Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Педагогикаға жәрдемші пәндер баяны

0 503

Педагогикаға жәрдемші пәндер

Педагогика адамның денесін, һәм жанын дұрыс тәрбие қылу жолдарын ізденетін пән болғандықтан, педагогика пәнімен дұрыс пайдалана білу үшін, екінші түрлі айтқанда, адамды дұрыс тәрбие қыла білу үшін адамның денесі, һәм жанының жайын кеңес қылатын басқа пәндермен таныс болуға тиісті. Бұл пәндер төмендегілер.

Дене туралы пәндер

Анатомия – Адам денесінің құрылысын баяндайды (Денеде қандай мүше бар, жаратылысы қандай).

Физиология – Адам денесінде болатын көріністерді баяндайды (тұру, жүру, демалу сықылды).

Гигиена – Саулықты сақтау пәні.

Гимнастика – Саулықты бекіту үшін түрлі дене қозғалысы туралы пән.

Жан туралы пәндер:

Психология – Адамның жанының жайын, жан тұрмысын, жан көріністерін, жан күштерін, ақыл-ойдың жайын баяндайтын пән.

Логика – Дұрыс ойлау жолдарын көрсететін пән.

Этика – Құлық туралы пән. Яғни адамшылық не? Осыны баяндайды.

Педагогикаға тағы бір керекті пән

Педагогика тарихы. Түрлі заманда түрлі тәрбиеге адамзат қалай қараған, қандай жолдармен жүрген, тәрбие дүниесінде қандай білімпаздар өткен, олар қандай жаңа жолдар тапқан. Міне, педагогика тарихы осыларды баяндайды.

Педагогика бөлімдері

Педагогика пәні беске бөлінеді:

Бірінші, Жалпы педагогика. Адамның дене, һәм жан күштерін, тәрбие жолдарын көрсетеді.

Екінші, Дидактика. Оқытудың негізгі жолдарын керсетеді.

Үшінші, Методика. Оқытудың негізгі жолдарына негіздеп белгілі бір пәнді қалай оқыту жолын көрсетеді. Мысалы, мектепте қазақ тілін қай жолмен оқыту керек екендігін үйрететін пән қазақ тілінің методикасы деп аталады.

Төртінші, Мектепті басқару. Бұл пән мектеп қалай салынуға, қалай ұсталуға тиісті, сыныптарға шәкірттерді қалай бөлу керек, оқу пәнін қалай белгілеу керек, міне, осылар сықылды мектеп құрылысы жұмыстарын көрсетеді.

Бесінші, Педагогика тарихы. Бұл пәннің не нәрсені кеңес қылатындығы жоғарыда айтылды.

Жалпы педагогика

Жалпы педагогика екі нәрсе жайынан сөйлейді:. Бірінші, Дене тәрбиесі. Екінші, Жан тәрбиесі.

Дене тәрбиесі

Жаңа туған бала бір кесек ет қана деуге болады. Оның жан тұрмысы әлі білінбейді. Сондықтан ата-ана жас баланы тәрбие қылғанда күшінің көбін баланың дене тәрбиесіне жұмсауға міндетті. Дене тәрбиесіне жеңіл қарауға болмайды. Жан дұрыс тәрбие қылынса болады, дененің қанша керегі бар деп ойлау дұрыс емес. Дене — жанның қабы. Қап берік болса, ішіндегі зат та берік болмақ. Дене — жанның құралы. Құрал мықты болса иесі де мықты. «Сау жан сау денеде ғана болады» деген адамзат дүниесінің ескі мәтелі — шын дұрыс мәтел.

Педагогика кітабынан алынды.

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.