Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бас мүфти астаналық қажыларды қасиетті сапарға шығарып салды

Бас мүфти астаналық қажыларды қасиетті сапарға шығарып салды

0 82

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Астана халықаралық әуежайында қажыларымыздың кезекті легін қасиетті мекенге шығарып салды.


Шығарып салу рәсімінде Бас мүфти қажылармен жүздесіп, ислам дініндегі бесінші парыз – қажылықтың рухани мәні мен мұсылман өміріндегі маңызы туралы насихат айтты.

«Қажылықтың үш парызы болса, соның бірі ихрамға кіру. Ол дегеніміз денемізге екі бөлек матаны орау ғана емес, сонымен бірге жан дүниемізден рухани болмысқа өту деген сөз. Махшар әлемінде Алла Тағаланың құзырында тұрғандай сезімге өтіп, барлық адам атақ мансаптарын ұмытып, «Ләббәйка» деп, Алланы көріп тұрғандай «Ихсан» күйіне өтіп, Алланың ризашылығын қалап, күнәләрінің кешірілуін тілеп, қажылықтың тәртіптерін қаз қалпында орындауға ниет қылады. Абай атамыз: «Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз» дегендей иманның парыздарын мойындап, жан дүниесімен сеніп, қабылдап қана қоймай, сол иманнан айырылып қалмайтындай білімді де игеру керек»,- деді ҚМДБ Төрағасы.

Сондай-ақ, салтанатты шараға Сауд Арабия Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Файсал бин Ханиф мырза да қатысып, қажыларға ізгі тілегін білдірді:

«Бүгінгі игі шараға аса қадірлі Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен бірге қатысып, қажыларымызды шығарып салу мен үшін үлкен мәртебе. Былтырғы қажылық біте салысымен биылғы қажылық сапарын ұйымдастыруға бірден кірісіп, оған қатысты тиісті шараларын орындап, ұлы сапарға шыққан әрбір азаматтың арнайы тіркеу рәсімдерін, визаларын дер кезінде реттеген ҚМДБ – дағы әріптестерімізге алғысымыз шексіз. Соның нәтижесінде бүгінгі тамаша сәтке куә болып отырмыз. Бұл – Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы тығыз қарым-қатынастың айқын көрінісі. Қасиетті мекенге аттанып жатқан қажылардың жасайтын құлшылықтары қабыл болып, күнәлары кешіріліп, елдеріне аман-есен оралуымен  шын жүректен тілектеспін.»

Айта кетейік, биыл 4500 отандасымыз қажылық парызын өтейді. Оларға лицензиясы бар 15 қажылық компаниясы қызмет көрсетеді. ҚМДБ жанынан құрылған Қазақстан Қажылық миссиясы ұйымдастыру-үйлестіру, алғашқы медициналық көмек, уағыз-насихат, пәтуа беру және ақпарат тарату сынды бес бағытта қажыларға қызмет көрсетеді.













Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.