Құран кәрімде: «Алла сабырлылармен бірге» немесе «Расында, Алла сабырлыларды жақсы көреді» деу арқылы сабырлы болудың қаншалықты маңызды екендігін айтады. Ал осы бір қасиетке оңай жетудің бірден-бір жолы – ораза ұстау.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да: «Ораза – сабырдың жартысы, әрбір нәрсенің зекеті бар, дененің зекеті – Ораза» деген болатын.
Демек ораза ұстау арқылы біз сабырлы болуды үйренеміз; күнә атаулыдан бас тартуды, басқаны ренжітпеуді, біреудің ақысын жемеуді, ашушаң болмауды, тәкаппарлықты, басқаны өсектеп не ғайбаттамауды үйренеміз. Сонымен қатар өмірде кездесетін түрлі қиындықтарға, аштыққа төзуді үйренеміз.
Жоғарыда айтылғандар, оразаның сан түрлі пайдасының бір ұшқыны ғана.
Сауабының, пайдасының осыншалықты көп екендігін біле тұра, Рамазан сияқты қасиетті айды оразасыз қалай өткізуге болады. Басқалар сауапқа, жақсылыққа, берекеге қарық болып қуанып жатқанда, біз де мұсылман ретінде қатарымыздан қаламыз ба?!
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім себепсіз Рамазан айында бір күн ораза ұстамаса, жыл он екі айдың әрбір күнінде ораза ұстаса да, (Ол оразасы) Рамазан оразасына жетпейді» деп қатаң ескерткен.
Олай болса, Аса Қамқор Ерекше Мейірімді Алла Тағала ұстағалы тұрған оразамызды қабыл еткей. Лайым Рамазан айын ең көркем түрде, барынша пайдалы өткізуді, күнәларымыздан тазаруды, Алланың сүйікті құлдарынан болуды нәсіп еткей.
материал «Ораза энциклопедиясы» кітабынан алынды,
sunna.kz