Бұлар – зікірдің арқасында надандықтан оянған зікіршіл жүректер. Нәпсілері рухани байып, жүректері иман нұрына толған. Бұлар төмендегі аят кәрималардың шартын орындауға қол жеткізген адамдар:
«Ей, иман етушілер! Алланы өте көп зікір етіңдер!» (“Ахзаб” сүресі 41)
«Раббыңның есімін зікір ет! Барлық жан дүниеңмен соған бет бұр!» (“Мүзәммил” сүресі 8-аят)
«Сондай салих адамдар бар. Оларға Алланы зікір етуге, намазды лайықты түрде оқуға және зекет беруге саудагерлігі де, сауда-саттығы да бөгет емес. Олар жүректер мен көздер қорқыныштан мың құбылатын бір күннен қорқады» (“Нұр” сүресі 37-аят).
Осы қасиеттегі жүрекке ие құлдарда Хақ Тағаланың жамалдық (көркемдік) сипаттарының көрінісі – жалалдық (айбындылық) сипаттарының көріністерінен басым болады. Және осындай жүрегі барлар – Алла (жәллә жәләлүһү), Расулаллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) және Құран Кәрімнің ахлағын бойына сіңіріп, кемелденген адамдар. Бұлар – Алла пен Расулына деген сүйіспеншілік, құлшыныс пен махаббаттың арқасында нәпсілік құмарлықтардан арылып, «мә-сиуәға» (Алладан басқасына) көңіл бұрмайтын жүректер. Мұндай жүректер Құран Кәрімде «қалб-и сәлим (таза жүрек)», «қалб-и мүниб (шынайы жүрек)» және «қалб-и мұтмайн (қанағатты жүрек)» деген сипаттарымен мадақталады. Алла Тағаланың алдында ұнамды болған жүректерді қысқаша былай түсіндіруге болады.
Қалб-и сәлим – нәпсінің құмарлықтарынан және олардың шабуылынан қорғана білген немесе арылған жүрек.
Қалб-и мүниб – үнемі Хақ Тағалаға бет бұрған жүрек. Ол фәни байлаулардың тұтқынынан құтылып, сүйіспеншілікпен әрі шабытпен мәңгілік әлемнің ләззаттарын алады. («Қаф» сүресі 32-33 аяттар).
Қалб-и мұтмайн болса, иман шаттығына бөленіп, жақсы ахлақтың кемелдігіне қарай бет алған жүрек. («Рағд» сүресі 28-аят).
Сәлим, мүниб және мұтмайн сипатына ие жүректердің белгілері: көңілшек, жаратылысқа мейірімді, көзі мен көңілі жасқа толы, өз халіне риза болу, хақ пен жақсылыққа қызмет, жамандықтан қашу, насихат пен дұрыс жолға ұмтылу, иләһи сүйіспеншілікке ынтық болу.
Шынайы ниетпен «дұға және истиғфар» айтумен қатар, «адал тамақтануға» көңіл бөлу осы жүрек дәрежесінің қоры болып табылады. Бұл қорды сақтау тек салих амалдар жасаумен ғана мүмкін болады. Адам болғандықтан күнәлардан үнемі аулақ болу мүмкін емес. Күнәлар жүректің сезімталдығын (қасиетін) азайтып, оны ақиқат алдында рухани соқыр әрі саңырау ететіндіктен, жүректің жағымды көріністерге ие болуы үшін шынайы истиғфар мен дұғаға жүгіну шарт.
материал «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,
sunna.kz