Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ең алғаш сауыт жасаған кісі

0 1  133

Алла Тағаланың жіберген пайғамбарларының ішінде Дәуіт те (ғ.с.) өз адал еңбегінің жемісін жеген.

Дәуіт (ғ.с.) пайғамбардың еңбекқорлығы өзгелерге өнеге, ол тек пайғамбар емес, ел басқарған патша болған.

Құртубидің тәпсірінде Дәуіт пайғамбардың темір ұсталығын игеруіне себеп болған жайтты айтады: Дәуіт пайғамбардың бойындағы қасиеттердің бірі ол патшалық киімін шешіп, қарапайым күйде халық арасына шығып, жұрттан: «Дәуіт деген қандай кісі?» деп сұрайтын.

Бір жолы Жәбірейіл періште жас жігіттің бейнесінде онымен жүздеседі. Дәуіт пайғамбар:

– Әй, жігітім! Дәуіт жайында не дейсің? – деп сұрайды. Жігіт бейнесіндегі Жәбрейіл періште:

–Дәуіт жақсы адам. Бірақ оның бір кемшілігі бар, – деп уәж айтады. Дәуіт пайғамбар аң-таң болып:

–Ол қандай кемшілік екен? деп сұрайды. Жігіт:

–Ол күн көріс ақысын мемлекеттің қазынасынан алады. Ал, адамдардың  ең қайырлысы күн көрісін өз еңбегімен тапқан адам, – дейді.

Жігіттің сынын естіген Дәуіт пайғамбар ағыл-тегіл жылап: «Уа,Алла! Маған қазынаға мұқтаж етпейтіндей бір нәпақа табу жолын үйрет» деп жалбарынады. Алла Тағала дұғасын қабыл алып, Дәуіт пайғамбарға сауыт жасауды үйретеді.

Ол темірді жұмсартып, қамырдай илейтін болады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Өз қол еңбегіңмен тауып жеген тамақ тәтті болады. Ондай дәмді тамақты басқа ешқандай жерден таппайсың. Дәуіт пайғамбар тамағын өз маңдай терімен тауып жейтін еді», – деп маңдай термен тапқан малдың адал болатындығын айтқан.

Сол секілді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бала кезінде ең алғаш айналысқан жұмысы қой бағу болатын. Жалпы, көптеген пайғамбарлардың алғашқы кәсібі мал бағу болған. Бұл жұмысты сегіз жастан бастады. Содан соң он екі жасқа жеткенде көкесі Әбутәліпке көмектесіп, сауда сапарларына шықты. Яғни Пайғамбарымыздың өмірінен оның еңбекқор болғанын білеміз.

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.