«Алғыс айту күніне» орай ізгі шара ұйымдастыру — «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітіндегі дәстүрге айналған.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбарак мәтінді хадистерінің бірінде: «Адамға алғыс айта алмаған, Аллаға шүкір ете алмайды», – деген екен. Ендеше, орайлы сәтте мешіт өмірінде маңызы айырықша жандарға неге алғыс айтпасқа.
Мешіт үшін берекенің ұйытқысы, дін мен дәстүр сабақтастығын сақтауда үлгі болған ақсақалдар институтының, Аналар мектебінің рөлі айырықша.
«Алғыс айту күніне» орай «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имам Руслан Байзақов жас буынға үлгі, өнеге көрсеткен ақсақалдар мен ақ самайлы аналарға алғыс айтып, мешіт атынан сый-сыяпат табыстады.
Құттықтау сөзінде бас имам Р. Байзақов алғыс айтудың мән-маңызына тоқталып, мешіттің ыстығына күйіп, суығына тоңып, береке-бірлікке ұмтылған мешіт жамағатына айырықша алғыс айтты.
Сонымен бірге, мешітте ұзақ жылдан бері қызмет жасап келе жатқан наиб имам Рахметулла Оразға және мешіттің шаруашылық қызметкерлеріне арнайы алғыс білдірді.