Бірінші шарт. Надандыққа қарсы білім, яғни куәлік сөзін айтушының осы кәлиманың мағынасын және нені теріске шығарып, нені бекіткенін білуі. Алла Тағала: «(Алланы) қойып, басқаларға дұға қылатындар (Қиямет күні) шапағат етуге ие бола алмайды, бірақ өздері білген күйлерінде шынайы куәлік бергендер ғана (шапағат жасауға рұқсат алады)», – деген.
Яғни «Лә иләһә илләллаһ» сөзіне куәлік беріп әрі тілімен куәлік бергенін жүрегімен «сенген күйінде» бекіткендер. Ал куәлік сөзінің мағынасын білмей немесе түсінбей айтқандар болса, соған өздері сенбегендері үшін оның пайдасынан мақрұм қалады. Сондықтан сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.с.) хадистерінің бірінде: «Кімде-кім Алламан басқа құдай жоқ екенін біліп дүниеден өтсе, жаннатқа кіреді», – деп білімді шарт еткен.
Кімде-кім жүрегіне осы кәлиманы орнықтырмаса, мағынасын түсінбесе, онымен амал етпесе, ол мұсылман болып есептелмейді. Мұсылман – Алланы жалғыз деп танитын, намаз, ораза, зекет, қажылық, дұға, медет, нәзір, құрбандық секілді барлық құлшылығын тек бір Аллаға арнайтын, Алладан өзге құлшылық етуге лайықты еш нәрсенің жоқ екендігін мойындаған адам. Ол Алладан басқа пайғамбарлардың, періштелердің, әулиелердің, пұттардың бірде-біреуіне құлшылық етпейді. Сондықтан Алла Тағала: «Раббың Өзінен басқа ешкімге құлшылық етпеуді бұйырды», – деген. Яғни Алла Тағала Өзінен басқаға құлшылық етпеуді әмір етті.
Екінші шарт. Күмәнға қайшы айқын сенім, яғни куәлік сөзін айтушы оны айқын сенімімен, күмәнданбастан айтуы тиіс. Егер ішінен күмәнданып, шек келтірген болса, айтқан кәлимасы пайда бермейді. Алла Тағала иман келтіргендерді: «Негізінде, нағыз иман келтіргендер – Аллаға және Оның елшісіне иман келтіріп, кейін күмәнданбағандар», – деп сипаттаған. Кәлиманы тілімен айтып, оған іштей күмән келтіргендерді мұнафық деп айтады. Мұнафықтар өздерін сырттай мұсылман бейнесінде көрсеткенімен, Алла алдында дінсіз болып есептеледі. Алланың елшісі (с.а.с.): «Осы дуалдың сыртында жүрегімен айқын сеніп, «Лә иләһә илләллаһ» деп куәлік берушілерден кімді кездестірсең, оны жаннатпен сүйіншіле», – деген. Бұл «кімде-кім айтқанына жүрегімен сенбесе, жаннатқа кіруге лайық емес» дегенге саяды.
Үшінші шарт. Құлшылықты тек қана Аллаға арнау және Одан басқаға құлшылық жасаудан бас тарту секілді мәселелерді қамтыған бұл кәлиманы толық қабылдау. Кәлиманы айтып, оны толық қабылдамаған және толық ұстанбағандар туралы Алла Тағала: «Расында, олар өздеріне «Лә иләһә илләллаһ» (сөзі) айтылғанда тәкаппарлық қылып, «Есінен адасқан ақынға бола өз тәңірлерімізді тастаймыз ба?» – десті»;
«Олар өздерінен шыққан бір ескертушінің келгеніне таңырқады да, кәпір болғандар: «Бұл сиқыршы, өтірікші. (Көп) тәңірлерді бір ғана тәңір қыла ма? Әрине, бұл – тым ғажап нәрсе!» – деді. Олардың дөкейлері келіп: «Өз құдайларыңа (құлшылық қылуда) сабыр етіп жүре тұрыңдар. Әлбетте, бұл – (сөз Мұхаммедтің бізді және пұттарымызды құрту үшін) қалағаны. Тіпті біз мұны соңғы дінде (яғни христиан дінінде) де естіген емеспіз. Бұл – барып тұрған өтірік», – деді», – деген.
Себебі арабтар бұл сөздің мағынасын түсініп, оны айтқан адам Алладан басқа ешкімге жалбарынбауы тиіс екенін білген. Білсе де, бұл кәлиманы айтудан бас тартқан. Бұл көрініс қазіргі кездегі өлілерден қолдау тілегендердің халіне ұқсайды. Олар «Лә иләһә илләллаһ» кәлимасын айтқанымен, дүниеден өткендерге сиынып, қабірлерге табынады. Сондықтан олар «Лә иләһә илләллаһ» сөзін толық қабылдаған болып есептелмейді.
Төртінші шарт. Кәлимада қамтылған мағыналарға сырттай және іштей бағыну. Алла Тағала: «Кімде-кім көркем түрде амал жасаушы болған күйінде Аллаға жүзін бағындырса, «берік тұтқадан» ұстанған болады», – деп айтқан.
Кейбір тәпсіршілер аяттағы «берік тұтқаны» «Лә иләһә илләллаһ» сөзі деп түсіндіреді. Ал «жүзін бағындыру» ықыласпен берілгендікті білдіреді. Демек, көркем түрде амал жасағандар «берік тұтқадан» ұстанған болып, апатқа ұшыраудан аман қалады да, көптеген игілікке қол жеткізеді. Керісінше, жүзін Аллаға бағындырмаған немесе көркем түрде амал жасамағандар «берік тұтқадан» айырылады да, нәтижесінде кесапаттарға ұшырайды.
Бесінші шарт. Өтірікке қайшы келетін шыншылдық. Яғни бұл сөзді жүрекпен растап айту. Оны жүрегімен растамаған адам жалған сөйлеуші әрі мұнафық болады. Алла Тағала «Бақара» сүресінің алғашқы аяттарында: «Адамдардың ішінде: «Біз Аллаға және Ақырет күніне иман келтірдік», – дейтіндер бар. Алайда олар мүміндер емес. Олар Алланы және иман келтіргендерді алдамақшы болады. Негізінде, олар өздері сезбеген күйлерінде өздерін ғана алдайды. Олардың жүрегінде дерт бар. Алла олардың дертін арттырсын. Сондай-ақ оларға өтірік айтқандары үшін күйзелтуші азап бар», – деген.
Муғаз ибн Жәбал жеткізген хадисте Алланың елшісі (с.а.с.): «Алладан басқа құдай жоқ және Мұхаммед Алланың елшісі екеніне шынайы жүрегімен куәлік берген әрбір адамды Алла тозаққа харам етеді», – деген.
Алтыншы шарт: Ықылас. Яғни амалды ширк қоспаларынан тазартып, оны тек Алланың дидары үшін орындау, ол арқылы дүние қызықтарынан дәмеленбеу және адамдар арасындағы атақ-даңқты мақсат тұтпау. Алла Тағала: «Аллаға дінді (яғни амалды) ықыласты түрде орындаған күйіңде құлшылық жаса!» – деген.
Ғитбан (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Расында, Алла жәһаннамға Алланың дидарын қалап «Лә иләһә илләллаһ» деп айтқан кісіге (құшақ жаюын) харам етті», – деп айтқан.
Жетінші шарт: Сүйіспеншілік. Яғни бұл сөзге, оның меңзеген мағынасына және оған амал етушілерге деген сүйіспеншілік, оларды жақсы көру. Алла Тағала: «Адамдардың ішінде Аллаға басқаларды теңестіріп, оларды Алланы жақсы көргендей жақсы көретіндер бар», – деген.
«Лә иләһә илләллаһ» сөзін айтушылар Алланы ғана жақсы көреді. Ал мүшріктер Алламен бірге өзгелерді жақсы көріп, оларды Аллаға теңестіреді. Бұл – «Лә иләһә илләллаһ» мағынасына кереғар әрекет. Сондықтан Алланың елшісі (с.а.с.) Аллаға деген сүйіспеншіліктің маңыздылығын көрсетіп: «Бойында мына үш (қасиет) болған адам иман ләззатын сезінеді: Алла мен Оның елшісін барлығынан артық жақсы көру, кісіні тек Алла үшін жақсы көру және тозаққа тасталуды қандай қаламаса, күпірлікке қайтуды да сондай қаламау», – деп айтқан.
Міне, бұл – «Лә иләһә илләллаһ» сөзінің шарттары. Біз оларды тек мәлімет үшін ғана емес, амал жасау мақсатында келтірдік. Әркім осы шарттарды түсініп, өзінің айтқан кәлимасының, тіпті Аллаға келтірген иманының қай дәрежеде екенін анықтай алады. Кемшіліктер болған жағдайда оны толтырып, толық болса, оны әрі қарай дамыта береді.
материал «Құлшылық және сенім» кітабынан алынды,
sunna.kz