Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Астанада мәуліт кеші өтті

0 492

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында өткен «Ізгілік жаршысы әз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)» мәуліт кешіне қатысып, жамағатқа уағыз айтты.

«Адамзаттың асылы пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) – бүкіл адамзатқа үлгі болған теңдессіз тұлға. Ал оның сүннетін ұстанған ата-бабамыз ардақты елші дүние есігін ашқан айды құрметтеген, оған көп салауат айтып, мәуліт жырын оқыған. Бұрын мәуліт әр шаңырақта оқылса, қазіргі кезде рухани кештер осындай зәулім ғимараттарда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып келеді.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) есімі ұлықталған жерде береке болады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Расында, Алла және Оның періштелері пайғамбарға (шексіз рақымын төгіп) салауат айтады. Уа, иман келтіргендер! Ендеше, сендер де оған шын жүректен салауат айтып, құрметпен сәлем жолдаңдар!» («Ахзаб» сүресі, 56-аят). Ал бір хадисте «Кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он салауат айтады» делінген. Демек, айналамыз аман, ортамыз берекелі болсын десек, жыл он екі айдың барлық күнінде де салауат айтуды тоқтатпауымыз қажет. Алла Тағала рухани, қайырымдылық кешіне басып келген қадамдарыңызға мол сауаптан жазсын» деді Бас мүфти.

Рухани кеште қасиетті мәуліт жыры оқылып, ел амандығы үшін дұға жасалды. Әсерлі жыр-термелер орындалды. Сонымен қатар кеш қонақтары Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі өрнектелген көрмені тамашалауға мүмкіндік алды.

Кеш барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Дін мен дәстүр» мүшәйрасы, сондай-ақ Бейбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойына орай мүфтияттың төл басылымдары «Мұнара» газеті мен «Иман» журналы ұйымдастырған «Ұлы даланың барысы – Бейбарыс сұлтан» республикалық шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Рухани кеш ҚМДБ Төрағасының «Мәуліт сыйын» табыстауымен қорытындыланды. Бұл жолы билеттен түскен қаражат жас та болса білімімен биіктерді бағындырып, ерекше талантымен талайды таңдай қақтырып жүрген мектеп оқушыларына табысталды.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.