Дін істері және азаматтық қоғам министрі мектепте орамал тағу мәселесіне орай өз пікірін білдірді, деп хабарлайды kazislam.kz порталы.
Ақтөбе облысында сапар аясында дін істері және азаматтық қоғам министрі алдымен облыс орталығынан 220 шақырым қашықтықта орналасқан Темір ауданына қарасты Кеңқияқ, Шұбарши ауылдарына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Онда Дархан Кәлетаев діни саладағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарын түсіндіріп, халықпен пікір алмасты.
Кездесу барысында министр дін саласындағы заңнамада бет-әлпетті жабуға тыйым салудың не себепті енгізіліп отырғанын айтты.
«Бет-әлпетті жабу қазақ халқына жат. Бұл тарихымызда да, мәдениетімізде де болмаған. Сондықтан әйелдердің бет-әлпетін жабуын заңды түрде тыйым салып отырмыз. Бұл тұрғыда қоғамда дұрыс пікір бар, көпшілігі қолдап отыр», — деді Д. Кәлетаев.
Сонымен қатар, Дін істері және азаматтық қоғам министрі мектепте орамал тағу мәселесіне орай өз пікірін білдіріп, мектептің талабын ұстану қажеттігін баса айтты.