Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жетісуда жаңа мешіт ашылды

Жетісуда жаңа мешіт ашылды

0 167

Жетісу облысы, Ескелді ауданы, Бақтыбай ауылында жаңа мешіт ел игілігіне пайдалануға берілді.


Игі іс-шара қасиетті Құран аяттарын оқумен басталып, еліміздің амандығы мен жұртымыздың тыныштығы үшін арнайы дұға жасалды. Ашылу рәсіміне қатысқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мешіт салудың сауабы жайлы насихат айтты.

«Жаратушы Раббымыз Құранда «Шын мәнінде, мешіттер Алланікі», – деп айтқан. Иісі мұсылман қауым мешіттерді «Алланың үйі» деп қастерлейтіні сондықтан. Өйткені мұнда жұрт Жаратқан Иемізге құлшылық-ғибадат жасап, жүрек тыныштығын табады. Ақыретіне сауап жинайды. Республикамыздың әр түкпіріндегі мыңдаған мешітте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкерлері, имамдар жақсылыққа, ізгілікке, мейірімге, адалдыққа шақырып, үздіксіз уағыз-насихат айтып келеді. Яғни, Алла үйінде айтылатын насихаттың қоғамды тәрбиелеуге, түзетуге маңызы зор. Мешіттеріміздің жанындағы медреселер мен сауат ашу курстары жылына мыңдаған шәкіртті ілім-білім нәрімен сусындатады. Сонымен қатар, азан шақырып, сәбиге ат қою, жас жұбайлардың некесін қию, дүние салған кісінің жаназын шығарып, ақтық сапарға шығарып салу, марқұмдарға Құран бағыштау, дұға ету тәрізді дүниелер де мешіттерде атқарылады. Бұдан бөлек, жабыққанға жігер беру, сүрінгенді сүйеу, адасқанға жол көрсету, мұқтаждарға жәрдемдесу тәрізді істер де Алла үйінде жүзеге асатыны ақиқат», – деді өз сөзінде Бас мүфти.

Сондай-ақ, Наурызбай қажы Тағанұлы ауыл тұрғындарын мерейлі сәтпен құттықтап, мешіттің салынуына үлес қосқан азаматтарға алғысын білдіріп, демеушілердің атынан Бақтыбай ауылдық мешітінің имамы қызметіне тағайындалған Қабылбол Мұратханұлына умра қажылығына жолдама сыйлады.

Айта кетейік, жаңа мешітте бір мезетте 800 адам құлшылығын өтей алады.





















Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.