Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барды. Бас мүфти жұмыс сапарын Ақтөбе қаласындағы орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің жамағатымен жүздесуден бастады.
Құптан намазына жиналған жамағатпен жүздесуде Бас мүфти мұсылман адам жасайтын ғибадат-құлшылығының, оқитын намазының қадір-қасиетін түсініп, орындау барысында рухани ләззат алуы үшін қажетті сипат – хушуғ жөнінде уағыз-насихат айтты.
Хушуғ – мұсылманның ғибадат-құлшылығына жан бітіріп, оны ерекше рухани ләззатпен орындауына, ақыретте есепсіз сауапқа кенелуіне себепші болады. Намазында хушуғ танытушы Алла Тағаланың көріп тұрғанын сезініп, Онымен тікелей тілдесіп тұрғандай күйде болады. Бір намаздан кейін екінші намазды сағынып тұрады. Сондықтан да Алла Тағала қасиетті Құранда: «Сабыр және намазбен жәрдем тілеңдер. Расында намаз хушуғ танытушылардан басқаларға ауыр келеді» , – деген. «Кәбират-ун» (كبيرة) сөзі «қиын, ауыр» деген мағыналарды білдіреді. Аятта намазды хушуғсыз оқушылар үшін ол ауыр болатыны айтылу арқылы хушуғтың ғибадаттағы маңызы меңзелуде. Кейбір ғалымдар бұл аятта намаздағы хушуғтың міндеттілігі баяндалып тұрғанын айтқан», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бас мүфти уағыз-насихаттан соң мешіт жамағатымен бірге құптан намазына қатысып, ел амандығы үшін арнайы дұға жасады.















