Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жұманазар САДЫРХАНОВ: ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДА ДА ҚАРИЛАР АЗ БОЛМАҒАН…

0 6  729

Бабалар аузындағы «сертім Құранда» деген сөздің өзінен қазақтың бұл кітапты қаншалықты ұлықтағанын аңғару қиын болмас. Ал өздерінің саналы ғұмырын Құран сазымен өрнектеген жандар қазақ даласында аз болмаған. Бұл жолғы әңгіме ардақты пайғамбарымыздың (ﷺ) бізге жеткізген ұлық аманатын арқалаған азамат Астана қалалық Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің бас имамы, қари Жұманазар Садырхановпен жалғасты.

– Күллі ғаламның негізі саналатын қасиетті Құранның әр қарпінен сауап терген азамат ретінде қарилықтың қыр-сырын айтып берсеңіз…

– Бисмиллаһи рахманир рахим. Әлбетте, қарилық пен хафиздық – Алланың пендесіне берген айрықша бір нығметі әрі жауапкершілігі күшті аманаты. Яғни, ешкім тартып ала алмайтын ұлы сый, ешкім ортақтаса алмайтын аса маңызды міндет. Алла пендесін күпірлік пен риядан сақтасын! «Күллі ғаламның негізі саналатын қасиетті Құран» деп өте дұрыс айттыңыз. Сізге Алла разы болсын! Қасиетті Құранға дейін де, кейін де адамзаттың шамшырағына айналған атақты кітаптар болған. Хакім Абайдың «Алланың Өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңіне «Көп кітап түсті Алладан, оның төрті…» деп келетін тармағы бар. Яғни, біз білетін төрт кітаптан да басқа кітаптар, сухптар болғандығын айтады. Ақиқатында Алладан жүз сухб пен төрт кітап түскендігі туралы дерек көздерінде кездеседі. Сұхб деген – парақ деген мағынада. Қасиетті Құран – осылардың ең соңғысы һәм өзінен алдыңғы кітаптардың үкімін жоюшы, қияметке дейінгі адам баласына түсірілген Алланың сөзі.

Өкініштісі, пайғамбарлар мен хакім-ғалымдардың кітаптарын мансұқ еткісі келетіндер де бар. Бір данышпан адамнан «күллі әлем Құранда тұр ғой, сондықтан басқа кітап оқудың керегі қанша?» деп сұраған екен. Сонда ұстазы тұрып, «қарағым, қатты қателесесің, ол кітаптардың әр қайсысы Құранға жеткізетін бір-бір баспалдақ» деген екен. Өзіңіз елестетіп көріңізші, Құранды алып бір мұнара деп ойлаңыз, оған баспалдақсыз қалай шыға аласыз? Көрдіңіз бе, біздің кей бауырларымыз осындай ұшқары түсінікпен діндегі кейбір нәзік мәселелерді түсінбей жатады. Қари, хафиз болып қана қоймай өз аталарымыз Абай, Шәкәрім, Мәшһүр секілді хакімдердің кітабын қосып оқысаңыз, сіз рухани қуаттана түсесіз.

Ал, қарилықтың қыр-сырына келер болсақ, бірінші қари болуға талапты жас мұсылман келгені абзал. Екінші аса ыждағатты болғаны ләзім. Қалғаны адамның ниеті мен тәжірибесі барысында жүзеге асатын құбылыс.

– Құранды жаттау бар да, оның мағынасына жету бар… бұл тұрғыда не айтасыз?

– Құранды жаттау түгілі, оның әр әрпін оқудың өзі сауап. Ал, мағынасына жету ол үлкен парасаттылықты, кемел білімділікті, кәміл имандылықты қажет етеді. Ол маңдайы жарқыраған, Алланың қалауы түскен ғалым мұсылмандарға бұйырған бақ қой. Ондай ғұламалардың өміріне қарап отырсаңыз, өзінің саналы ғұмырының көп бөлігін Құранның хикметін сезінуге, ғылыми жемісін алуға жұмсағанын байқайсыз. Дінді құрғақ сенімге құрып алған бауырлармыз бен дін десе қаша жөнелетін азаматтарымыз кейде сол тұнықты лайлап жатады. Сондықтан кейінгі жас қари бауырларыма Құранды жаттап қана қоймай мағынасын игеруге, құпия қазыналарын ашуға, қасиетті ғылым бағынан туған еліне сүбелі сый ұсынуға шақырғым келеді. Сонымен бірге, қариларымыз ұлт қайнарынан нәр алып өссе, діндар болумен қатар, отаншыл, ұлтжанды азаматтардан болса деймін, иншалла!

– Құранды сезіне оқудың үлгілері туралы айтсаңыз?

– Бұл мақамның да өзіндік мәнері бар. Соны меңгеру керек. Дұрыс оқылған Құраннан әуезі сұлу, тебіреністі, жан діліңді тербететін ғаламат үн шығады.

Ол үшін ұстаз керек. Әлбетте Құранды әдемі оқу жақсы, бірақ тым шектен шығып кетуге болмайды. Өте нәзік нәрсе. Ал, қазір дамыған заман, интернеттен небір қарилардың Құран оқу мәнерлерін көресіз. Солардан үлгі алу керек. Дегенмен, ұстаздың алдын көрмей өз бетінше кетуге тағы болмайды. «Азан шақыру да – уағыз» деген сөз бар қазақта. Сондықтан, сезініп, мәнерлеп оқыған жөн. Сол үшін мешіт имамдары мен ұстаздарынан жүйелі түрде білім алу керек. Бүгінде Құранның дұрыс дыбыстауынан бастап, дұрыс түсінілуіне дейін сабақ бере алатын ҚМДБ-ның білікті мамандары жетерлік.

– Сіз туған Түркістан – дәстүрлі исламның тамыр алған жері. Ғұлама ғалымдардың ордасы және Ясауи ілімімен сусындаған өлке. Кімдерді үлгі еттіңіз?

– Әр мұсылман әуелі адамзаттың ардақтысы болған Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымызды үлгі етпек. Менде сол момындардың бірі шығармын… 

Туған жер әр адам үшін қашан да ыстық. Мейлі, ол әулие болсын. «Әркімнің туғаны жері Мысыр шаһары» дейтіні осы ғой. Марқасқа Мағжан ақын «Түркістан екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой» деп қалай тамаша жырлаған. Осы екі жолға Ұлы Тұран Даласының бүкіл тарихы сыйып тұрған жоқ па? Сіз Ясауидан бастадыңыз, жоқ біз одан әрі адамзаттың екінші ұстазы әл-Фарабиге тірелеміз. Ол ислам дінінің гүлденуіне үлкен серпін әкелді. Ғылыми һәм философиялық жетістіктер арқылы дінімізді көркейте түсті. Ол да Түркістан топырағын басып өтті.

Осы жерде бір қызықты айтайын, сізге. Бала күнімізден көп естіген бір аңызда «Арыстан баб пайғамбарымыздың құрмасын аузында сақтап жүріп, Яссауиге жеткізеді» делінеді ғой. Бізде осыны әлі тура мағынасында қабылдайтын кембағал түсінік бар. Ол деген пайғамбарымыздың ғылымының, сүннетінің мәйегін Яссауиге үйретті деген мағынадағы сөз болса керек. Тағы бір сөзбен айтсақ, сүйегін, яғни, дәнегін сақтап келуі –  пайғамбар өсиетінің алтын арқауын шәкіртіне аманаттағаны деп түсіну керек шығар. Әйтпесе, құр сүйектен қандай хикмет іздеуге болады? Көрдіңіз бе, біз осындай топырақтан нәр алдық.

Қазір Ясауи бабамыздың атын айтудың өзі қиын жағдайға әкелді. Бірақ, біз қалай болғанда да Ясауи бабамыздың жалған сопылардан арашалап, ғылыми мұрасын аршып алуымыз керек.

– Қазақстанда қарилар мектебі қалыптасқан ба?

– Жалпы, басқа көршілес елдермен салыстарғанда біздің елімізде қарилар анағұрлым аз. Шамамен 400-дей қари бар болу керек. Бұл өте төмен көрсеткіш. Өзбекстан мен Тәжікстанды айтпағанда, мына тұрған Қырғызстанда 3000-нан аса қари бар екен.  Бірақ, қарилар саны мен қарилық мектептің қалыптасуы екі басқа дүние ғой. Әрине, қалыптасқан. Қазақ даласына Ислам діні келгелі бері Ұлы Дала қарисыз болды десек, тарихқа қиянат жасаймыз. Қазақ даласының арғы-бергі тарихында қарилар аз болмаған. Балалық шағымыз өткен Түркістан өңірінде аты аңызға айналған Әбу Бәкір қари өткен. Оның шәкірті, ұлты өзбек болса да, қаншама қазақтың баласына Құран үйреткен Қадыр қари болған. Түркістанның бас имамы да болды бір кездерде. Бұндай қарилардың аты-жөні қатталмаса да, қазақ даласының барлық өңірінде қарилар болғаны мәлім.

Ал, бүгінде сол қарилық жолдың сорабын жалғастырып, тәуелсіз елдің құшағында Құран аманатын алып жүрген азаматтар аз емес. Сәдуақас қари, Камалжан қари, Ұлықбек қарилар сол мектептің бізден алдыңғы буындағы көрнекті өкілдері. Бүгінде Еркінбек Шоқаев, Ерсін Әміре, т.б бауырларымыз да Құран аманатын арқалаған қарилар ретінде танымал тұлғалар. Мінеки, бүгінгі замандас қариларымыз және бізден кейінгі буын осы мектептің заңды жалғасы деуге болады. Жас буын тебінді, білікті деп айтуға, болашақтарынан зор үміт күтуге болады. Бір ғана мысал, «Нұр-Мүбарак» университетінің студенті Шохан Уәлиев бауырымыздың Түркияда өткен халықаралық Құран жарысында екінші орынға ие болуы – осының айқын дәлелі.

Астана, Алматы және Шымкент қалаларында арнаулы қарилар дайындау орталығы жұмыс істеп келеді. Сол жерлерде жылына бірнеше ондаған түлектер Құран жаттап шығуда.

– Қарилықты мұрат тұтқан шәкірттеріңіз бар болар?

– Өзім Құран жаттап болғаннан кейін біраз жыл қарилар дайындайтын орында қызмет еттім. Алматы Орталық мешітінде Құраннан сабақ берумен қатар, «Көктөбе» қарилар орталығында ұстаздық қылдым. Осы жылдары Алланың қалауымен, біршама шәкірттер дайындауға, біраз бауырларымның Құран жаттап, Құран пысықтауына жетекшілік жасадым. Олардың ішінде, бүгінде Әбу Ханифа медресесінде ұстаз боп қызмет атқарып жүрген, «Нұр-Мүбәрак» Ислам мәдениеті университетінің түлегі, Халықаралық Құран жарыстарының жүлдегері Тоқтияр Қожа, «Нұр-Мүбарак» университетінде білімін жетілдіріп жатқан Қайырбай Дәукенұлы, Алматы қаласы Ақсай ықшам ауданындағы «Айша» мешітінің наиб имамы Қуаныш Әбішев, т.б. азаматтар бар. Жалпы, Құран жаттап, асыл дінімізге, халыққа қызмет етіп жүрген шәкірттерімнің болашағынан мол үміт күтем.

– Қарилықты ғұмырының соңына дейін жеткізуі үшін адам баласына қандай қасиеттер қажет?

– Әлихан Бөкейханның бір сөзі бар ғой: «Ұлтқа қызмет ету – мінезден» дейтін. Сол секілді Құран сөзін жүректе ақтық деміне дейтін сақтау үшін, махаббат тұнған жүрекпен қатар, айнымас мінез де керек. Дүнияуи, болмашы нәрсе үшін шайқалып кететін, қалыбын тез бұзатын мінезі бар, дыз етпе адамдар Құранды ғана емес, таныс адамдардың да есімін ұмытып қалады ғой. Сол үшін мінездің көркемдігі, жүректің қажыр-қайраты, ақылдың суаты керек қой деп ойлаймын.

Тағы бір қасиет, түнді толығымен ұйқымен өткізіп, келсе-келмес тамақтанып, тақуалықтан алыс болған шәкірт қарилықтан үміттенбесе де болады. Бұл жайлы әйгілі сахаба Ибн Масғұд (р.а.): «Құран жаттаған адам ел ұйықтап жатқандағы түннің қадірін білсін, Адамдардың аузы ашық кездегі күндіздің қадірін оразамен өткізсін, адамдар қуанышпен жүргенде қайғыны да естен шығармасын, көп күлкінің артынан жылаудың да келетінін білсін, тәкаппарлықты кішіпейілділікпен бассын», «Құран жаттаған адам қуаныштың артынан қайғының, қаттылықтың артынан жұмсақтықтың, мазасыздықтың артынан тыныштықтың, қатыгездіктің артынан мейірімділіктің барын білсін»  деген. Демек, тақуалық аса қажет. 

Аса бір ескеретін тағы бір жайт. Ол – жаттаған Құранды ұмытпау мәселесі. Бұл жағынан аса сақтық, өте ұқыптылық керек. Үнемі қайталап, аптасына, айына хатым жасап отырған абзал. Болмаса, Құранды себепсіз ұмыту – ақыреттік азабы ауыр, үлкен күнәлардан болып саналады. Бір хадистерде, қиямет күнінде ондай адамдардың жарты денесімен тірілетіні, ары қарай да жағдайы қиын болатыны жайлы хабарлар бар. Бұл жағына аса мұқият болған жөн.

– Құранды жаттау мен оқудың сауаптары жайлы айтып берсеңіз?

– Алла Тағала: «Құран оқылғанда оған құлақ салыңдар әрі тыныштық сақтаңдар. Рақымдылыққа бөленесіңдер» десе, пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп оны үйреткендерің» деп өсиет қалдырған. Құранды жақсылап оқыған, әріптерін дұрыс оқуға машықтанған әрі амал етуге тырысқан мұсылман Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болатынын Айша (р.а.) анамыздан келген риуаяттан көреміз: «Құранды шебер оқуға машықтанған жан Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болады. Ал Құранды оқығанда кекештеніп қиналса, екі сауап алады» деген.  Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ): «Кеудесінде Құраннан еш нәрсе болмаған адам қаңырап тұрған үйге ұқсайды»  деген.

Құран оқу мен жаттаудың қаншалық сауап болатыны жайында Алла елшісінен (ﷺ) жеткен мынандай хадистер және бар:  «Құран иесіне (Құран оқып жаттаған адам) жәннатта былай делінеді: Оқы және жоғарыла (төрлет), оқы, дүниеде қалай оқыған болсаң дәл солай оқы, расында, сенің орның ең ақырғы оқылатын аятта» (Термези, Әбу Дәуіт). «Кімде-кім Құранды сүйсе (жақсы көрсе), Алла мен елшісі де ол адамды сүйеді. Кімде-кім Алла мен елшісінің сүйіктісі болуды қаласа, онда өзінің Құранды қаншалықты сүйгендігіне қарасын»(Табарани). Міне, Құранға деген махаббаттың Алла алдындағы дәрежесі. Ал, Құран жаттаудан бөлек,  Құранды оқудың өзі сауап. Ол жайында Расулалла (ﷺ) бір хадисінде: «Кім Құраннан бір әріп оқыса оған бір жақсы амал жазылады, ал әр бір жақсы амал үшін он сауап жазылады. Мен: Әлиф, Ләм, Мим – бір әріп деп айтпаймын. Жоқ, «Әлиф» бір әріп, «Ләм» бір әріп және «Мим» бір әріп»  деп сүйіншілейді. Ал, қарилардың қиямет күнінде жетпіс адамға шапағат ететіні жайында хадистерде баяндалады. Міне, осыдан артық сауап бола ма? Қандай ұлы нығымет, неткен үлкен сый?! Сондықтан, мұсылман отбасы балаларынан қарилар шығаруға құштарлануы, ниет етуі керек.

–  Балалардың қари болуы үшін ата-ананың ықпалы, әсері бола ма?

– Әрине, әсері, ықпалы болады. Бірнеше мысал айтайын. Қасиетті Қағба орналасқан Әл-Харам мешітінің имамдарының бірі, әйгілі хафиз Әбдул Рахман Судайс өзінің қари болуын анасының дұғасымен байланыстырады екен. Яғни, өзінің интернеттегі жазбаларында, балалық шағында мешіттегі болсын, мектептегі болсын сабағына бара алмай қалса, балалықпен немесе қандайда бір білместікпен, еркелікпен бұзықтық жасаса, анасы «Өй, әл-Харам мешітіне имам болғыр», «О, қари болғыр» деп «қарғайды» екен. Қараңыз сол ананың баласы Судайс қайда отыр? Әлемде оны білмейтін, оның үнін естімеген мұсылман өте аз шығар. Көрдіңіз бе, қандай даналық?!

Тағы бір мысал. Сәдуақас қари ағамыздың Өзбекстандағы ұстаздарының бірі, әйгілі қари ақсақал болған екен. Балалары бата сұраса да, дастарханға, тойға бата берсе де, беретін батасы «Қари болыңдар! Аллаһу әкбар!» дейді екен. Міне, бүгінде ұлдары, қыздары, күйеу балалары, немерелері – әулетімен қари болыпты. Ал, ол кісі бата беріп, «қари бол!» деген адамдардың қари болмай қалғаны жоқ екен. Міне, дұғаның күші. Тіпті, күнделікті өмірдегі айтыла салған сөздің өзі дұға екендігі хадистерде ескертіледі. Алла Тағала өте Рахымды, ерекше Мейірімді ғой. Пенденің айтқан бір ауыз сөзінің өзін қабыл етеді.

Ал, ғаламтордан бәріміз оқып таңқалған үш жасар ирандық қари сәбидің ата-анасына  қараңыз… Балаға жүкті болғаннан бастап, бала туылғанға дейін ата-анасы кезектесіп Құранды мың рет хатым жасаған. Мың рет. Қандай қажырлылық. Бала тәрбиесіне деген жауапкершілік. Алланың берген нығыметіне деген шүкіршілік. Болмаса, үш жасар бала қалай қари болсын?  Мысалды алыстан іздемей-ақ,  маңайымызда да ғибратты ісімен есте қалатын ата-аналар жоқ емес.

«VI Республикалық Құран жарысында» І орынға ие болып,бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының  қолынан көлік кілтін алған 14 жасар жамбылдық қари Дулат Қалығұловтың әкесі ас-ауқаттың адалдығына, табысының тазалығына ерекше көңіл аударғанын естігенде, жас қаридың табысының бұл ғана емес екенін түйдік. Сондықтан, ата-ана сөз сөйлеуден бастап, балаға беретін тәлім-тәрбиесіне ықтиятты болу керек. Өз балаларына үлгі болу керек. Қала берді қадағалау, балаларды қызықтыру, сыйлық жасау – ата-ана тарапынан жасалатын ынталандыру жұмыстары. Әлбетте, кішкентай іс сияқты көрінгенімен кейбір кіші деп менсінбей жүрген істеріміз Алла құзырында үлкен болуы мүмкін. Оны ескерген адам, тақуалық қылған тіліне қарауыл қойып, жүрегін жамандықтан күзеткен адам әлбетте балаларын кез-келген салаға баулып тәрбиелей алады.

– Байқауымызша, соңғы кездері хафиз, қари болуға ниетті жандар қатары артып келе жатқан сияқты.

– Жоғарда айтып өткеніміздей, елімізде қариларды дайындайтын орындар көбейіп келеді. Өйткені, қоғамды былай қойғанда азаматтардың жүрегінде бұл нығметке деген сүйіспеншілік, Құран жаттау, Құранды көтеріп жүру арқылы Алланың ризашылығын табуға деген құштарлық, рухани сұраныс бар. Ондай жерде қари, хафиз болуға деген ұмтылыс тоқтап қалмайтыны анық.

Құдайға шүкір, қазірдің өзінде мешіттерге келіп Құран жаттап қари болғысы келетін азаматтар жетерлік. 

– Сөз соңында аманатқа адалдық тұрғысынан ой түйсеңіз…

– Құран сөзі – Алланың адамзатқа жүктеген аманаты. Қазақтың дана қариялары: «Аманатқа қаянат етпе» деп өсиет қалдырды.  Демек, Құран аманатын алып жүру оңай шаруа емес. Үнемі қайталап, пысықтап отыру керек. Болмаса, басын бос қойған түйе сияқты босып кете барады. Бұл біздің сөзіміз емес, Алла елшісінің (ﷺ) мүбәрак өсиеті.

Аманат жүгі, әрине, ауыр. Бірақ, маңдайдан шыққан ащы терде береке бар. Бүгінде имамдық қызметтің салмағы мен маңызы бұрынғыға қарағанда тым ауырлап кетті, міндеті де зор. Десе де, қоғамда бір адам қисық болса, оған молда ғана кінәлі емес. Абайдың «замандасы виноват» дейтіні сол…

Мен осынша дүние тындырдым деп мақтанудан аулақпын. Бәрі де көппен бірге, ұжым болып жасалатын жұмыс қой. Ал, қазақтың баласы ретінде, дін қызметкері ретінде қал-қадірімізше осындай жұмыстардың басы-қасында болуға, бастамашылық жасауға себепкер болуға қолдан келгенше тырысып келеміз.

–  Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Шарапат Божбанбаева

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.