, кейін белгілі саяси, қоғам, мемлекет қайраткері әрі қазақ ұлт азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы және көсемі ретінде танылуына, саяси күрескер ретінде шыңдалуына Омбыдағы күндері ерекше ықпал етеді. 1896 жылдан Әлихан Бөкейхан ғылыми жұмысқа біржола көшеді. Сол жылы Сібір ғалымдарының кепілдемесімен Императорлық орыс географиялық қоғамы Батыс-Сібір бөлімшесінің толық мүшесі болып сайланады.

1896 жылдан 1901 жылға дейінгі уақытта Тобыл губерниясын экономикалық жағынан зерттеу жөніндегі Щербинаның экспедициясы құрамында қызмет етеді. Ол қазақтың жер қауымдастығының тарихын зерттеп, үлкен ғылыми мәні зор жаңалықтар ашады. Сол кезеңде үлкен сипат алып отырған жерді пайдалану мәселесін Әлихан Бөкейхан тарихи деректер негізінде тың әрі көңілге қонымды қорытындылар жасайды [2,31-34]. Осы Щербина экспедициясы құрамындағы зерттеу жұмыстары нәтижесінде Әлихан Бөкейханның шежіре мен ұлттық тарихы тақырыбына ізденіс етуіне оң әсер етті. Әлихан қазақ жерлері әрбір рудың өз мекені – қыстау-жайлауы, өзен-суы, құдықтары, яғни ол жерлер арғыдан қоныс қылған қазақтың ата жұрты екенін анық көрсетіп, картаға белгілеп, ру басыларының есімімен қатар, олардың жеке шаруашылығының жағдайын сипаттап көрсету арқылы, қазақта иесіз жер жоқ, әрбір жер-судың тұрақты иесі бар екенін көрсетіп берді.Әлихан Бөкейхан Щербина экспедициясының ғылыми мәнін аса тереңдете түсті.

Ол қазақтың тұрмыс-тіршілігін, тарихи мәліметтерін, өлкелердің табиғат ерекшеліктерін, жер бедерін, ауа-райын, халықтың шаруашылық жүйесін толық сипаттап беруге бағыт берді. Соның ішінде, экспедиция мүмкіндіктерін пайдалана отыра, қазақ шежірелерін жинастыру, қазақ руларының ата – тек кестелерін құрастыру, оның атақты тарихи тұлғалары туралы мәліметтерді экспедицияның ғылыми есептеріне енгізе отыруды қамтамасыз етті.

Ал, белгілі ғалым, әрі жақын туысы Сырым Бөкейхановтың «Өткен күнде белгі бар» атты кітабында былай деп көрсетілген – «Қазақстан экспедициясының экономикалық отрядының құрамында Ә.Бөкейханов Қазақстанның ең зерттелген бөлігі – Адай елінің статистикалық – экономикалық және тұрмыстық жағдайы туралы зерттеулер жүргізді – дейді. Біз бұдан Ә. Бөкейханның барлық ғылыми еңбектері автордың зерттеу тақырыбын терең білетіндігімен және мұқияттылығын білуге болады.

Әлихан Нұрмұхамедұлының саяси көзқарасына бірінші орыс революциясының әсері де айрықша болды. Патша өкіметінің қазақ даласын отарлау саясатына қарсы күш біріктіруге ұмтылды. Мәскеуде өткен земство және қала қайраткерлерінің сьезіне қатысты. Қатысып қана қоймады, жиында сөз сөйледі. Көтерген мәселесі – ұлтының тілі, дін, сайлау және басқалар еді.

Семей облысы қазақтарының атынан 1- Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланды. Алайда Дума жұмысына қатысуға мүмкіндік болмады. Дала губернаторының бұйрығымен үш ай Павлодар түрмесіне қамалды. Одан шығып, Санкт – Петерборға жеткенде патшаның жарлығымен Дума таратылған болатын. Бұған наразы болған депутаттар Финляндияның Выборг қаласында бас қосты. Олар үндеу қабылдады. Оған Әлихан Бөкейхан да қол қойған болатын. Осы үшін үш ай Семей абақтысында отырды. Абақтыдан шыққан соң, Омбыда, Санкт – Петерборда жарық көрген кадеттік, меньшевиктік басылымдарда редакторлық қызмет атқарды.

1916 жылғы маусым жарлығы кезінде майданның қара жұмысына алынған қазақтарға, қырғыздарға, өзбектерге және басқаларға көмек көрсету мақсатында Минскідегі земство және қала одақтары жанынан ашылған бұратаналар бөлімінің бастығы болды. Уақытша үкімет кезінде Торғай облысының комиссары және Түркістан комитетінің мүшесі қызметтерін атқарды.

Әлихан Бөкейханның көздегені отарлық езгіден көз аша алмай отырған қазағына қол ұшын беріп, халықтың ертеңін ойлап, ұлт мемлекетін қалыптасыру еді. Уақытша үкіметтің де, кадет партиясының да бұл ойды іске асыруға мүдделі еместігін сезінді.

Қазақ халқының аса бір маңызды тарихи кезеңінде саяси сахнаға шыққан Әлихан Бөкейхан ұлтының санасын оятуға айрықша әсер етті, оның әлеуметтік-саяси өміріндегі бұрын-соңды болмаған ерекше жаңалықтардың, тағдырлы оқиғалардың басы-қасында болды, оны ұйымдастырды және соған жетекшілік жасады [3,5].

Әлихан Бөкейхан –қазақтың жаңа тұрпатты ұлт-азаттық қозғалысының көсемі. Ол ұлттық мүдделерді көздейтін өз алдына партия құруды мақсат етті. Ол 1917 жылғы Бірінші бүкілқазақтық сьезде сөйлеген сөзінде Алаш қозғалысының ұйымдық күшін арттыра түсу мақсатында оны бір орталықтан басқару үшін қазақтың саяси «Алаш» партиясын құру туралы айтқан еді. Ондай партия осы сьезде құрылған еді.

Қазақтың арғы бергі төл тарихында терең із қалдырған «Алаш партиясының саяси сахнаға шығуы, – біріншіден, патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлау саясатының терең дағдарысын көрсетті. – екіншіден, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялыларының саясиқұқықтық және рухани мүмкіндіктерін байқатты. – үшіншіден, қазақ қоғамын жаңа саяси-экономикалық және әлеуметтік негізде қайта құруды күн тәртібіне қойды. Мұны «Алаш» партиясының бағдарламасы айқын танытады. Партия бағдарламасы қазақ елінің өзін-өзі басқаратын мемлекеттік жүйесін құру, ішкі Ресейден қоныс аудаушыларды тоқтату, әлемдік озық тәжірибеге сүйену арқасында өмірдің жаңа сұраныстарына жауап беретіндей қазақ қоғамын демократиялық мұраттар бағытында өзгерту, ұлттық білім және мәдениеттің дамуына кең жол ашу сияқты сол кездегі қазақ қоғамы үшін ерекше өткір мәселелерді көтерген еді. Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ зиялылары түптеп келгенде, отарлық езгі мен феодалдық мешеулік жағдайында аяқасты болған ұлттық мүддені қорғап, Қазақ елін Еуропаның өркениетті елдері қатарына алып шығатын дұрыс та төте жол – ұлттық мемлекет орнатуды мақсат етті. Бірақ ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыру идеясын ғасырлар бойы көшпелі қазақ қоғамының ата дәстүр-салтымен, әдеттік құқық рәсімдері және сан ғасырлық қазақ өмірінде айрықша рөл атқарған билердің ісімен байланыста қарады.

1917 жылғы 24 маусымда «Қазақ» газетінде басылған «тағы жалпы қазақ сиезі» атты редакциялық мақалада қазақтың егеменді мемлекетін құру мәселесі арнайы сөз болады. Өзін-өзі билейтін тәуелсіз мемлекеттілікті қалпына келтіру идеясы 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Орынборда өткен екінші бүкіл қазақтардың сьезінде жүзеге асты. Сьезд Алаш облыстарын сол кездегі бүліншіліктен қорғау мақсатында 25 кісіден тұратын Уақытша ұлт кеңесі құрылды, оның төрағасы Әлихан Бөкейхан болды.Сонымен қатар, Алаштың көрнекті жетекшілерінің қайраткерлік іс-әрекеттері қоғамдық өмірдің әр саласында, Әлихан Бөкейханның саясаткерлігі, саясат жүргізудегі «батысшылдығы» ерекше көзге түсті [4,142-143].

Әлихан Бөкейхан төңкеріс болған бетте өзінің «Сарыарқа» газетіндегі мақаласында билікті қарулы күшпен алғаны мен Уақытша үкімет мүшелерін тұтқынға алғаны үшін большевиктерді қатал сынға алады. Ол жаңа «үкімет билікке найза мен айбалтаның күшімен келді» – деп бекіте айтады [5,44].

Әлихан Бөкейхановтың«Қазақ» газеті бетінде жарияланған ғылыми негізі терең, дәлелі тиянақты публицистикалық мақалаларында қазақ оқырмандарына патшалық Ресейдің отаршыл аппаратының зорлығын, жасап жатқан айласын жан-жақты сынап, әшкерлеп, сол арқылы халықтың көзін ашып, әлеуметтік шындыққа жетеледі. Қай заманда болса да қоғамның демократиялық барометрлерінің бірі сайлау жүйесі болып табылады. Өз елінің осы бағыттағы дамуын мұрат еткен Әлихан Бөкейхан өзінің «Сайлау», «Сайлау құқы», «Комитет сайлау» және «Қазақ депутаттары» атты мақаларында қазақ даласындағы сайлаудың берекесіздігін отарлық саясаттан көрді.

Әлихан Бөкейхан – қазақ қоғамының алдында тұрған сан алуан міндеттерді шешу халықтың бірлігі негізінде ғана мүмкін екенін терең түсінген қайраткер. Ақын М. Дулатов айтып кеткендей, Әлихан Бөкейхан – заманымызға қазақ үшін өмірін, білімін жұмсап, ауыр жазаларға кіріптар болып, жанын қиып жүрген күллі қазақ халқына бірінші дерлік жан басшымыз – деген екен.

Әлихан Нұрмұхамедұлы бүгінгі қазақ қоғамына несімен қадірлі?. Ол «Қазақ үшін Алаш идеясынан, оның бес ұлы нысанынан артық мүдде болуы тиіс емес. Ол идея бүгін де өзінің мүдделі мақсатын жойған жоқ. Қайта тәуелсіздіктің тамыры тереңге кеткен сайын, алдымызға сұрақ болып шығып отыр», – дейді белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай [6,18].

Н.Ә. Назарбаевтың «Мәңгілік Ел – ата – бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық…» деген «Мәңгілік ел» идеясы мен Әлихан Бөкейхан мұрасы арасындағы сабақтастықты насихаттау, жүрегі елім, жерім деп соққан, ел еркіндігі мен ұлт бостандығы үшін құрбан болған бірегей тұлғаны үлгі, өнеге ету, тарихта өшпестей із қалдырған ұлы тұлғаның өмірі мен қызметін, еңбектерін келешек ұрпаққа жеткізу біздің парызымыз.

Әлихан Бөкейхан қарапайым өмір сүрді. Әлихан Бөкейханға да, оның қыздарына да, немересі Ескендірге де ата-баба жерінен топырақ бұйырмады. Барлығы Мәскеуде жерленді. Тек таяуда ғана Алаш көсемінің күйеу баласы, 1920 жылдардағы ірі мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасов денесінің күлі Мәскеуден Астанаға әкелінді. Тек Тәуелсіздік қана жоғалтқанымызды таптырып, өшкенімізді қайта жандырып жатыр. «Тірі болсам, ..қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп халқына уәде берген Алаш көсемінің ұлы өзгерістерге бастаған идеясы жарты ғасырдан кейін шынайы шындыққа айналды. Энциклопедиялық деңгейдегі ғұлама ғалым Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның сансалалы идеялары мен тамаша ой-тұжырымдары жер бетінде қазақ барда мңгі жасай бермек.

Қуандықова Т.

Джумалиева Л.Т.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Сейфуллин оқулары – 17: «Қазіргі аграрлық ғылым: цифрлық трансформация» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға материалдар. Материалы .- 2021.- Т.2, Ч.1 – С. 267-271

Әдебиеттер тізімі

1.Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2014, 17 қаңтар.

2.Озғанбай Ө. Ресей Мемлекеттік Думасы және Алаш қайраткерлері. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының тәуелсіздік контексіндегі қызметі атты республикалық ғылыми практикалық конференция материалдары, Ақтау, 2013, Б.31-34.

3.Bukeykhanov A., Dulatov M., Baytursun A., Ryskulov T. Kazakh on Russians before 1917 //Society for Central Asian Studies.Reprintseries.No.5.- Oxford, 1985, р.5.

4.Бөкейхан Ә. Таңдамалы. 2- кітап. Алматы, 2003, Б. 142-143.

5. Бөкейханов С. Өткен күнде белгі бар. Алматы, 2008, 44 б. 6. Жұртбай Т. Әлихан Бөкейханов // Аңыз адам. 2016, 18 б.

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.