Баяғыда бір данышпан айтқан екен: «жақсы сұрақ – білімінің тең жартысы» деп. Кез келген адамның қаншалықты білімді және нені білгісі келеді, шын білмей сұрап отыр ма, әлде біле тұра сұрақ қойып отыр ма дегенді сұрақ қоюшының қойған сұрағына қарап білу аса қиын нәрсе емес. Сұрақ қоюдың негізгі өзегі адамның пейіліне байланысты. Біреудің арына, намысна тиетіндей етіп сұрақ қою дұрыс па?!.
Діни орындарда, жалпы қоғамда сұрақ қоюдың да өз әдебі, этикасы барын ескерсек, дінімізде бұл жайлы не дейді. Әуелгі сөздің әлқиссасы: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің өнегелі өсиеттерінің бірінде «Мұсылман мұсылманның қанын төгу, малын жеу, ар-намысына тию адал емес» деген екен. Сондықтан сұрақ қойған да біреудің ар-намысына тиетіндей етіп сұрақ қою да шариғатқа жат амал екені белгілі.
Кейбір исламтанушы ғалымдар сұрақ қоюшыларды екі топқа бөледі: Біріншісі шынымен бір нәрсені білмек үшін сұрақ қояды, ал екінші бір адамдар сізді сынау үшін қасақана сұрақ қояды дейді…
Қоғамда шоу, рейтинг, «провокация» деген арзан нәрселер үшін кейбір тілші бауырларымыз біреудің «жанды» жеріне тиетін сұрақ қойып жатады. Бұл да әдепке, этикаға қайшы жайт.
Мысалы бір телеарнадан әлі тұрмысқа шықпаған әйелден «неше бала тәрбиелеп отырған анасыз» деп сұрақ қойды. Ана адам қатты қысылғанда, менің де бетімнен от шықты. Журналист сұрақ қойып отырған тұлғаны жіті танымаса, жеке басқа қатысты ондай сұрақ қою да бейәдептік екенін ескерсе керек еді. Анық-қанығын әбден біліп, зертеп алып сұхбаттасуы ләзім.
Абайдың өзі «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» демеуші ме еді?! Сол айтқандай қазір діни тұрғыда болсын, басқа да саланың білікті мамандары бар заман. Жауап түзелді, енді замана талабы есті сұрақ қоя білуге машықтануымызды қажет етеді.
Әсіресе, Рамазан айында әлеуметтік желіде, мешіт-медіреселерде түрлі сұрақтар көбейе бастайды. Кейбір сұрақтарға қарап, жүйкең сыр беретін кез болады. Қасиетті ай жайында арзан сұрақты бората беру – бұл да әдепке шет. Кейбір адамның өзі инстинк, иман-таразы арқылы білуге болатын нәрселердің бәрін сұрай беру де жадағай мінезділік болып есептеледі. Ондай діни сұрақтарды әлеуметтік желіде, аннан-мұннан сұрағаннан гөрі мешіттеріміздегі білікті дін мамандарынан сұраған жөн. Әлеуметтік желіде жауап беріп отырған адам кім, білмейсіз, сондықтан сұрақ қою да әдепті әрі сақ болған абзал.
Әділ Агитаев
«С.Ғылмани» мешітінің наиб имамы