Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен Құрбан айт мерекесіне дайындықты пысықтау мақсатында арнайы жиын өтті.
Жиынға ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ермек Қасболатұлы, «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы, облыстық халалға және пәтуаға жауапты мамандар мен қасапшылар қатысты.
Жиын барысында Құрбан айт кезінде шариғат талаптарына сай құрбандық шалу тәртібі, қасапшылардың біліктілігі, санитарлық-гигиеналық талаптар және халал стандарттарына сәйкес ет өнімдерін өңдеу мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, әр өңірде құрбандық шалу процесін жүйелі ұйымдастыру, бақылау және түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттілігі айтылды.
Шариғат және пәтуа бөлімі мамандары құрбандық шалуда малдың жарамдылығы, сою тәртібі мен ниеттің дұрыстығына тоқталып, діни үкімдермен қатар санитарлық талаптарды сақтаудың маңызын атап өтті.
Наиб мүфти өз сөзінде Құрбан айт – мұсылман үмбетінің бірлігін, бауырмашылдығын арттыратын ұлы мереке екенін атап өтіп, құрбандық шалу – үлкен жауапкершілік пен мұқият дайындықты талап ететін құлшылық екенін жеткізді.
Жиын соңында қатысушыларға тапсырмалар жүктеліп, сауапты да жауапты шараны абыроймен атқару тапсырылды.