18-мамыр Астана. Sunna.kz – «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде қасиетті Рамазан айының екінші күні Канина Татьяна Евгеньевна есімді орыс қызы өз қалауымен Ислам дінін қабылдады.
Әлем әдебиетінің алыбы, күллі адамзатқа ортақ 90 том көркем әдеби шығарма ұсынған орыстың әйгілі жазушысы Л.Н.Толстойдың айтқаны бар еді: «Ізгілікті іздеген әр бір адамның ең соңғы тірелетін жері – Ислам» деп. Және бұл жайында қасиетті Құран аяттарында да айтылған-ды. Соның дәлме-дәл айғағы – еліміздің әрбір діни орындарында басқа діндегі (басқа ұлт өкілдері) күн санап Ислам дінін қабылдауда.
Астана қаласы, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы Әділ Агитаев мұндай ізгілікті іске көптеп куә болып келеді. Бірақ көбіне-көп дін қабылдаушы азаматтар Исламды қабылдағанын жария қылып, жар салуды құп көрмейтін еді. Біз бұл ақпарды Канина Татьяна Евгеньевна ханымның өзгеге үлгі болсын деген рұқсат-ілтипатымен жариялап отырмыз. Татьяна өзіне мұсылманша Саида есімін алды. Имам азан шақырып жаңа есімін қойып, мешіт атынан Құран Кәрім кітабын сыйға тартты.
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі