Жүсіпбек Аймауытов: Әркімдікі өз қамы
Көк, сұр бұлттар көбейіп, шоғырмақтала, салмақтана бастады. Сөз жоқ, жаңбыр жауғалы тұр.
Тезек терген екі бала қаптарын толтыра алмай:
– Құрып қалғыр, тағы жауғалы келеді, - деп, үйлеріне қарай томпаңдады.
Малдан келе жатқан Шопанбай бір көзін қысып аспанға қарап:
– А, Құдай, жауса игі еді, береке болар еді, - деді.
Құртын өреге жаңа ғана жайып болған Қатша кемпір:
– Құдайдың күні құтырып кетті ғой!, - деп, текеметін ала жүгірді.
Егін салған шаруалар:
– Әй, бір төгіп берсе, еңбегіміз жанар еді, - десті.
Балшық басып, кірпіш құйып жатқандар:
– Қап, мына бұлттың түрі жаман, балшықты ағызады-ау, - десті.
Шөлде арбасының дөңгелегі сылқылдап, шабақтары қайта-қайта түсіп келе жатқан бір қалашы:
– Ай, бір тас қып берсе... ,-деді.
– Кептірмеді-ау! - деп, кір жайған қатындар кейиді.
sunna.kz