Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бас мүфти Палестина президентінің кеңесшісін қабылдады

Бас мүфти Палестина президентінің кеңесшісін қабылдады

0 48

Астана қаласындағы мүфтият ғимаратында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Палестина Президентінің дін істері мен исламдық қатынастар жөніндегі кеңесшісі, Палестина Жоғарғы сот төрағасы, Палестина Шариғат соты кеңесінің басшысы Махмұд Әлхаббаш мырзамен екі жақты кездесу өткізді.


«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әрқашан Палестина халқының жағдайына алаңдаушылық білдіріп келеді. Біз қасиетті Құдыс жерінде қайғылы оқиға орын алғанда Діни басқарманың ресми мәлімдемесін жарияладық. Бүкіл әлемге Палестина халқының халықаралық келісімдер мен резолюцияда бекітілген тарихи құқығын қолдайтындығымызды ашық түрде жария еттік.

Сонымен қатар мұсылман елдерінің дін көшбасшылары мен бүкіл Ислам үмбетіне үндеу жолдадық. «Бір мезетте – бір дұға» бастамасы аясында мешіттерімізде Газа халқы үшін арнайы дұға жасау іс-шарасын өткіздік. Бұл бастаманы мұсылман елдерінің дін көшбасшылары қолдады. Біздің бастамамызға қолдау білдірген еліміздегі барша елшілерге тағы да алғысымды білдіремін.

Жуырда Астана қаласындағы Республикалық Бас мешітте өткен ІІ Халықаралық Құран жарысы кезінде Палестинадан келген қариға арнайы «Көрермен көзайымы» номинациясын табыстап, өз тарапымыздан рухани тұрғыдан қолдау көрсеттік», – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Өз кезегінде Махмұд Әлхаббаш мырза Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атқарып келе жатқан жұмыстарына ризашылығын білдіріп, мүфтияттың діни келісім мен рухани үйлесімді нығайту тәжірибесін жоғары бағалайтынын атап өтті. Сондай-ақ ҚМДБ-мен қалыптасқан ынтымақтастықты жалғастыруға ықылас танытты.

Кездесу соңында тараптар қайырымдылық көмек көрсету мақсатында ҚМДБ-ға қарасты «Зекет және қайырымдылық» қорымен Палестинадағы ресми қайырымдылық қоры арасындағы серіктестік орнату бойынша уағдаласты. Сондай-ақ, ортақ бағыттар жөнінде пікір алмасып, алдағы уақытта өзара байланыстарды дамыту мүмкіндіктерін қарастыруға ниет білдірді.











Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.