Қоғамның дерті болған бұл тақырып туралы діни сала мамандары тарапынан да аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Тіпті мешіт мінберінде де бұл тақырып баяндалып келе жатыр. Бүгін назарларыңызға 2014 жылы ҚМДБ жанынан жарық көрген «Дін мен дәстүр» кітабында жарық көрген жазбаны назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Жемқорлық, парақорлық
Бүгінде жемқорлық қоғамдық дертке айналды. Бұл келеңсіздіктің бірден-бір емі – имандылық. Ислам діні жемқорлықтың кез келген түріне қатаң тыйым салған.
Әбу Дәуіттен жеткен риуаятта Алланың Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) Пара беруші мен пара алушыға лағынет айтқан.
Парақорлық – адамдар арасында ескіден келе жатқан мерез. Мысалы, ақын Шортанбай Қанайұлы да өз заманындағы би-болыстарды жемқорлықтан сақтандырған екен. Оның өлең жолдарымен жеткізген мына насихаты әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ.
Билер, пара жемеңдер,
Жанға бейнет кезбеңдер.
Кісі ақысын алмаңдар,
Аузыңа пара салмаңдар.
Дүние жинап өткен жоқ,
Бізден бұрынғы Пайғамбар.
Сөз айтайын, үлкендер,
Құдайдан ғапіл өтпеңдер.
sunna.kz