Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

НҰРЛАН РАМАЗАНОВ: ЖАНАЗА ЖӘНЕ ЖЕРЛЕУ РӘСІМДЕР…

0 2  025
Ерте ме кеш пе, кез келген жанның дәм-тұзы таусылады.  Ал, қайтқан жанды арулап жерлеп, ақтық сапарға шығарып салу – әр мұсылманның міндеті. Бұл міндет атам заманнан бері шариғат қағидаларымен атқарылған, солай жалғасып та келеді. Алайда елімізге сырттан келіп жатқан деструктивті діни идеологиялардың әсерінен шариғат талаптары, діни амал мен рәсімдерге қатысты келіспеушіліктер көбейіп кетті. Осыған байланысты байланысты ел көкейінде жүрген  сауалдарды «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Нұрлан Рамазановтан сұраған едік.

IMG 0260 копия

– Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабы жарыққа шықты.  Неліктен осы жөн- жоралғылар бойынша қоғамда түсінбестік бар?

– Тәуелсіздік алып, дәстүрлі дінімізге бет бұрған қоғамда әлі де аймақтық ерекшеліктер кездеседі. Әсіресе, елді жаназа тақырыбына қатысты көп мәселелер толғандырады. «Әр жердің салты басқа» десек те, шариғат үкімдері – күллі мұсылман үмбетіне ортақ. Деструктивті діни идеялардың салдарынан болып жатқан осындай мәселелерге қатысты дер уақытында жауап беріп, өз позициямыз бен көзқарасымызды анықтап алу күн тәртібіндегі мәселеге айналды. Қарама-қайшылықтар мен талас-тартыстарды жойып, діни рәсімдерді бірізділікке түсіріп, жаназа  мен жерлеу рәсімдерінің жамағатқа бірдей бірыңғай үкімдерін жеткізу үшін жүйелі еңбек шығару қажеттілігі осыдан туындады. Сөйтіп, Діни басқарманың бастамасымен «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабын шығарған болатынбыз.

Кітап Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесі мүшелерінің қызу талқылауымен, ортақ келісімімен көпшілікке жол тартты. Тақырыпқа қатысты өзекті мәселелер исламтанушы, дінтанушы, теолог мамандармен қатар, жалпы оқырман қауымға түсінікті тілмен жазылған. Айталық, бірінші бөлім ажалдың айтып келмейтіні жөнінде Құран Кәрімнің сүрелері арқылы жеткізеді, дінімізде өлімді еске алудың артықшылығын баяндайды, хадис шарифтердің негізінде өсиет қалдырудың, аманатқа қиянат жасамаудың маңызына тоқталады. Сонымен қатар, жан тәсілім еткеннен кейінгі шаралар, мәйітті жуындыру мен кебіндеу, жаназа намазының шарттары, оқу үлгісі, жаназа үкімдері, мәйітті жерлеу, қабірді зиярат ету секілді маңызды мәселелерді ұсынады. Алайда, біз зайырлы ел болғандықтан, бұл аталған жағдайлардың барлығы нұсқаулық, кеңес бағытындағы еңбек болып табылады. Яғни, Қазақстан мұсылмандары үшін діни басқарманың ұсыныс нұсқаулығы.

Жаназа мен жерлеу рәсімдері өте ауқымды тақырып. Сол себепті де діни басқарама бұл бағыттағы жұмыстарды толықтай ретке келтіру үшін үлкен энциклопедия дайындалу үстінде. Жалпы салт-дәстүрімізді зерделеп, ділімізбен дінімізге байланысты діни рәсімдерді, жер-жеріндегі аймақтық ерекшеліктерін зерттеп үлкен жұмыс жасмақ оймыз бар. Бұл – кешенді жұмыс, яғни, нәтижесі бүгін-ертең емес, ұзақ мерзімді талап етеді. Егерде, діни рәсімдер бойынша бірізділік пен ел болып бір қалыпты таңдап жатсақ, ол ел ішінде діни ахуалымызға нұқсан келтіруді көздейтін деструктивті топтарға қарсы жасалған ең бір ұтымды амалымыз болар еді.

Қазақта кісі қайтқаннан кейін жетісін, қырқын, елу екілік, жүзі, жылы секілді құдайы астары беріледі. Осы рәсімдер жайында шариғаттың үкімдері қандай?

– Жетісі, қырқы, жылы шариғатта нақтылы белгіленбегендіктен, оны тек рәміздік атау ретінде орындаса болады. Негізінде жетісін, қырқын, жүз күндігін Ханафи мазхабының ғалымдары марқұмның жаназасына қатыса алмаған алыстағы ағайын-туысы көңіл айтып, көрісу үшін жасалатын «мубах» (рұқсат етілген) жоралғылардың қатарына жатқызады. Бірақ ас беру шариғатымыздың міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды. Алайда, ас берудің сауапты іс екенін хадистерден және кейбір Құран аяттарынан байқаймыз. Бұл амалдардың барлығы ата-бабаларымыздан салт болып келе жатырған, біздің дәстүрімізге айналған жөн-жоралғылар.

Ас берудегі сауапты үшке бөлуге болады. Біріншісі – марқұмның рухына құран бағыштап, Алладан күнәлары оның кешірілуін тілеп дұға жасау, әрі оны еске алу. Мұсылманның діни танымы саласындағы мәшһүр еңбектердің бірі «Тахауи ақидасы» кітабында: «Тірілердің дұға-тілектері мен садақалары өлгендерге пайда береді» делінген. Сондай-ақ,  хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Өлген кісілеріңізді жақсылықпен еске алыңдар» деген.

Екіншісі – туған-туыс, көрші-қолаңның басын қосу. Адамның қайғы-қасіретіне ортақтасып, көңіл айтып туған-туыстың жиналуы – дінімізде құптарлық амал.

Үшіншісі – сауабын қайтыс болған кісіге атап, жоқ-жітіктерге, мұқтаж жандарға тамақ таратып, ас беру абзал. Қарны аш адамның бойына тамақ барып, күш-қуат дарығанда, ол ризашылығын айтып, шын жүректен дұға тілейді. Соның сауабы марқұмға тиеді. Жалпы құдайы ас болсын, немесе үлкен ас берген кездері халыққа діни уағыз айтып, торқаны тойға айналдырып бос сөздер айтылуға біз қарсымыз, жергілікті өкілдерімізге де осыны айтамыз. Себебі, барлық жердегі имам, молдалар діни басқараманың ұстанымын бөліседі деп толық кесіп айта алмаймыз, қазір сенімдері сан алуан, деструктивті идеяларды арқалап жүрген адамда ертең бір жерде мешіт салып алып, өзі имам болып отыруы мүмкін. Біз тұтастыққа қарсы, заңға қайшы қандай да болмасын әрекеттерді құптамаймыз.

– Соңғы уақытта Қазақстан мұсылмандары діни басқарамасының  кейбір аймақтарындағы өкілдіктері мен жергілікті ақсақалдар алқасы ас берудің жалпыға ортақ мәзірін бекітіп, дастарқанды сол бойынша жаюды өңірлерде міндеттеп келеді…

– Ия, дұрыс айтасыз. Өңірлерде осындай игі бастамалардың көтеріліп жатқандығы рас. Алайда, осы арада атап кету керек жәйт, біз тек қана Қазақстан мұсылмандарының басын біріктіруші ұйым ғанамыз, елімізде атазаңызбен және де ар-ұждан, діни қызмет жөніндегі заңдарымыз бойынша ешкімге ешнәрсені міндеттей алмаймыз. Біздің айтармыз абзалы осы деген ұсыныстарымыз ғана. Дінімізде міндетті түрде қарызданып, өзіне жетпей жатқан қаржыдан жырып, мал сойып садақа бер деген үкім жоқ. Құдайы ас берілген жағдайда ысырапқа жол ашпау керек. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда ас беру бәсекелестікке айналғандай. Елден қаламыз ба, «Жұрттан ұят болмасын» деген түсінікпен адамдар шама-шарқына қарамай, кредит алса да, қарызға батса да, әйтеуір бір мол дастарқан жайып ас беру әдет болып кеткен.

Қаралы үйдің дастарқаны – той емес. Жұпыны болу керек. Қазіргідей салаттың түр-түрі, мүше-мүше ет, алуан жеміс-жидек емес, ең қажетті деген тағамдар тұрса жеткілікті. Құранның Ағраф сүресінде Алла Тағала: «Ішіңдер, жеңдер бірақ, ысырап қылмаңдар. Өйткені Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді!» десе, Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қалағаныңның барлығын жеу, харам ретінде жеткілікті» (Ибн Мажә, Әтғима, 51) деген еді.

Ақшаңыз тасып бара жатса, өліге сауабы үздіксіз тиіп тұратын амалдар неге жасамасқа? Әбу Һурайрадан (р.а) риуаят етілген хадисте Алла елшісі (с.ғ.с): «Адам өлгенде оның үш нәрсесінен: тоқтаусыз садақасынан, пайда келтіретін білімінен, артынан дұға қылатын игі жақсы баласынан басқа барлық іс-амалы тоқтайды» деген жоқ па?! Сауабын марқұмның атына атап, адамның пайдасына жарар ғимарат сал, жетім-жесірге көмектес. Ниеттенген жанға сауапты істер көп қой.

 Еліміз бойынша баршаға тиімді болатын Құдайы астың ортақ мәзірін әзірлеп, көпшілік қауымға ұсынған болатынбыз. Алайда, жоғарыда айтқанымдай  ҚМДБ мұндай ас берудің жалпыға ортақ мәзірін бекітіп, дастарқанды сол бойынша жаюды халыққа міндеттей алмайды. Діни басқарманың ондай құзыреті жоқ. Дегенмен де «өмір бар жерде өлім бар» демекші жергілікті ақсақалдар алқаларының бастамаларына ел ағалары, ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, мешіт жамағаты бұл бастамаға үлкен қолдау көрсетіп жатыр.

– Асты мүрде шықпай тұрып, әлде жаназа оқылған соң берген дұрыс па?

– Имам Алау ад-Дин Касани әл-Ханафи (р.а.) өзінің «Бәдәиъус-Санаиъ» атты кітабында: Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Мәйіттеріңді жерлеуге асығыңдар. Мәйіт жақсы кісі болса жақсылығына жылдам жеткізіңдер» деген хадисіне байланысты мәйітті жерлеуді асықтыру мұстахаб, яғни жақсы амал деген. Мәйітті жерлеуді кешіктіру – сүннетке, мәйітті құрметтеуге қайшы әрекет.

Сондай-ақ, шариғатымызда «Қаралы үйден түтін шықпасын», «Қазалы үйде үш күнге дейін қазан асылмасын» деген бар. Шаңырақтарына өлім келіп, аза тұтып, қара жамылған үйге көршілері, туыстары тамақ беріп көмекке келуі – сүннет. Сахаба Жағфар опат болғанда, Алла елшісі (с.ғ.с) өзінің отбасына барып: «Жағфар әулеті мәйіттерінің ісімен әуре болуда, сондықтан оларға тамақ әзірлеңдер» деген.

Қазір керісінше, қайғысымен әлек болған марқұмның отбасы базар жағалап, ет асып, келімді-кетімді кісілерді күтумен әбігерге салынады. Мәйітті бірнеше күн жатқызып қойып, кісі күтудің қамына кірісу – марқұмға обал. Мұсылманның мойнындағы кезек күттірмейтін негізгі міндет – мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназасын оқу және жерлеу істері.

Осы жерде ескере кететін жайт, елімізде көп жағдайда мәйітті жерлеу ісін үшінші күнге дейін кешіктіріп жатады. Әрине, бұның өзіндік себептері бар. Еліміз кең-байтақ, әр өңірдегі туған-туыстар жақынын ақтық сапарға шығарып салу сәтінде бірге болып, жаназа намазына қатысуды ниет етеді. Осыған байланысты қаралы үй иелері көңіл айтушыларды қабылдау мақсатында үйінде 3 күн аза тұтуына болады.

– Марқұмның киімін үлестіруге, жыртыс таратып, оған таласуға бола ма?

– Бұл амалдарды дініміз жүктеген, міндетті түрде істелуі тиіс «парыз» деп түсінбеген жөн. Ертеректе қайтыс болған кісінің киімін «тәбәрік» ниетімен елге тарататын. Ал бүгінде бұл әдет жағымсыз сипат алуда. Марқұмның күнделікті киімін емес, дүкеннен алынған жаңа киімді тарату талабы – шариғатта жоқ. Біреулер баяғы «ұят болмасын» деген жалған түсінікпен шығындалып, қымбат киімдер таратып жатады. Істің арты өзгелермен  бәсеке, бақталастыққа да ұласып жатады. Олай жасау ысырапқа әкеп соғады, күнәға батырады. Екіншіден, жыртыс таратқаннан гөрі, оған кететін қаржыны жетім-жесір, жоқ-жітіктерге берген әлдеқайда сауапты.

– Тірі кезінде жерленетін жерін алдын ала белгілеп сатып алу үрдісі қалыптасып келеді. Дінімізге қайшы емес пе?

– Қазір зәулім күмбездер, қорғандар тұрғызу кең етек жайды. Он адам жерлейтін орынға бірен-сараң адамның мәйітін қою, біріншіден жерді тарылту, екінші жағынан «одан кембіз бе?» дегендей бәсекелестікті тудыруы мүмкін. Ал, қабірді биік күмбездермен қоршау бәлеңбай ақшаны қажет етіп, тіріге әжептәуір салмақ түсіреді. Сондықтан бұл әрекеттер дінге қайшы. Жалпы, Қасиетті Құран Кәрімде: «Ешкім ертең не істейтінін білмейді, әрі ешкім қай жерде өлерін де білмейді» делінген. («Лұқман» сүресі, 34-аят).   Бұдан қабірді дайындау емес, қабірге қамдану философиясы шығады.   Яғни, жер іздеудің орнына адам өз-өзін өлімге, қайтар күнге жақсы амалдармен дайындағаны абзал.

– Кей өңірлерде ақысына жоқтау айтатындар шығыпты дейді-мыс. Бұл өзі жөн әрекет пе?

– Жоқтау айту үшін кісі жалдау тіпті қате, надандық. Жақыны қайтыс болғанда шектен тыс қайғырып, діни-имани құндылықтарға теріс іс-әрекеттер жасау мәйітке пайда бергеннің орнына, ауыр тиеді. Жоқтауды бөтен емес, жақыны айтады. Оның өзінде, дауыс көтермей жылауға ғана рұқсат. Әбу Ханифа (р.а) мазхабында қайтыс болған кісіні өкіріп жылап жоқтау – харам. Мәйіттің бар жақсылығын санамалап, өксіп, бетін тырнап, киімін жыртып, шашын жұлып, шариғатқа қайшы сөздер айту күнә. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Біреу қайтыс болғанда бетін ұрғылап, тырнап, үстіндегі киімін жыртып, надандық дәуіріндегідей айқайлап жылаған адам бізден емес» деген.

Өлім – Алланың пендеге жетер бұйрығы. Оған сабырлық танытуымыз керек. Әбу Муса жеткізген хадисте Алла елшісі (с.ғ.с) мүміннің бауыр еті баласы қайтыс болғандағы жағдайды баяндайды. Алла тағала бұл ауыр қазаға пендесінің «Бәріміз Аллаға тәнбіз және бәріміз де (уақыты келгенде) Оған ораламыз» деп мадақ айтқанын естігенде, періштелеріне сол құлы үшін жәннаттан зәулім сарай салып, оны «Байтул-хамд (Мадақ сарайы) деп атауды бұйырады. Сондықтан тағдырға наразылық танытып, ес-түссіз жоқтамай, барынша сабырлы болу – әр мұсылманның міндеті.

Жалпы, дін өмірімізде мәселе туындататын факторға емес, қайта оны жеңілдететін, тұрақтылық пен бейбіт өмірдің салтанатты нышанына айналу керек. Тәуелсіз еліміздің бұл салада ұстанып отырған сарабдал саясаты оған бірден- бір дәлел. Себебі, сандаған ұлт пен этностардың әртүрлілігі мен жүздеген конфессиялардың басын бір шаңырақ астына жинап, бейбіт тұрақты дамуға жағдай жасап отырған мемлекетпіз. Бір ғана мұсылман қауымының арасындағы түсінбеушіліктердің пайда болуы елдігімізге ұятты. Салт санамыз бен руханиятымызбен, ғасырларды тоғыстырған тарихымызда дін мәселесіне келгенде алауыздық пен асыра сілтеу болмаған. Ешқандай да діліміз бен дінімізге жат діни ағымдардың тұрмысымыз бен салтымызға айтар немесе нұсқар жағдайы болмау керек, түптің түбінде айтылған мәселелер бойынша ортақ мәмлеге келеріміз анық.

-Рухани әңгімеңізге Алла разы болсын!

Сұхбаттасқан Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.