Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ең абзал дұғалар

0 338

Дұға – пенденің әлсіздігін сезініп, шынайы ниетпен Алла Тағаладан көмек сұрауы.

Отбасылық өмірде ер мен әйел ғибадат мәйегі – дұға мәселесіне де қатты көңіл бөлгені дұрыс. Өйткені, адам баласының мұң-мұқтажын толық өтеуге Алладан басқа ешкімнің құдіреті жетпейді. Құранда Алла Тағала:

“(Уа, Мұхаммет!) Егер құлдарым снен Мен туралы сұраса, Мен оларға өте жақынмын, Маған жалбарынып, дұға еткеннің дұғасын жауапсыз қалдырмаймын. Ендеше, олар да Менің үндеуіме оңды жауап берсін және Маған лайықты түрде иман келтіріп, соның арқасында (ақыл-ой рухани тұрғыдан) кемелдену жолына түссін”, -деп адамзат баласының тілегіне жауап беретінін жеткізеді.

Құрандағы дұғалар

Уа, Раббымыз! Бізге осы дүниеде де жақсылық бере көр, ақыретте де жақсылық бере көр және бізді тозақ отынан сақтай көрші!

Уа, Раббым! Маған өз тарапыңнан пәк әрі қайырлық ұрпақ нәсіп ете көр! Шүбәсіз, Сен дұғалардың бәрін естушісің!

Уа, Раббым! Мені һәм ұрпағымның ішінен намазды кемеліне жеткізіп, үзбей оқитын құлдарыңнан ете көр! Уа, Раббымыз! Дұға-тілегімді қабыл етекейсің.

Уа, Раббымыз! (Алдыңда тұрып) есеп беретін күні мен, ата-анамды және күллі момын-мұсылманды кешіре көр!

Уа, Раббым! Маған және ата-анама нәсіп еткен қисапсыз нығыметтеріңне лайықты түрде шүкіршілік етуді және үнемі Өзіңді разы ететін игілікті істер істеуді көңілімен ұялатқайсың! Сондай-ақ, маған (иманды, ата-анасын құрметтейтін) ізгі ұрпақ нәсіп еткейсің! Расында, мен тәубе етіп, жан-тәніммен бір Өзіңге бет бұрдым. Анығында, мен Өзіңе қалтқысыз мойынұсынғандардың бірімін.

Сүннеттегі дұғалар

Нәресте туылғанда оқылатын дұға:

Алдымен нәрестенің құлағына азан шақырып, ат қояды. Құрмадан шайнап сілемейлеп таңдайына жағып, дәм татырады. Содан соң мына дұғаны оқиды:

Түрлі шайтан мен улы жәндіктердің, түрлі сұқ көздердің кесірінен (сақтай көр деп) Алланың мінсіз сөздеріне сыйынамын.

Таңертең және кешке оқылатын дұға

Есімі аталғанда көкте де, жерде де ешнәрсе зиянын тигізе алмайтын Алланың атымен (бастаймын). Ол барлық нәрсені толығымен Естуші және Білуші.

Жүректердің бір болуы және арадағы қарым-қатынастың жақсаруы үшін оқылатын дұға

Иә, Алла! Жүректерімізді бір етіп, арамызды жақсарта көр. Бізді Өзің разы болған жолдарға бастап, қараңғылықтан жарық нұрға шығар және үлкен күнәдан мейлі ол жария болсын, жасырын болсын, сақтай көр.

Қиындыққа тап болғанда оқылатын дұға

Йә, Алла! Сенен осы қиындықтың сауабын үміт етемін.Осы үшін мені жарылқап, маған бұдан да қайырлысын нәсіп ете көр.

Ашу қысқанда оқылатын дұға

Қуылған шайтаннан (сақтан көр деп) бір Аллаға сыйынамын.

Ауырып тұрғанда оқылатын дұға

Үш рет “Бисмилла” дегеннен кейін “Осы мазасыздық пен сырқатымның жамандығынан (сақтай көр деп) Алланың ұлылығы мен құдіретіне сыйынамын”.

Қарызға батқанда оқылатын дұға

Алла Тағалам! Арамына жоламайтындай етіп менің бар мұқтажымды адалынан өтеп берші! Игілігіңмен мені Өзіңнен басқаға жалынышты етпеші!

“Иман” журналы 2019 жылғы№1 сан. 23-бет

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.