Бүгін, қасиетті жұма күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Алмат Әли Ақтөбе қаласының бас имамы болып тағайындалды.
Ақтөбе қалалық орталық мешітінде өткен жұма намазында облыстың бас имамы Амантай Садиев Бас мүфтидің бұйрығын жамағатқа таныстырып, жаңадан тағайындалған имамға сәттілік тіледі. Сонымен қатар осы уақытқа дейін қала имамы қызметін атқарған Нұрлыбек Шакиазадаұлына алғыс білдірді.
Алмат Амангелдіұлы — Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының тумасы. 1998–2002 жылдары Шымкент қаласындағы «Өтес-Баты» Ислам институтында білім алып, «Имам-хатиб» мамандығын бітірген. Сонымен қатар Алматы қаласындағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтында, Түркияның Бурса қаласында және Мәскеу ислам институтында біліктілігін арттырған. 2024 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің тарих мамандығын тәмамдаған.
Ол бұған дейін Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы, ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының және «Халал Даму» мекемесінің өңірлік өкілі қызметтерін атқарды. Жалпы дін саласында 23 жылдық тәжірибесі бар.