Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ИСЛАМ – ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ АРҚАУЫ

0 5  683

 

Жер бетін мекен еткен әрбір ұлт пен ұлыстың жеке құндылықтары бар. Жаратушы Алла тағала қасиетті Құранда былай дейді: «Әй адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлт-ұлыстарға, ру-тайпаларға бөлдік. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуа болғандарың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы». (Хужурат сүресі, 13-аят)

Алла тағала бұл аятта «… бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлт-ұлыстарға бөлдік …»деп тұр. Ұлттар өзара бірін-бірі қалай таниды? Олар бір-бірін ерекшеліктері мен құндылықтары арқылы таниды.

Әр халықтың өзіне тән құндылықтары болумен қатар, күллі адамзатқа ортақ құндылықтар да бар. Баршамыздың ортақ тұсымыз – адам баласы болуымызда. Адамзаттың асылы – Мұхаммет (с.ғ.с.): «Ей адамзат! Барлығың Адамның (а.с.) ұрпағысыңдар. Ал Адам (а.с.) топырақтан жаралған», («әс-Сахих», Муслим) – дей отыра бүткіл адамзаттың шыққан тегінің бір екенін меңзеген. Ислам діні мына бес құндылықты қорғауды мақсат тұтқан. Олар: Дін, адамның жаны, нәсілі, ақылы және малы. Ортақ құндылықтарымыз осы бес нәрседе көрініс табады. Ал енді әр қайсысына тоқталып өтейік.

  1. Дінді қорғау;

Аталмыш бес құндылықтың ішіндегі діни сенім құндылығы бәрінен бұрын тұрады. Себебі, Алла тағала Құранда: «Мен жындар мен адамдарды тек маған құлшылық етулері үшін ғана жараттым», («Зарият» сүресі, 56-аят) – дейді. Яғни, адам баласының мына дүниеге келудегі мақсаты – Жаратушыға сеніп, оған құлдық ұру. Әр бір таза діннің үйрететіні – адамның жан тазалығы, ішкі дүниесінің пәктігі. Дін әсіресе адамның көркем мінезін қалыптастырады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Мен көркем мінезді толықтыру үшін ғана жіберілдім», («Муснад», әл-Бәззар) – деген. Егер бір қоғамда дін болмаса, мораль болмаса, ол қоғамдағы адамдар рухани азғындыққа ұшырары хақ. «Құдайдан қорықпағаннан қорық …», – дейді қазақ.

  1. Адамның жанын қорғау;

Адамзат қоғамындағы құндылықтардың бірегейі – адамның өзі. Алла тағала қасиетті Құран кәрімде: «Күдіксіз біз адам баласын ардақты еттік» («Исра» сүресі, 70-аят), – дейді. Алла тағала тағы бір аятта: «… Кім де кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, расында ол барлық адамды өлтіргенмен тең. Ал енді кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең …» («Маида» сүресі, 32-аят), – деп, бір адамды өлтіруді бүткіл адамзатты қырумен тең қылмысқа балап отыр. Ислам діні бойынша кісі баласының ұлты мен діні қандай болмасын, оны өлтіруге қатаң тыйым салынады. Хакім Абай бұған бір сөзбен тоқтау салды: “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп …”.

  1. Адамның нәсілін қорғау;

Ислам діні бойынша адамзаттың нәсілінің жалғасуы ең басты принциптердің бірі болып табылады. Осы мақсатта Ислам шариғаты адамға некелесіп, семия құруды жүктеді. Құран кәрім мен хадистерде үйленіп, отбасын құрудың маңызын аңғартартын мәліметтер көп. Ұрпақсыздыққа әкеп соғатын еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің біржынысты некесіне Ислам діні түбегейлі қарсы.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Көп бала табатын және сүйікті жар болатын әйелдермен некелесіңдер. Себебі мен сендердің көп болуларыңды өзге үмметтердің алдында мақтан тұтамын», (ән-Насаи, Әбу Дәуіт, Ахмад және т.б.) – дейді.

Мұсылманшылықта адам баласының нәсілі адал неке арқылы тарқауы тиіс. Алланың елшісі (с.ғ.с.) бір сөзінде: «Мен некелі қарым-қатынастан дүниеге келдім, некесіз қатынастан дүниеге келмедім», (әт-Табарани, әл-Бәйһақи) – деп, ұрпақ тазалығын жоғары бағалаған. Ислам шариғатында некесіз қарым-қатынас – зинаға қатаң тыйым салынған.

  1. Адамның ақылын қорғау;

Адам баласы өзге жаратылыстардан өзінің ақылымен ерекшелінеді. Ақыл – адамның бойындағы ең құнды жауһар. Шариғат бойынша адам баласына бір діни жауапкершілік жүктелуі үшін, оның мұсылман, балиғатқа толған болуымен қатар, ақыл-есінің дұрыс болуы да міндетті болады. Құран кәрімнің 200-ден астам аятында «ақыл жүгірту, ақылды қолдану, ойлану» және т.б. сөздер қамтылған. Бұл төл дініміздің ақылға қаншалықты маңыз  бөлетінін аңғартады. Шәкарім Құдайбердіұлы: «Айда ақылды қаттырақ …» деп бекер айтпаса керек.

Міне осы ақылды қорғау үшін Ислам шариғаты адамды ақылынан алжастыратын спирттік ішімдіктер мен есірткінің барлық түріне тыйым салды. Себебі, Алланың қалағаны жер бетінде саналы қоғам (трезвое обшество) қалыптастыру.

  1. Адамның мал-мүлкін қорғау;

Шариғат бойынша әр адам жеке мүлікке иелік етуге құқылы, әрі оның бұл құқы қорғалады.

Құранда Алла тағала былай дейді: «Ей иман келтіргендер, дүние-мүліктеріңді араларыңда әділетсіз жолмен жемеңдер. Тек өзара разылық негізіндегі сауда-саттық жолымен (алуларыңа) болады». («Ниса» сүресі, 29-аят).

Бұл аятта біреудің жеке мүлкіне қол сұғуға болмайтыны айтылумен қатар, жеке мүліктің болатыны да білдірілген. Себебі, Алла бұл аятта «дүние-мүліктерің …» деп, мал-мүлікті жекелеген адамдарға тиесілі етіп тұр.

Бұл орайда Мұхаммет (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз: «Мұсылманның мүлкі өзгеге тек оның разылығымен ғана адал болады», – деген. («әс-Сунанүл-кубро», әл-Бәйһақи).

Бұл хадистен мұсылманның малына тимесең болды, өзге діндегілердің мүлкін тартып алуға болады, деп нәтиже шығару дұрыс емес. Мұсылман қоғамында тек мұсылманның ғана емес, өзге дін өкілдерінің де құқылары қорғалады. Хадис майталманы имам Әбу Дәуіт жеткізген хадисте Мұхаммет (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз: «Кім де кім өзге дін өкіліне зұлымдық жасаса, оның ақысын жесе, оған шамасы келмейтін істі жүктесе немесе оның ризалығынсыз бір затын тартып алған болса, ондай адаммен мен өзім қиямет күні дауласамын», – дейді. Алланың ардақты елшісі осы сөзімен мұсылман дінін ұстанбаған өзге діндегілердің қоғамдағы құқыларын қоғап берген-ді.

Ислам діні адамның жеке мүлкін қорғау үшін, жеке мүлікке қол сұққандарды қатаң жазалайды. Шариғатпен басқарылатын елдерде кісі баласының мүлкін тонаудың жазасы – қол кесу. Алла тағала қасиетті Құранда: «Ұрлықшы еркек пен ұрлықшы әйелдің қолдарын кесіңдер …» («Маида» сүресі, 38-аят), – дейді.

Осы аталған бес негізге қысқа тоқталуға тырыстық. Адамзатқа ортақ аталмыш құндылықтарды қорғауды басты назарда ұстаған Ислам діні осы бір ерекшелігімен өзінің өміршеңдігін жоғалтпай, қазіргі таңда әлемдегі 2 миллиардқа жуық адамның рухани тірегі болып отыр. Жахандану дәуіріндегі мәдениеттер тоғысында ғылым-білім дамыса да, адами құндылықтар аяқ асты етілген осынау заманда адами қалыбымызды сақтап қалу үшін рухани байлығымыз, төл дініміз – Ислам дінін терең меңгеруге талпынайық, ағайын.

Т еолог-ғалым Қанат Жұмағұл 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.