Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Барлық іске кесірі тиетін әдет

0 958

Бүгінгі қоғамдағы ауыр індеттердің бірі, мемлекет пен қоғамның дамуына зор кедергі жаса отырған жемқорлық мәселесі екені айтпаса да түсінікті. Қоғам болып күресіп, ел болып  етегінен тарқанмен де толас таппай келе жатқан келеңсіздік.

Жемқорлықтың саяси институттардың дамуына, елдің өркендеуіне, экономиканың көтерілуіне қарсы жаман әдет, зиянды мәселе, ауыр қылмыс екені айтпаса да түсінікті. Ал, оның санаға әсері тіптен қауіпті. Бүгінгі таңда біздің қоғамда баланың оқуға түсуінен азаматтың өз орынын табуына дейінгі үрдістердің барлығы прасыз шешілмейді деген ой қалыптасқан.

Қасиетті Құранда:

وَلاَ تَأْكُلُواْ أَمْوَالَكُم بَيْنَكُم بِالْبَاطِلِ وَتُدْلُواْ بِهَا إِلَى الْحُكَّامِ لِتَأْكُلُواْ فَرِيقاً مِّنْ أَمْوَالِ النَّاسِ بِالإِثْمِ وَأَنتُمْ تَعْلَمُونَ

«Бір-біріңнің мал-мүліктеріңді жемқорлықпен жемеңдер. Сондай-ақ, күнә екенін біле тұра адамдардың мүлкін жеу үшін, басшылыққа (сотқа) мүліктеріңді (пара) бермеңдер» («Бақара» сүресі, 188-аят) делінеді.

Яғни, парақорлыққа қатаң түрде, нақты тыйым бар екенін байқаймыз.

Мүбәрак мәтінді хадистердің бірінде «Алла Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) пара берушіні және пара алушыға қарғыс айтқан» (Әбу Дәуіт, Ибн Мәжә, Тирмизи) делінеді.

Ислам ғалымдары бір ауыздан (ижмағ) жемқорлықтың арам екеніне келіскен.

Ислам дінінің жеқорлыққа қарата ұстанымы осылай. Яғни, адамзат болмысының тазалығын басты орынға қоятын Ислам діні жемқорлықтың Алла алдында тыйым салынға іс екенін баяндайды.

Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Пәтуа бөлімі Исламдағы пара алудың, пара берудің және пара мәселесінде делдал болудың үкімі туралы пәтуасында былай делінеді:

«Зұлымдық ету мақсатында пара беру ауыр қылмыс әрі күнә. Сонымен қатар түрлі істі бітіру мақсатында пара беруге де болмайды».

Бұл – қастерлі Отанымыздағы «дінім Ислам» деген әрбір азаматтың пара жайлы көзқарасы, ұстанымы болуға тиісті тұжырым.

Шындығында да, жемқорлық адамдық құндылықтардың жауы. Әділдік, заңдық нормативтер, адами кодекстердің барлығын белінен басып, өз мүддесі үшін жұмыс жасау. Мұндай адамда мемлекетшілдік сана, елдік мақсат, азаматтық позиция, адамдарға жаны ашу, әділдік ұстанымдары бар азамат деуге болмайды. Яғни, пара қоғамның дамуынан тартып, адамның тұлғалық қасиетінің жетілуіне дейінгі барлық істерге кедергі болатын жиіркенішті әдет.  Сол үшін де ол – қылмыс!

Елімізде бұл бағыттағы қылмысты әшкерелеп, дәлел-дәйектерін тескеріп, жаза басқан тұлғаларға қатысты шара қолданумен айналысатын арнайы орган Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі бар.

Алайда, өмірлік ұстанымдарында діни құндылықтардың орыны болмаған адамдар жемқорлыққа құнығып алуда.

Алла Тағала елімізге амандық, азаматтарымызға дұрыс түсінік нәсіп етсін. Тапқанымыз параға шашылмасын!

Руслан Байзақов

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.