Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сияқты ұл-қыздарыңызбен жұмсақ мәміле жасаңыз
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сияқты ұл-қыздарыңызбен жұмсақ мәміле жасаңыз
Әнәс ибн Мәлик былай дейді: «Бірде мені бір жерге жұмсады. Мен:
– Алланың атымен ант етейін, бармаймын! – дедім. Бірақ іштей Пайғамбарымыз жұмсаған жерге баруым ойымда бар еді.
Жұмсаған жаққа беттедім де базардан өте бергенде ойнап жүрген балаларға кезігіп қалдым. Артынша арқама Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қолын қойды. Қарасам маған қарап күліп тұрып:
– Әнәстай, мен жұмсаған жерге бардың ба? – деді.
– Бара жатырмын! – дедім де жүгіріп кеттім».
Кейде адамға адамдықтың шыңына көтерілу үшін төмен дәрежеге түсуіне тура келеді. Міне, баланың жүрегіне орнығу үшін онымен өз деңгейінде балаша сөйлесу керек. Балалармен мәміледе жұмсақ болыңыз. Олармен ойнаңыз, әзілдесіңіз. Бірге мультфильм қараңыздар, ойын-сауық кешендеріне алып барыңыз.
Айқай-шу, ұрып-соғумен баланың тәрбиесіне әсер етіп, түзулеймін деу – қате пікір. Олай істеу баланың жан жүрегін жаралайды әрі соңында бала өмірден түңіліп, өзін түсінетін ешкімді маңынан таппай қалады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сияқты ұл-қыздарыңызбен жылы, жұмсақ мәміле жасаңыз!
материал Аслан Орақбаевтың «Компас» кітабынан алынды,
sunna.kz