Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Бахрейн астанасы Манама қаласында «Бір үммет және ортақ тағдыр» тақырыбында өткен Ислам диалогын нығайту жөніндегі халықаралық форумға қатысты.
Бас мүфти форум аясында Әл-Азһардың Жоғарғы имамы Шейх Ахмед ат-Тайебпен, сонымен қатар мұсылман елдерінің дін қайраткерлерімен сұхбаттасты. Сондай-ақ Парламент Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаевпен бірге осы елдің Королі Хамад бен Иса Әл-Халифамен де кездесті.
Форумда баяндама жасаған ғалымдар қазіргі таңда адамзат ішкі қайшылықтар, геосаяси тұрақсыздық, қарулы қақтығыстар, экстремизмнің насихатталуы сияқты жаһандық сын-қатерлерге тап болып отырғанын атап өтті.
Сенат Спикері бұған дейінгі тәжірибе көрсеткендей, мұндай халықаралық шиеленіс радикалды идеологияларды тарату, ксенофобия мен жеккөрушілікті қоздыру үшін жиі қолданылатынын тілге тиек етті. Мәулен Әшімбаев осы тұрғыдан келгенде Бахрейндегі конференция бейбітшілік пен бірлікті нығайту және халықтар мен мәдениеттер арасындағы диалогты жүйелі жолға қою бағытында уақтылы қолға алынған маңызды алаң ретінде ерекше мәнге ие екенін атап өтті.