Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Рамазан айында парасаты биік пенде өзінен есеп алады

Рамазан айында парасаты биік пенде өзінен есеп алады

0 264

«Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді халық даналығы. Тегінде, тақуалық адам баласының ең көркем сипаты. Өйткені Құдайдан қорқу сипаты пендені талай жаманшылықтан сақтайды. Сондайақ, барша пайғамбарлар алдымен Құдайдан қорқуға шақырған.

Рамазан айында парасат-пайымы биік пенде үшін артындағы ғұмыр жолына бір қарап алып, өткенін безбендеп, болашағын бағдарлайтын қайталанбас сәт туады. Шындығында, өз-өзіне есеп беру тақуа жандардың дағдысы, байыптылардың әдеті.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Алла бір қауымды қашан олар өз-өздерін өзгертпейінше өзгертпейді» (Рағыд, 11). Яғни өз-өзін жақсы жаққа өзгерту, Раббы Тағала разы болатын бағытқа бұру ең алдымен әрбір пенденің ықылас-ниетіне, ерікжігеріне, қажыр-қайратына байланысты дүние. Пенде тура жолға ниет етсе, Алла да оның жолын жеңілдетіп, сауабын еселейді.

Пайғамбар (с.а.с.) бір хадисінде былай дейді: «Зерек – нәпсісін төмен ұстап, өлімнен кейінгіге амал еткен адам, ал дәрменсіз – нәпсісі мен әуейілігіне еріп, Алладан шексіз үміттенген адам». Осы хадистегі «нәпсісін төмен ұстау» деген ұғымды ғалымдардың бір тобы өз-өзіне есеп беру деп түсіндірген. Яғни Қиямет күні талқыға түспей тұрып, осы дүниеде өз ісіңе талқы жасап, есеп беруге дағдылану, сөйтіп, Ұлы Есеп күніне өзіндік есеппен, іс-амалды таразылап, елеп-екшеумен бару.

Өз-өзіне есеп беру ізгі пенделердің дағдысы, мұсылманнның иманын жаңартып, түлететін ой таразысы, пікірі мен түсінігін туралап, түзейтін тезі. Бұл туралы мұсылман тарихында талай ділмәрлар, тақуалар түрлі айшықты ойларын айтып кеткен. Солардың біразы мынадай. Омар ибн Хаттабтан (р.а.) қалған мынадай мәшһүр өсиет бар: «Есепке алынбастан бұрын өздеріңнен есеп алыңдар, оны таразыға түспестен бұрын таразылаңдар, ең үлкен тексеру күніне дайын болыңдар, «Сол күні сендер тексерілесіңдер, сонда сендердің ешқандай құпияларың жасырын қалмайды» (Хаққа, 18)».

Уаһб ибн Мунәббиһ былай деген: «Дәуіт (а.с.) әулетінің даналықтарының бірі мынадай: «Әрбір ақылды пенде үшін ешқашан естен шығармауы тиіс төрт сағат бар: ұлы әрі даңқты Раббысына мінәжат ететін сағаты, өз-өзіне есеп беретін сағаты, айыбын, кемшілігін бетіне басып, нәпсісі туралы шынайы сөйлейтін достарына баратын сағаты және нәпсісін адал әрі көркем қызықтармен оңаша қалдыратын сағаты».

Хасан Басри былай дейді: «Мүмін адам өз нәпсісінің қожайыны. Алланың разылығы үшін өзөзінен есеп алып отырады. Осы дүниеде өз-өзіне есеп бергендердің Қиямет күнгі есептері жеңіл болады екен де, керісінше, әрбір істі еш есепсіз, қалай болса солай істейтіндердің Қиямет күніндегі есебі өте ауыр болады екен».

материал «Мүбәрак Рамазан» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.