Бүгін Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Бір баланы киіндір» атты қайырымдылық акциясы болып өтті. Алдағы оқу жылына орай ұйымдастырылған қайырымдылық шарасына ҚМДБ-ның төраға орынбасары, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлы мен Астана қаласы Дін істері басқармасының бөлім бастығы Нұрдәулет Әлмұқан мырзалар қатысып, жамағатқа ізгі тілегін білдірді.
Жиналған қауымды келе жатқан Білім күнімен құттықтап өткен Серікбай қажы Сатыбалдыұлы аталмыш шараға атсалысқан демеуші азаматтарға алғысын білдіріп, білім жолындағы бүлдіршіндерге сәттілік тіледі. Асыл дініміздің білім-ғылымға деген ерекше құрметі жайлы айта келіп, егеменді еліміздің ертеңі болатын жас ұрпақты жақсы оқып, білімді болуға үндеді. Сондай-ақ, Нұрдәулет Әлмұқанұлы да жас ұрпақты білім нәрімен сусындатудың маңыздылығына тоқталып, осы орайда «Әзірет Сұлтан» мешітінде атқарылып келе жатқан түрлі шаралардың ел ертеңі үшін жасалған игі қадам екенін жеткізді.
Шара аясында Астана қаласындағы тұрмысы төмен отбасылардағы 300 оқушыға жалпы құны 3 900 000 теңгеге қажетті құрал-жабдықтар (күнделік, дәптер, қалам-қарындаш, сызғыш, өшіргіш, т.б.) салынған мектеп сөмкесі мен ақшалай көмек көрсетілді.
Айта кетейік, «Әзірет Сұлтан» мешіті ашылғалы бері желісі үзілмей келе жатқан «Бір баланы киіндір» қайырымдылық акциясы осымен бесінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Акция аясында жәрдем алған бүлдіршіндер саны жыл санап артып келе жатқаны тағы бар. Қайырымдылық шараларының қара шаңырағы атанған «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі әрбір шараның жыл сайын жаңа деңгейге көтеріліп, ауқымы кеңейіп келе жатқаны көңіл сүйсінтеді.
Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!