Адамның шынайы өмірі – Алламен бірге болған уақыты
Адамның шынайы өмірі – Алламен бірге болған уақыты
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадис шәріптің бірінде: «Адамдар қадірін біле бермейтін екі үлкен нығмет бар: денсаулық және бос уақыт» («Сахих Бухари», №6412 хадис) , – деген.
Басқа хадистерде адамнан ең бірінші сұралатыны уақытын қайда жұмсағаны делінеді. Имам Фәхр әд-Дин әр-Рази (Алла рақым етсін) «Аср» сүресінің тәпсірінде уақыттың абзалдығы жайлы осынау әдемі сөзді келтіреді: «Алланың уақытпен ант етуі – уақыттың таңғажайып құбылыс болуы. Уақыттың ішінде қуаныш та, қайғы да, ауру да, денсаулық та, байлық та, кедейлік те болады. Уақыттың құндылығымен ешнәрсе теңесе алмайды. Егер мың жыл уақыт өмір сүріп, уақытты босқа құртып, алайда ақырғы сәтте Аллаға тәубе етіп, жақсы өліммен өлсең, мәңгілік бақытқа кенелесің. Мәңгі жәннатқа қол жеткізіп, бақытты болуыңа септігін тигізген өміріңнің соңғы сәттері екеніне көз жеткізесің. Адамдар күн мен түн мүмкіншілігін зая еткен соң Алла Тағала уақытпен ант еткен. Уақыт мекеннен шарапатты. Уақыт – кемшіліксіз үлкен нығмет. Уақытын дұрыс пайдаланбағаны үшін адам тек өзін ғана кінәлай алады».
Имам Шафиғи (Алла рақым етсін): «Уақыт қылыш тәрізді. Егер сен оны кеспесең, ол сені кеседі. Нәпсіңді жақсылықпен шұғылдандырмасаң, керісінше, нәпсің сені жамандықпмен шұғылдандырады», – деген.
«Сенің уақытың – сенің өмірің. Қалай пайдаланғаныңа байланысты мәңгілік бақыт не мәңгілік азапқа душар етер нәрсе. Уақыт аспандағы бұлттардан да жылдамырақ. Адамның шынайы өмірі – Алла үшін болған және Алламен бірге болған уақыты».
Хасан әл-Басри (Алла рақым етсін) уақыт жайында: «Расында, адам күндерден құралған. Бір күні кетсе, бір бөлігі кетеді», – деп: «Сендердің динар (алтын) мен дирхамды (күміс) тиімді пайдаланып, екеуіне ынтық болғандарыңа қарағанда өз уақытына қаттырақ ынтық болған адамдарды көрдім», – деген.
Әбул Фараж ибн әл-Жәузи (Алла рақым етсін) «Саид әлХатир» кітабында уақыт жайлы: «Әрбір адам уақыттың шарапатын жақсы ұғынуы қажет. Өмірінің әрбір сәтінде Аллаға бір қадам болсын жақындауға талпынуы міндет. Сөйлесе де, амал жасаса да, ең абзалын жасауы керек. Дене бітімінің шамасы жетерлік жақсы амалдарды жасауға ниет қойғаны дұрыс. Ол істі жасай алмай қалса да, сол ниеті үшін сауап алады. Мүміннің ниеті амалынан жақсырақ. Ізгі ғалымдарымыз әрбір сәтіне мән берген. Бір адам Әмир ибн Әбд Қайсқа: «Маған бір нәрсе айтшы», – дегенде ол: «Төбедегі Күнді жылжытпай ұстап қал! Сол кезде айтамын», – деп жауап берген», – деп уақыттың маңыздылығын ескерткен.
материал «Не үшін оқу?» кітабынан алынды,
sunna.kz