Мекке қаласында қажылық рәсімдерін аяқтаған қазақстандық қажылардың алғашқы легі елге оралды.
Жидда – Алматы бағыты бойынша тікелей рейспен ұшқан 300-ден астам отандасымызды наиб мүфти Кенжетай Байкемелұлы бастаған Қазақстан қажылық миссиясы мүшелері ақ жол тілеп, шығарып салды. Өз кезегінде қажыларымыз да ұлы сапардан алған әсерін бөлісіп, қасиетті мекенде қажылықты еркін атқаруына жәрдемдескен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұжымына алғысын жеткізді.
Сондай-ақ қажыларымыздың кейбір бөлігі қасиетті Мәдина қаласына аттануда. Олар ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітін зиярат етіп, Мәдина халықаралық әуежайынан елімізге ұшады.
Айта кетейік, биыл Қазақстан қажылық миссиясы Мекке қаласында ашылған жұмыс кеңсесінде бес бағыт, яғни уағыз-насихат, алғашқы медициналық көмек, ұйымдастыру-үйлестіру, пәтуа беру, ақпарат тарату бойынша жұмыс істеді.