Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Құрбан айтқа байланысты баспасөз мәслихаты өтті

0 1  914

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілдігі Құрбан айт мерекесіне орай «Нұр Астана» орталық мешітінде баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.

Баспасөз мәлсихатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы Асқар Әбітайұлы жүргізді.

Исі мұсылман баласын бауырмалдыққа, татулыққа, мейірімділік пен қамқорлыққа шақыратын Құрбан айт мейрамы биыл тамыз айының 21-ші жұлдызында басталады. Астана қаласы бойынша айт намазының уақыты 21-ші тамыз күні таңғы сағат 07:00-де оқылады.

Сонымен қатар, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұлық мейрамды бұқаралық сипатта мерекелеу үшін бірқатар мәдени, рухани және қайырымдылық іс-шаралар бағдарламалары қолға алынғанын баяндап берді.

«Қала әкімдігінің қолдауымен қаладағы көрікті орындар мен көшелерге және барлық мешіт маңдайшаларына «Құрбан айт мерекесі құтты болсын!» деген мәтіндегі құттықтау билбордтар мен баннерлер ілінді;

Құрбан айт күні қаламыздағы «Нұр Астана» орталық мешіті, «Әзірет Сұлтан» мешіті және «С.Ғылмани» мешіттерінің аулаларына киіз үйлер құрылып, спорттық-мәдени шаралар мен айттық жәрмеңкелер ұйымдастырылады.  Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының тапсырмасына сай, айт күндері мешітке келген халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсету қамтамасыз етіледі. Құрбан айт мерекесіне және құрбандық шалу рәсіміне қатысты арнайы түсіндірме-ақпараттық буклеттер мешітке келген халыққа тегін таратылуда.

Бұл мереке күндері әрбір шамасы жеткен мұсылман баласы құрбан малын шалып, Алла алдындағы міндетін өтейді. Биылғы жылы 21-22-23 тамыз Құрбан айт күндері Астана қаласының әкімдігі санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен талаптарды сақтау мақсатында, құрбандыққа шалынатын малдарды сату, сою және таратуға рұқсат етілген арнайы орындарды бекітті», – деді өкіл имам өз сөзінде.

«Нұр Астана» орталық мешіті «Жетеудің бірі бол да, Раббың үшін құрбан шал!» қайырымдылық шарасына ат салысуға шақырады!

Шараға қатысушы адам ірі қара малды жалғыз өзі немесе жеті адамның бірі болу арқылы ортақтасып шалуға болады. Құрбандық шалу бағасы әрбір адам үшін 35 000 (отыз бес мың) теңгеден.

Шараға қатысушы өзінің құрбандық ақшасын өткізеді және арнайы түбіртек алады. Құрбан айт күндері аталған түбіртек арқылы барып, құрбандық малдың шалынғанын көзімен көруіне болады.

Жиналған ет қаламыздағы көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғыз басты аналарға, асыраушысы жоқ отбасы мүшелеріне, т.б. мұқтаж жандарға үлестіріледі.

Мешіт ұжымы құрбандық шалуды және мұқтаж адамдарға таратуды ұйымдастырады.

Аталмыш орындарда мешіт қызметкерлері діни рәсімнің шариғат талаптарына сай өтуіне қатысты нұсқаулықтар айтып, діни рәсімдерді атқарады. Сонымен қатар құрбандық еттерін жинап, қаладағы үш аудан ұсынған мұқтаж отбасыларға таратады.

Қосымша мәлімет:

«Құрбан» сөзі діни тұрғыдан алғанда «Құлшылық мақсатымен белгілі бір уақытта, белгілі бір шарттарға сай келетін малдарды өз тәртібімен бауыздау» дегенді білдіреді. Сондықтан, құрбандыққа арналған малдың да жарамды болуына қатысты кейбір шариғат қойған мынадай шарттар бар.

Құрбандыққа тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал. Тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.

Қой немесе ешкіні тек қана бір адам құрбан ретінде шалса, сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін немесе жеті кісі бірігіп, ортақ шалуларына да болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен іске асыруы керек. Бір кісі құрбан ниетімен, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.

Құрбан шалғанда «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, ләә илаһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» деп тәкбір айтылып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздалады. Ең абзалы, құрбанды иесінің өзі бауыздағаны дұрыс. Басқаға өкілеттігін тапсырып сойғызуға да болады. Иесінің құрбан малының жанында тұрғаны жөн. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – сауап. Бір бөлігі туған-туыс, көршілеріне, екінші бөлігі кедей мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі өзінің бала-шағасына, отбасына беріледі.

6

7

10

17

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.