Сөзге келейік.
Бала бөлмесінің ішінде 6 те 5 куб сажын ауа болсын. Және ауа жиі-жиі жаңартылып тұрсын. Бала жатқан үйде кір жуу, кір кептіру, кірлеген киім тастау жарамайды. Себебі, кірдің кірі бу болып, ауа болып баланың ішіне кіріп, саулығына зиян келтіреді. Бала бөлмесінің жылылығын да бақылап тұру керек. Жаңа туған бала жатқан бөлменің жылылығын Рьюмер бойынша 17 де 18 градус, бір жеті мен алты жеті арасында 17 де 16 градус, мұнан соң 15 те 16 градус болуы тиіс. Қандай үйдің, әсіресе, бала бөлмесінің жарық болуы тым керек. Қараңғы үйде тәрбиеленген баланың өсуі шабан болады. Тамағы қанша жақсы болса да, зағып, нашар болып өседі. Сондықтан бала жатқан бөлменің жарығы мол болуы керек. Бөлменің жарығы мол болу үшін терезелері оңтүстік күн шығысқа, не оңтүстік күн батысқа қарауы шарт.
Терезелері тура оңтүстікке қараған бөлме қыстыгүні жарық, жылы болғанымен жаздыгүні ыстық, қапа болады. Ал енді терезелері солтүстікке – түн жаққа қараған бөлме қашан да қолайсыз. Сөз аяғында қазақтың үйінде бала өсіруі, асырауы туралы бір-екі ауыз сөз айтып өтейік.
Бала тәрбиелеу үшін киіз үйді аса қолайлы деуге болмайды. Аңғал-саңғал, ашық-тесік киіз үй баланың жел тиіп, суық тиіп ауру болуына көп себепші. Бірақ баланы киіз үйден біржола бездіріп кетуге орын жоқ. Киіз үйдің зиянды болғаны сықылды, пайдалы жағы да бар. Әңгіме сол киіз үйдің ішінде баланы ұстай білуде. Таза ауа сол киіз үйде болмағанда қайда болады? Тегінде жаратылыспен бауырласып құшақтасқан, алдындағы малымен бірге жүріп, бірге өскен қазақ баласын аса нәзік етіп, үлбіретіп тәрбие қылмағаны дұрыс болар еді. Бұл сөзбен, мен, балаңды баяғыдай “шалбардың ішіне салып асыра” дейін деп отырғаным жоқ. Ол заман озды ғой. Әйткенмен де, қазақ баласының тәрбиесі қазақ тұрмысына қабысуы мақұл.
Баланың тамағы. Баланың жақсы өсуі үшін оның тамағы жақсы болуға тиіс. Тамақ баланың өсуіне қарай өзгеріп отыру керек. Бастапқы кезде балаға ең дұрыс тамақ – ананың сүті. Сүттің ішінде денеге керек заттардың бәрі бар. Ана сүті бала өскен сайын өзгеріп отырады. Ана бір себептерден баласын емізе алмайтын болса, әрине қолдан асырауға тура келеді.
Бірақ, емізуге мүмкін болғанда абзалы – ананың өзі емізу. Статистикалық санақ пәнінің көрсетуі бойынша ана сүтін емген жүз баладан бір жылда 15-20-сы ғана өледі. Ал, қолдан асыраған жүз баладан бір жылда 65 бала өледі.
Қолдан асырау. Қолдан асырағанда балаға лайықты тамақ – ешкі сүті. Бұл болмаған күнде сиыр сүті. Бірақ сиыр сүтінде ақ (белковина) пен май көп, қант аз. Сондықтан сиыр сүтін сұйылту һәм тәттілеу керек. Жаңа туған балаға берілетін сиыр сүтіне үш есе су қосу керек. Мұнан соң 2 де 3 айға шейін бір бөлім сүт, екі бөлім су, 3 айдан 6 айға шейін екеуін де бірдей, ал тоғыз айдан былай таза сүттің өзін беріп отыру керек. Бір ішкізгеннен қалған сүтті екінші рет беруге жарамайды. Балаға беретін сүттің жылылығы адам денесінің жылылығындай болуы керек.
Сүтті тәттілеу үшін сүтке кәдімгі қант салу керек. Бір стакан сүтке бір бал қасық қант жетеді. Балаға берілетін сүт сау сиырдың жаңа туылған сүті болсын. Әр сиырдың сүтін бір бергеннен бір ғана сиырдың сүтін берген дұрыс. Сүт, ыдысы таза болсын һәм берілетін сүт қайнатылуға тиісті.
Емізік. Қолдан асырағанда балаға тамақ беру үшін қолайлы әдіс – емізік. Ішіндегі сүтін емізіп болған соң құр емізікті балаға сорғызып қою тіпті дұрыс емес. Біріншіден, баланың іші желге толып аурулы болуға себеп болады. Екіншіден, желімнен жасалған емшек баланың денесіне зиян келтіреді. Баласына құр емізікті сорғызып қойып, ауыл қыдырып өсек аңду анаға лайықты іс емес, баланы таба білсең, ерінбей дұрыс баға біл.
Аралас тамақтандыру. Анасы емізген бала біраз өскен соң анасының сүтінен басқа тамақ та тілей бастайды. Ол уақытта ана сүтінен басқа тамақ бере бастауға мүмкін. Жай тамақты алты айсыз бере бастау дұрыс емес. Жай тамақты бергенде әуелі жеңілінен бастап, бірте-бірте ауырына көшу керек. Мысалы былай: сиыр сүті, бал қаймақ, ақ ірімшік, (ащы қылып ұйытпау шартымен)қатық, қаймақ, жұмыртқа һәм сорпа.
Ал енді (бір жасқа толған) жас балаға май, нан, ет беру тіпті дұрыс емес. Қызыл иегімен қажалатқызып балаға нан беріп, ет беріп, сорғалатып май беріп қойған ана, баланың досы емес, қасы. Маған майлы бауырсақ, қазы, қарта бере көр дегенде баласына ет, нан шайнап беретін ана – ананың нағыз оңбағаны, барлық денесі, асқазаны тіпті нәзік баланың нан, май, ет жеп көтеретін қанша күші бар? Қазақ баласының ауру болуы, көбінесе осы талғамай тамақ жегеннен болады. “Ауру – астан” деген қазақ мақалынан айналып кетсең болмас па?
Тамақтандыру тәртібі. Баланы ананың өзі емізсе де, яки қолдан асыраса да, баланы белгілі бір тәртіппен тамақтандыру керек. Баланы ана емізген күнде емізу тәртібі былай: жаңа туған баланы күндіз 2-3 сағатта бір, түнде 3-4 сағатта бір емізу тиіс. Ал енді бала өскен сайын емізуді сиректете беру керек. Былайша бірінші айда тәулікте 8 де 9 рет, 4 айға шейін 7 де 8 рет, жарты жасқа шейін 7 рет, 9 айға шейін – 6 рет.
Түн – ұйқы уақыты. Сондықтан баланы түнде сирек емізуге әдеттендіру керек. Мысалы, 5 айлық баланы түнде бір емізу жетеді. Баланы қолдан тамақтандырғанда да тамақтандыру тәртібі осы. Бірақ қолдан тамақтандырғанда тамақ белгілі бір мөлшермен беріліп отыруға тиісті. Бала тамағының мөлшері баланың асқазанының зорлығына байлаулы. Жаңа туған баланың асқазанына бастапқы жетіде 3 қасық ас сыяды, екінші жетіде – 6 қасық, екінші айда – 9 да 10 қасық. Міне, осы асқазанның зораюына қарай балаға берілетін тамақ мөлшері де зорайып отыруға тиісті.
Балаға тамақты тәртіппен беру оның дұрыс өсуіне, аурулы болмауына, хатта, мінезінің дұрыс болуына да көп пайдасы бар. Балаға тамақ тәртіпсіз, ретсіз, былапыт берілсе, бала аурулы болады. Асқазаны бұзылады. Ішкен-жеген тамағын сіңіре алмайды. Ит тиюы сықылды бала аурулары сол тәртіпсіз тамақ беруден. Жер жүзінде балаға тәртіпсіз тамақ беретін әйел екеу болса, біреуі – қазақ әйелі. Бала ұйқысы қанып оянса да, бір жері ауырып, яки төсегі тынышсыз болып жыласа да, оны шешіп алып қарау жоқ, емшегін алып барып баланың аузына сала қояды. Түнде ың етсе, бесікті албастыдай басып отырып алады. Емшек – балада, ана – ұйқыда. Жазаласа баласын басып өлтіріп те тастайды. Баланың аузынан емшегін алса, баланың қолына басқа бір тамағын ұстатады. Сорлы баланы бір минут тамақтан босату жоқ. Яки мынандай іс те болады:.
Шеше не бір жұмыспен, не жай қыдырып кезіп кетеді, мана кеткен шеше әлі жоқ.
Ерте күн түс болды. Түс кеш болды. Бала аштан аш жатыр. Қарны ашады. Шырқырап, ішегі қатып, жылайды. Бишара бала жылап-жылап әлсіреп, талып барып ұйықтайды. Кешке келіп ұйқылы-ояу талып жатқан баланы көріп, «Құлынымның тамақ іздемей, жыламай, тәтті ғана ұйықтап жатқанын қарашы!» дейтін шешеге не дерсің?
Қазақ қатыны! Өзіңде өзіңнің қастығың болмаса, баланың аузын астан алмай, аспен ұрып жығып, болмаса тамақ бермей, аштан қатырып, талдырып ұйықтатып бала асырауыңды қой. Тамақты беріп-беріп балаңды қарнын қапақтай, бұтын таяқтай көк қарын, ши борбай қылма. Балаңды аурулы қылма. Асты мезгіл-мезгіл беріп, тәртіпке үйрет. Тамақты тәртіппен берсең, балаңның дені сау болады. Құр ас иесі қомағай болмайды. Аузынан ас түспейтін мешкей болмайды. Тамақты тәртіппен ішіп үйренген баланың мінезі де дұрыс болады.
Емшектен айыру. Бала аурулы болмаса, бір жасқа толғанда ана сүтінен басқа ас ішіп, біраз тісі, (8 де 12 тіс) шыққан болады. Міне, осы уақытта баланы емшектен айыру керек. Айырғанда күл, көмір сеуіп, насыбай жағып әурелемей-ақ, емізуді сиретіп, баланы бірте-бірте (3-6 жеті ішінде) бездіру керек. Ал енді кейбір қатындардың еркелеткеннің жөні осы екен деп, 5-6 жасар балаларын арда емізіп қоюлары тым-ақ ұнамсыз іс. Ұнамсыз ғана емес, балаға да, анаға да зиянды іс.
Екі жасар һәм үш жасар баланың тамағы. Екі жасар баланың денесі әжептәуір берік болады. Сондықтан бұл жаста балаға бірте-бірте ет, нан сықылды күшті ас беруге мүмкін. Ет бергенде жеңілінен бастау керек. Ешкі, қой, сиыр еті. Жылқы еті ауыр. Оны 2, 3 жасар балаға бермеген дұрыс болар.
Баланың асқазанына лайық нан – бидай ұнынан пісірілген нан. Балаға май ішкізу тіпті дұрыс емес. Кәмпит, пряник, өрік, мейіз сықылды тәтті беруге де жарамайды. Бір жасқа толмаған бала түгіл, 2-3 жасар балаға да қымыз ішкізу мақұл емес. Қымыз баланың тынышын алып, мең-зең беймаза қылады. Екі-үш жасар балаға тәулікте төрт рет тамақ беру керек. Түнде емес, күндіз, төрт сағатта бір. Балаға тамақты бөлек үйде беру артық. Үлкен кісілермен бірге ішіп, бірге жесе, үлкендерді еліктеп, мөлшерден артық ас ішеді. Мұның зиян екендігі белгілі.
Баланы шомылдыру. Баланы шомылдыру оны кірден арылтады. Бойын жеңілдетеді, еңсесін көтереді.
Жаңа туған баланы шомылдыратын судың жылылығы үш айға дейін Рьюмер бойынша – 29 градус. Үшінші айдан жыл аяғына дейін 28 градус, екінші жылда 27 градус, мұнан соңғы жыл төмендегенде 22 градустан кем болмауға тиісті. Жаңа туған баланы су ішінде 5 минут, ай жарымдық баланы 8 минут ұстау керек. Бұдан артық ұстауға болмайды. Бала әлсіреп қалады.
Әуелгі тоғыз күн ішінде тәулікте екі рет, ай жарымға дейін бір рет, 6 айға дейін күн ара, екі жасқа шейін жетіде екі, үш рет, екі жастан соң жетіде бір шомылдырып отыру керек. Баланы тамақ берердің, ұйықтаудың алдында шомылдыру артық. Баланы шомылдыратын үйдің жылылығы 17-18 градустан жоғарырақ болсын.
Баланы шомылдырып болған соң оның бар денесін, әсіресе, қолтықтарын, мойнын, шабын жақсылап қарау керек. Көзін, құлағын, басын таза ұстау керек. Былық қолыңмен баланың көзін тазалаушы болма. Неше түрлі көз ауруы осыдан болады. Тамақ бергеннен кейін баланың аузын тазалап отыру керек. Таза шүберекті қайнаған суға малып, шынаяққа орап тазарт. Есін білген баланы ас ішкеннен кейін аузын шайқауға үйрету керек. Аузы иісті болмайды, тісі бұзылмайды. Қазақ қатынының баланы тұзды сумен шомылдыруын теріс деуге болмайды. Еттің пісуіне, шынығуына тұзды судың пайдасы бар. Ал енді, баланы маймен сылау тіпті дұрыс емес. Май терінің тесіктерін бітеп тастайды. Еңсені көтертпейді, ауру етеді, кірлетеді, терлетеді. Баланы “өс, өс, өс!” деп денесінің құрыс-тырысын жазу аса теріс болмас. Бірақ еп керек. “Өс, өс, өс!” деп баланың бір жерін шығарып алып жүрме.
Киім. Баланың дұрыс өсуінің негізгі бір шарты киімнің дұрыс болуы. Баланы желге, күнге тигізбеймін деп орап, шымқап, үлбіретіп өсірудің де қажеті жоқ. Бұлай өскен бала ауырымпаз келеді. Шынықтырамын, денесін берік қыламын деп, жалаңаш-жалпы ұстау да жарамайды. Шынықтырамын деп жүріп, ауруға шалдықтырып, жазатайым өлтіріп алуға да мүмкін. Киім дененің жылылығын сыртқа, сырттың суығын денеге жібермейтіндей болсын. Сондықтан да, бала киімі жұмсақ, жеңіл нәрседен тігілуі керек.
Бала киімін үлкен кісілер киімімен бірге жууға жарамайды. Үлкен кісі киімінен бала киіміне бір нәрсе жұғуға мүмкін. Жеткен адам денесіне зиян келтірмеген нәрсе жас баланың денесіне зиян келтіруі оп-оңай. Баланың киімі қолпылдаған кең, денені қысып тұрғандай тар да болмасын, шақ болсын. Балаға биік өкшелі етік кигізу, белін белбеумен қысып тастау жарамайды. Жалпы айтқанда, бала киімі әдемі болсын деп емес, ыңғайлы болсын деп білу керек.
sunna.kz