«Ақ бата» II республикалық бата беру байқауының іріктеу сайысы өтті (фото)
«Ақ бата» II республикалық бата беру байқауының іріктеу сайысы өтті (фото)
Бүгін «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында «Ақсақалдар арасында ІІ республикалық бата беру» байқауының Астана қаласы өкілдігі мешіттерінің арасында іріктеу сайысы өтті.
Сайысқа Астана қаласы мешіттерінен барлығы 13 ақсақал қатысып, өзара бақ сынасты. Іріктеу кезеңіне қатысушы ақсақалдарға сәттілік тілеген Астана қаласының өкіл имамы Ерболат Жүсіпов бата беру дәстүрінің қадір-қасиеті туралы көркем насихат айтты.
Сайыс екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде қатысушылар білетін баталарын нақышына келтіре орындап, екінші бөлімде салт-дәстүр бағытында қойылған сұрақтарға жауап берді.
Сайыс қорытындысында зерделі ойымен, сауатты сөз саптауымен, даналығымен үздік деп танылған «Әлжан ана» мешітінен қатысқан Айшуақов Өтеген ақсақал сайыстың жеңімпазы атанды. Жүлделі бірінші орынды «Көктал» мешітінің ақсақалы Көпжасаров Манарбек, екінші орынды «Әзірет Сұлтан» мешітінің ақсақалы Мырзатай Шайсұлтанұлы, үшінші орынды «Әс-Сәлам» мешітінің ақсақалы Хали Хуаныш иеленді.
Бата беру сайысының жеңімпазы Айшуақов Өтеген Түркістан қаласында өтетін республикалық бата сайысына жолдама алды. Жеңімпаздар мен қатысушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
sunna.kz