Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ҚМДБ: Ұмра жасаушылардың назарына

ҚМДБ: Ұмра жасаушылардың назарына

0 162

Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және ұмра министрлігі 2025 жылғы қажылық маусымына дайындыққа орай ұмра құлшылығын өтеуге ниет білдірген шет ел азаматтары үшін нақты мерзімді белгіледі.


Ұмра жасау мақсатында Сауд Арабиясына келудің соңғы күні – 2025 жылдың 13 сәуірі. Ал Корольдік аумағынан шығудың ең соңғы мерзімі – 29 сәуір. Аталған мерзімнен кейін Корольдік аумағында қалып қойған шет ел азаматтары заң бұзушы ретінде танылып, тиісті жауапкершілікке тартылатыны ескертілді.

Министрлік ұмра құлшылығын өтеуші шетелдік азаматтар мен оларды ұйымдастыратын туристік компанияларды белгіленген уақыт тәртібін сақтауға және бекітілген ережелер мен нұсқаулықтарды басшылыққа алуға шақырады.

Сондай-ақ, ұмра рәсімінен кейін белгіленген мерзімде елден шықпаған жағдайда, шет елдік азаматтар мен оларды ұйымдастырған компанияларға 100 000 сауд риалына дейін айыппұл салынуы мүмкін екендігі ескертіледі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2025 жылғы қажылық маусымы шет ел азаматтары үшін 29 сәуірден басталатынын хабарлайды. Бұл – «ҰМРА – 2024-2025» маусымының аяқталу мерзімімен сәйкес келеді. Осыған байланысты аталған күннен кейін Сауд Арабиясында ұмра рәсімін өтеуге жол берілмейтінін ескертеміз.

ҚМДБ барша жамағатты Сауд Арабиясы Корольдігі Қажылық және ұмра министрлігінің шетелдік азаматтарға қатысты ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Сонымен қатар, күмәнді, тіркелмеген туристік компаниялар арқылы ұмра сапарын ұйымдастырудан бас тарту қажеттігін ескертеді.

Биыл қажылыққа ниет еткен отандастарымызға лицензиясы жоқ, қажылық орындары берілмеген турфирмалармен байланыс орнатпау және заңсыз әрекеттерге бармау туралы тағы бір мәрте еске салады. Ал арнайы лицензиясы бар, қажылық орындарын алған туроператорлар тізімін назарларыңызға ұсынамыз.

ҚМДБ Қажылық бөлімі

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.