Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

АМАНГЕЛДІ АЙТАЛЫ. ЭКСТРЕМИСТІК ДІНДАРЛЫҚ

0 18  891

Ғасырлар тоғысында әлеуметтанушы америкалық ғалымдар Дж. Нейсбит пен П.Абурдин 2000 жылы ХХI ғасырдың алғашқы жылдарындағы әлемдегі ең басты, ықпалды, жаһандық сипаттағы он бағыттың (мегатенденциялар) ішінде тілдік патриотизм мен діни қайта жаңару үрдістерін атады. Ал, БҰҰ қолдауымен 2003 жылы дайындалған «Әлем болашағы пішіні» атты еңбекте де он төрт басты үрдістердің екеуі діни және ұлттық жағдайларға байланысты: радикалды ислам идеологиясының дамуы және этностық өзін-өзі тану саясатының күш алуы. Ұлттық және діни мәселелердің ықпалының өсуін сарапшылар XXI ғасырда отаршылдыққа қарсы күрестің жаңа толқынының басталуымен түсіндіреді. Егер, бірінші толқын экономикалық және саяси тәуелсіздікке қол жеткізу болса, отарсыздану зымыранының екінші сатысы мәдени және әлеуметтік тәуелсіздіктен арылу болып отыр. Дінге оралу, рухани тәуелсіздікке қол жеткізу мүмкіндігі, сонымен бірге, діндарлық, құндылықтарды біржақты қабылдайтын, сыңаржақ бағыт ұстанатын күштерге де негіз болды.

Экстремизм – латын тілінен енген термин, «соңғы, шеткі» деген мағынаны білдіреді, шектен шыққан  көзқа­растар мен іс-әрекеттер. Терроризм соның бір көрінісі. Экстремистік діндарлық діни өшпенділікті, алауыз­дықты, зорлық-зом­былықты қоздыратын көзқарас. Ол адам­дар­дың қауіп­сіздігіне, өміріне, денсаулығына, таза дін жолын ұстануына, жеке бостандығына қауіп төндіреді. Экс­тре­мизмнің шы­ғуының басты негізінің бірі діни сауатсыздық. Ең өкі­ніштісі терроршылар әлемді қауіп-қатерден тек ислам қауымдастығы құтқара алады деген пікірді бас­шылыққа алады. Зорлықшыл, дінді жамылып жүрген эстремистердің (террористердің) басшы­лыққа алатын негізгі мақсаттары мыналар:

1. Барлық    мұсылмандар тұратын елдерді басқыншылардан азат ету (Таяу Шығыс, Ирак, Ауғаныстан, Сирия кейде Шешенстанды да қосады).
2. Исламның    пәктігі, оны бұрмалардан тазарту. Ұлт – азаттық қозғалыстарды қолдау.
3. Шет елдерде білім алушы жас­­тарды  зорлық-зомбылық идеялары негі­­зін­де тәрбиелеу.    
4. Тәуелсіздік    алған ислам мемлекет­терінің жастарының санасына ради­калдық идеяларды сіңіру. 

Бүгінгі моральдық дағдарыс тұсында материалдық игіліктің құлы болып, рақатқа, молшылыққа, ысырапшылдыққа бөленіп, Құдайын ұмытқандарға қарсы, әділдікке негізделген қоғам құруға шақырып, өркениетті рухани азғындықтан құтқарамыз деушілерге еретіндер қай елде де табылады. «Ислам мемлекеті» (ДАИШ) сияқты ұйымдардың идеялары мынаған саяды: тарих адамзат үшін капитализмнің де, социализмнің де тиімсіздігін көрсетті, социализм күйреді, капитализм терең рухани дағдарыста. Әлеуметтік әділетсіздіктен, моральдық дағдарыстан аман алып қалатын үшінші жол бар, ол таза ислам жолы және  ол біздің жолымыз дейді.Ол зорлық-зомбылық жолы.

Бүгінгі ғылыми әдебиетте және саясатта экстремизмнің себептеріне байланыс­ты екі бағыттағы пайым басымдыққа ие. Бірінші бағыттағы ғалымдар зорлықшыл экстремизмді туындататын түбегейлі себептер бар деп санайды. Экстремистік идеяның мұндай себептері санатына әртүрлі діндер өкілдерінің мәдениет, тіл, еңбекке орналасу, қызмет ету, еңбекақы салаларындағы теңсіздігі, ұстаған дініне байланысты саяси қудалануы   және тағы басқалар жатқызылады. Бұл бағытты «зерт­теушілік бағыт» деп атайды. Екінші ба­ғыт өкілдерінің пікірінше, экстремизмнің се­бептерін анықтау оны ақтаумен пара-пар. Экстремизмнің  ешқандай өзіндік объективті себептері жоқ. Ол экстремистердің, фана­тиктердің қалыпты жағдайды тал­қандап, саяси билікке қол сұғуды көздеген зымиян  пиғылынан туындайды. Бұл бағытты «практикалық бағыт» деп атайды. Біріншісін ғалымдар жақтаса, екіншісін үкіметтік ұйымдар, полиция өкілдері, әс­керилер, қауіпсіздік құрылымдар қыз­меткерлері қолдайды. Бірақ, себептерсіз қақтығыстардың болмайтыны белгілі. Бұл екі бағыт бір-бірін толықтырып тұр.

«Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» елде қалыптасқан жағдайды байыпты талдап, зорлықшыл экстремизмнің алдын алу жолдары мен тәсілдерін айқындады. Бірақ, оның экономикалық, әлеуметтік және саяси астарларын есепке алмайды, экстремизм тәрізді зорлық түрін тек заңнамалық нормалардың тар аясында қарастырып, күрделі саяси-әлеуметтік, мәдени факторлардың нәтижесі екендігі ескерілмейді. Бұл күні кешегі кеңестік кезеңді еске салады. Ол кезде өмірдегі бар қырсықтың кесірін әлемдік империализмге жауып, кеңестік тәртіпке шаң жуытпау әдетке айналғаны ұмытыла қойған жоқ. Сыртқы күштердің әсері, сырттай ықпал қай елге де әсер етеді, бірақ, ол негізгі фактор емес.

«Араб көктемі деп аталған араб елде­ріндегі жағдай біздің елде болуы мүмкін бе?» – деген сауал соңғы кезде жиі қойылады. Қазақстанның Араб елдерімен сырттай ұқ­састықтары бар. Экономиканың негізінен шикізатқа негізделуі, жұмыссыздық, әсі­ресе, білімді жастар арасындағы жұмыс­сыздық, моноцентристік саяси жүйе, жем­қорлық, кландық бөліну, ауылдық жер­лердегі халықтың тұрмысының әлі де болса төмендігі. Алайда, Қазақстан халқы Кеңестер заманының талай тар жол, тайғақ кешуінен өткен, партократияның қазақтың тіліне, мәдениетіне зорлығын көрген, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында дағдарысты бастан кешкен. Сон­дықтан, олардың басым көпшілігі қазіргі заманға шүкіршілік етеді. Халықтың негізгі бөлігінің басында баспанасы, жұмысы бар, аталған  елдермен салыстырғанда біздің тұрмысымыз жоғары. 

Дегенмен ойландырмай қоймайтын жағ­дайлар бар. Экстремизмнің туу ықти­мал­дығын қалыптастыруға тікелей немесе жанама түрде толып жатқан ішкі әлеу­меттік  факторлар, социумның әртүрлі деңгейлерінде, басқару құрылымдарында бой көрсететін қоғамдық сана көріністері, сон­дай-ақ, индивидтердің діни тіршілігінің жеке басқа тән қырлары әсер етеді. Осыған орай, қазақтардың діни көңіл-күйіне кері әсер ететін бірнеше ғана факторларды атап кетуге болады. Бұлар ел ішінде теріс этнодіни және этноәлеуметтік ахуал қалыптасуына жағдай туғызады.  

Экстремизмнің идеялық себептері: салафизм-уахабизм. Салафизм, кейде оны «уаххабизм, «уахабшылар» деп те атайды. «Салафи (әс-салафи) араб тілінде бұрынғы бабалар дегенді білдіреді. Қазақстан үшін дәстүрлі емес ағым бол­ғанымен, шындығында ол исламда сонау Пайғамбарымыздың заманынан бастау алады. Ал, уахабшылар қозғалысы исламда радикалдық ағымға жатады. Радикалды деғен түбегейлі өзгерту, жаңарту дегенді білдіреді. Оны уағыздаушы Мұхамед ибн Абд әл-Уаххаб 1703 ж. Орталық Арабияда туған. Оны уағыздаушылар бұрын да, бүгін де қабірлерде зиярат етуге, пайғамбарлар, әулиелер, періштелердің есімін дұғаларда айтуға, марқұмдарға құран бағыштау, мешіттерде садақа беруге қарсы. 

Қазақстан жерінде мұсылмандар су­нит­­тік бағыттағы ханафиттік мазхабты ұста­нады. Ханафиттік мазхаб VIII ғасыр­да Иран же­рінде пайда болган, оның негізін қалаған Әбу-Ханифа. Орталық Азия халықтары неге осы мазхабты қабылдады? Ханафиттік мазхаб исламға дейінгі қалыптасып қалған ата-бабаға деген ерекше сый-құрмет сияқты жергілікті дәстүрлерді кеңінен сыйлайды, ой-пікір айырмашылықтарына сабырлықпен қарайтындығы да қызықтырады, сондықтан да, осы мазхабты қабылдады. Бұл мектеп басқа дін өкілдеріне, яһудейлер мен хрис­тиандарға сыйластықпен қарау, адам хұ­қын сыйлау, қылмыс жасағандарға да кешірімділікпен қарауды ұстанады.

Біздің елімізге уахабизм ілімі соңғы жылдары қандай жолдармен енді? Уахабизм діни ағым ретінде ең  алдымен Солтүстік Кавказда тарады. Ғалымдар оны әлемдегі рухани дағдарыспен байланыстырады. Адамзат өркениетінің бүгін­гі жағдайдағы діндерді, оның ішінде исламның әлеуметтік институттары (білім, экономика, салт-дәстүр) әлсірей бастады. Оған басты қорғаныс ретінде уахабизм сияқты діни беталыс пайда болды. Бірақ, бұл діннің дағдарысы емес. Мәселе басқада. Дін мен ұлттың байланысы, оның ұлт өміріндегі орны мен қызметі, қоғамға ықпалы босаңси бастады. Оның себебі жаһандану тұсында ұлттың   өмір салты, тірегі өзгере бастады, сырттан ұлттық құндылықтарды шаятын әсерлі факторлар көбейіп, олар өз  кезегінде діннің де қағидаларының бұзылуына әкелді. 

Осыдан келіп уахабизм – ислам дінін қорғау үшін оны ұстанатын халықтарды тұтас қауымдастыққа айналдыру, ұлттық емес, ортақ ислам құндылықтарына мән беру. Оның бастапқы идеясы этникалық құндылықтар, тіл, атамекен, мәдениет сияқ­ты ұлтты ұлт ететін негіздер бағалы емес деп тану, дін бәрінен де қымбат деген догманы басшылыққа алуы.

Уахабизм өкілдері өз ұстанымдарын негі­зінен көпэтностық ортадан гөрі, моноэтностық мұсылмандар сан жағынан басым ортада таратады. Уахабизм терең тамырын жайған Солтүстік Кавказда уахабшылар посткеңестік кеңістікті қайта құруды тек ислам қағидалары негізінде іске асыруды басты мақсат етіп қояды. Мемлекеттік құрылым ислам талаптарына сай болумен бірге, мемлекеттік элита тек беделді ислам қайраткерлеріне жасақталып, тек әлеуметтік сала  ғана емес, мәдени, саяси өмір тармақтарының бастауын исламнан алу қажет. Сондықтан, уахабизмге байланысты «ислам фундаментализмі» сөзі де тарады. 

Ислам әлемінде, Қазақстанда да экстре­мистік діндарлар жөнінде әртүрлі пікір тараған. Бірқатар эксперттер олар үрейлі күш емес, биліктегілер жіберілген қателіктерін уахабистерге жаба берген соң да, олар қауіпті болып көрінеді деп есептейді. Ал, кейбір сараптаушы мамандар уахабизмді ұстанатындар жоқтың қасы деп те тұжырым жасайды. Бірақ, БАҚ мұсылмандар мен уахабшыларды синоним ретінде пайдаланып, исламға көлеңке түсіреді. Эксперттердің бір тобы Солтүстік Кавказ республикаларының ешқайсысында айта қалғандай уахабизм жоқ, бірақ, күштік құрылымдар, уахабизммен күресті сылтау етіп, қосымша қаржы сұрайды деп түйеді [10].

Экстремист    діндарлардың   Қазақс­тан­ның саяси, заң шығару жүйесін шариғатқа не­гіздеп теократиялық немесе саяси билікті дін басыларына беріп, мемлекет орнату, Ха­лифат құру ұрандары халқымыздың ел билеу дәстүріне қайшы. Қазақтың ел билеушілері Құранға қолдарын қойып ант берген, бірақ, мемлекет зайырлы сипатта болған, дін мен мемлекет өзара сыйластық пен ықпалдастыққа негізделген, елдің басын қосқан. Қазақ мұсылмандары зайырлы мемлекетті сыйлап өмір сүрсе, мемлекет те дінді қолдап отырған. Отаршылдық жүйе бұл дәстүрді кейін бұрмалады. 

Ислам – демократиялық дін. Дін мәсе­лелері төңірегінде пікір-таластар туып, секталар да, бөлінулер де болған, бү­гін тіпті партиялар да бар. Бірақ, дін мәселесінде де шыдамдылық, төзімділік, бүгінгі тілмен айтсақ толеранттылық шексіз емес. Сондықтан, біздің мемлекеттегі бүгінгі қалыптасқан қоғамдық пікір діни топтарды заң негізінде реттеуді талап етіп отыр. Ресми діни саясат қоғамдық пікірмен үйлесіп жатыр.

Қоғамда, билікте де мемлекет тарабынан қатал бақылау мен қарқынды ақпараттық насихат жағымсыз жағдайлардың алдын алады деген пікір бүгін басымырақ. Бірақ, идеологиялық бәсекелестікте уахабизмнің тартымды тұстары бар. Исламның «дәс­түрлік» және «жаңаша» түсінетіндері арасында беделдерін асырып, ықпалдарын күшейту үшін бәсекелестік байқалады. Теология жағынан шет елдерден білім алып келген жастар дәстүрлі жолдағыларға қарағанда құранның астарлы тілін түсінікті баяндап, өз жолын қуушыларды тартады.

Салафизмнің тартымды болуының сипаты қоғам құрылымының байлар мен кедейлерге бөлінуі, қоғамда орын алған әлеуметтік әділетсіздіктерге, жұмыссыздық, жемқорлықтың да терең етек алуына байланысты. Адамгершілік қағидаларымыздың бұзылуы жастар арасынан наразылық тудырады. Кейбір бүгінгі еліміздегі ысы­рапшылықтың көріністері, байлықты, ақ­шаны төгіп шашып ұстау да жастар арасын­да айыпталады. Сонымен қатар, әлжуаз, материалдық жағынан нашар топтардың жағдайы алға тартылады. Сондай-ақ, қазақ тілі­нің еліміздегі қолданысы аясының тарлығы, шетел ақпарат құралдарының үс­темдігі, зорлық-зомбылықты, моральдық азғындықты насихаттау да жалпы мұсылман  жамағатын алаңдатып отыр. Ал, радикалдық топтар оны басқа діннің, тіл­дің үстемділігі, деп  халықты басқа діндерге қарсы тұруға үгіттейді. Демек, дін мәселелерінің астарында күрделі мәдени, ұлттық, өркениеттік мәселелер жатырғанын ескеруіміз керек. 2004 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің делегациясының құрамында Сирияда болып, Башар Асадпен  ұзақ әңгімелескеніміз есімде. Ол «біз Израильмен соғыс жағ­дайындағы елміз, шынын айтсақ, біз Израильмен емес, оны қаруландырып, қолдап отырған АҚШ-пен соғысып жатырмыз, Израильге өз күшіміз, қаруымыз жеткілікті» – деген еді. Бүгін АҚШ-тың Б.Асадты қолдамауы да осыдан. Сөзін жалғастыра келіп, Б.Асад «сіздердің бабаңыз Бейбарыс бізді заманында жаулардан қорғаған еді, бүгін Қазақ Республикасы бізді Израильмен соғыста қолдайды деп ойлаймыз, қарумен емес, дипломатиялық жолмен», – дегенді. Қазақстанның, Президент Н.Назарбаевтың беделін жоғары бағалады.

Сирия Парламенті депутаттарымен тау­­­дағы резиденциясында кешкі кезде­суі­мізде Парламенттің төрағасы: «Дамаскіге қараңыздар, әрбір жасыл от-мешіт, Құ­дайдың үйі, иман тәрбиелейтін орын», – деді. Шынымен де, қалада қаптаған жасыл от, жиырма мыңнан астам мешіт бар екен. Мешіттер халықтың баруына жақын жерлерде орналасқан. Дүкендер намаз кезінде жұмыс жасамайды, оның қызметкерлері жақын мешітке барып құлшылық  қылады. Көліктегі адамдарға да мешітте намаз оқуға жағдай жасалған.

Сирия көпұлтты мемлекет, 17млн.астам халықтың 90% мұсылмандар, 85% сириялық арабтар, олардан басқа курдтар, армяндар, түрікмендер (түрікпендер емес.- А.А), шеркестер, сығандар бар. Сириялықтардың аз ғана бөлігінде ру-тайпалық жүйе сақталған: ірі тайпалар федан, хадейн, мавили, тағы басқалар. Сирия билігі біз біртұтас елміз, сый­ластықта өмір сүреміз деп өздерін әлемге таныстырып келген еді. Бірқатар аз этнос­тардың өкілдері бір палаталы Халық Ке­ңесі Парламенттің мүшелері. Қазақстан Парламенті делегациясын ұлттық киімдерін киіп, қошеметпен қарсы алды. Енді, сол елдің бірлігі тек тіліңде ғана болып, ділінде болмады. Сырттай ұйып тұрған ел сияқты болып көрінгенмен, бірлік жүректе болмады. Сондықтан, бірлік пен достық тек жоғарыдан ұйымдастырылған ұран болмай, елдің ділінен, ойынан шыққанда ғана құнды. Мәселе дінде емес, ішкі саяси-әлеуметтік жағдайларға, сыртқы қысымға да байланысты. Сирияда 1973 жылдан бері, демек 40 жылдан астам, билік басында әуелі Хафиз Асад, кейін ұлы Башар Асад отыр, билікке бір отбасының ұзақ елді басқаруы да наразылық туғызады.

Аймақтық ерекшеліктер. Кей тұста «Батыс Қазақстанда неге экстремистік діндарлықтың көріністері жиі байқалады?», –  деген сауал туады. Күрделі аймақтың бірі – расында да Батыс Қазақстан облыстары. Батыс Қазақстан конфессияаралық өзара келісім, көп ұлтты еліміздің қоғамдық тұрақтылығының маңызды негізі болып отырған өлке. Тұрақтылықтың тамырын тереңдетуі үшін мемлекеттік органдардың, діни бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың мүмкіндіктері де зор. Аймақта ислам, хрис­тиан, басқа да діни бірлестіктердің ғасырлар бойы жинақталған тәжірибелері, әлеуметтік, ұлттық, мәдени қайшылықтарды алдын алу жолдары айқындалған. Айта кету керек, діни бірлестіктердің беделі де жылдан жылға өсіп келеді.

Аймақта ұлттар мен конфессиялар арасында ерекше сыйластық, бір-бірін қабыл­дайтын  ортақ ахуал қалыптасқан, ашық өштесудің нышандары көрінбейді. Бұны әртүрлі дін өкілдерінің тарихи қалыптасқан тығыз әлеуметтік-экономикалық өзара байланыстарымен түсіндіруге болады. Өз діни ұстанымдарын сақтай отырып, аймақтағы дін өкілдері мәдени және әлеуметтік салада тіл табысып келеді. Батыс Қазақстанда діндер арасында ерекше мәдениет қалыптасқан.  Сонымен бірге, Батыс Қазақстан елі­міздің өркениеттер қиылысындағы әр­түр­­лі этникалық, экономикалық, саяси, мә­дени процестердің астасып жатырған, гео­саяси тұрғысынан маңызды аймақ, Кав­казға да жақын. Бұл табиғи байлығы мол өлкеде АҚШ, Қытай, Ресей басқа да ірі мемлекеттердің мүдделері тоғысып жатыр. Сондықтан, еңбек қатынастары, өндірістегі еңбек бөлісі діни-этникалық сипат алуда.

Қазақтардың өнеркәсіптен алшақ болуы, кеңсе жұмысы, мал шаруашылығымен айналысуы ұлттың психологиясына әсер етіп, тіпті, қазақтар табиғатынан ғылыми-техникалық мамандықтарға бейім емес деген пікір қалыптастырды. Сонымен бірге, өндірістегі ұлттық алалық қазақтардың қоныстануына, денсаулығына, материалдық және рухани игіліктерге қол жеткізуіне, түгелдей ұлттық болмысына жағымсыз ықпалын тигізді.

Табиғи ресурстары бай елде байырғы халықтың кедей болуы ойландыратын мәсе­ле. Экономикалық және әлеуметтік салаларда  қазақтардың үлес салмағы артпай, қазақ мәселесі ше­шіл­ді, тұрақтылыққа қол жетті деу қиын. Кезінде Малайзия «бумипутра» – байырғы халықтың дамуына әдейі жағдай туғызған. Олардың білім алуына, еңбек етуіне, кәсіпкерлікке бейімделуіне, ақшаны тиімді пайдалануына, қолда бар байлықты ақылмен жұмсауына, уақытты бағалауға үйреткен. Байырғы халыққа өсімсіз кредиттер, пайдалы мемлекеттік тапсырыстардың басым көпшілігі беріліп, олардың ісін жолға қоюға көмектескен. Сонымен бірге, ағайыншылыққа, сыбайластыққа жол бе­ріл­меді. Мұндай шаралар отаршылдық зама­нындағы кемсітушіліктің орнын толтырып, қазақтарды да басқалармен тең етер еді.

Әлемде байырғы халықты қорғайтын басқа да тәжірибелер бар. Олар қоныстанған аймақтардағы табиғи байлықты игергенде әділдікті сақтап, мүдделерін ескеру заңдастырылған. АҚШ-тың «Арктик-слоп» компаниясы Аляскада газ құбырын жүргіз­генде, сол жердің байырғы тұр­ғындары – эскимостарды акционерлік қоғам­ның жарнашылары ретінде тіркеп, оны АҚШ-тың Конгресі бекіткен. «Арктик-слоп» компаниясында кез келген ұлттың өкілі жұмыс жасауға хұқылы. Бірақ оның акцияларын сатып алуға, табиғи ресурстан түскен пайдаға эскимостар ғана ортақтаса алады. Этностық қауымдастық бірыңғай қоныстанған тер­риторияның жерлері сатылмайды, жалға берілмейді, олар салық төлемейді, мемлекеттен арнайы жәрдем, тегін медициналық көмек алады. Осындай жеңілдіктер байырғы этностар тұратын Канада да көзделген.

Қазақ ұлты резервацияда тұратын шеттетілген халық болмағанымен, мұнай, газ, басқа да табиғи байлықты игеріп жат­қан өңірлерде олардың мүддесі резервацияда тұратын ұсақ этностардан төмен, қазақтардың маңдайына тек экологиялық ауыр жағдайдың құрбаны болу жазылған сияқты.

Ұлттың меншікке ие болуы деген ірі өндіріс орындары тек жергілікті ұлт өкіл­дерінің болуы дегенді білдірмейді. Оны қаржыландыратын инвесторлар сырттан болуы мүмкін, бірақ, ол өндірісте жұмыс жасаушы, оның басты менеджерлері мен орта және төменгі деңгейдің мамандары, жұмысшылары негізінен байырғы елдің өкілдері болуы бүгін көптеген елдерде дағдыға айналды және өндірістің негізгі пайдасы осы мемлекетке қызмет жасауы тиіс. Шағын және орта бизнесте ұлттың іскер топтарының қалыптасуы оның тұрмыс деңгейіне тікелей әсер етеді. Бұл, әсіресе, мемлекет құраушы ұлттың ел халқының басым көпшілігіне айналған тұста маңызды мәнге ие болып отыр. Басқа ұлт, тіл өкілдерінің үстемдігі, табиғи байлыққа қожалығы, байырғы халықтың кедейлігі басқа мәдениеттің, діннің үстемдігі деп қабылдайтыны белгілі. Осы тұста халықты мемлекетке қарсы үгіттейтін «көсемдер» де табылады. Олар мемлекеттік кұрылымды өзгертуге, біржақты, тек шариғатқа негіз­делген, «әділ» мемлекет құруға шақырады. Сондықтан, экстремизмнің себебін тек шет елдерде діни білім алған жастардан ғана көрмей, оның әлеуметтік-психологиялық себептерін де есепке алуымыз жөн. Мемлекет ішкі саясатты саралап, өзіне де сын көзбен қарамайынша, экстремизммен күрес тиімді болмайды.

Экстремизмнің  (терроризм оның ең қауіп­­ті көрінісі) әлеуметтік-экономикалық, сая­си-идеологиялық себептері бар екені дау­сыз. Соңғы жылдары табиғи және техногендік аспаптарды айтпағанда, әртүрлі аймақтарда бүлік, көтеріліс, қақтығыстар, террористік зорлық-зомбылықтардың шие­ленісуіне байланысты оларды салыс­тыру үшін кейбір ғалымдар қантөгістің коэф­фициентін (коэффициент кровопролитности) енгізу қажеттігі туралы пікірлер айтуда. Осы тұрғыдан келгенде жол апаттары террористік актілерден қауіпті, себепті олардың салдарынан адамдар көп қаза табады. 

Зорлықшыл         экстремизм    құрбанда­ры­ның нақты саны көп емес. Экстремизмнен шеккен зардабымыздың  салыстыр­малы түрдегі аздығы – экстремизмді жақ­таушылардың пси­хо­логиялық соқ­ты­ғыста ақталуына, өздерін діннің қорғаушылары ретінде көрсе­тіп, жамандық атаулының кінәсін мем­лекеттің өзіне аударуға сылтау. Мұның барлығы бұқараның көңілін аулап, халықты өздеріне жақындатуды көздейді. Бұл, сөз жоқ, әлеуметтік ортаға, адамдардың жеке талпыныстарына, жастар­дың әлеуметтену үдерісіне әсерін тигізбей қоймайды.  Оның үстіне халық өз күйін өзі күйттеу үстінде, қоғам әлеуметтік құрылым тұр­ғысынан бытыраңқы, екі миллионға жуық адамның тұрақты жұмысы жоқ,  ызалылар да аз емес, қоғамдық институттар, әсіресе ауылдық жерлерде (ұжымшар, кеңшар, партия, кәсіподақ, жастар ұйымдары) таратылған, олардың орнына еш­теңе құрыл­маған, құрылуы да неғайбыл. 

Экстремальдық көңіл күйдегі адам­дардың күйзелісін ушықтыру қазақ­тардың рухани құндылықтарына, қазақ тіліне төніп тұрған қауіп-қатерге, христиандық протестанттық деструктивтік күштердің экспансиясына негізделіп отыр. Бұлардың артында қаржылық әлеуеті зор халықаралық ұйымдар тұрғаны белгілі. 

Кеңес дәуірінде қазақтар негізінен ауыл шаруашылығында, білім, мәдениет салаларында еңбек етті, ал, славяндық диаспоралар өкілдері негізінен өнеркәсіп, ғылыми-техникалық, инженерлік салаларды жайлады. Мұндай «еңбек бөлінісі» қазақтардың өмір салтына, қоныстануына, денсаулығына, психи­калық жай-күйіне, мамандардың, мате­риалдық және рухани игіліктердің қол­­же­тімді болуына кері әсерін тигізді. Бүгінгі күні де қазақтардың үлесі білікті жұмыс күшінің жалпы санында мардымсыз күйде қалып отыр. 

Экстремистік ахуалдың қалыптасуына бір-біріне керағар екіұдай  жағдай дем береді. Бір жағынан – көзге ұрып тұрған халық табысының көлеміндегі айтарлықтай ал­шақтық, бір-біріне қарама-қарсы «екі Қазақстанның» пайда болуы, шашпалық, аста-төк той-томалақ, жерлеу рәсімдері, жемқорлық және тағы да басқа исламдық өмір-салтына жат факторлар. Екінші жағы­нан – кедей-кепшік, маргиналдар, жұ­мыс­сыз жастар және оларды қолдаушы өзге де әлеуметтік топтар. Статистикалық деректерге сүйенсек,  сотталған террористердің 60%-ға жуығы 29 жасқа дейінгілер. Басқаша айтсақ  жастар. Олардың 95%, жұмыссыз болған. Ал, бас прокурор Ж.Асанов жалпы қылмыс жасағандардың 84% жұмы­сы жоқ азаматтар деді [11]. Осылайша, Қазақстандағы террористің портреті айқындалады: бұлар – өмірден өз орнын табуға ұмтылып, оны таба алмаған жастар. Көбінесе, жұмыссыздар, жақсы білім ала алмай, келешегінен күдер үзгендер.

Жұмыссыздықтың ауыртпалығы, білім алуға мүмкіндіктің жоқтығы, әлеуметтік қорғаудан шеттетілгендерді өзара жақын­дастырады, бірігіп қарсылық етуге, тіпті, заңсыз, дөрекі қылықтарға баруға итер­мелейді. Экстремизм діннің өз ішкі мәнінен, мазмұнынан, мақсатынан тумайды, ол бейбіт сүйгіш ислам дінінің көрінісі емес, оны ағыны қуатты судың  бетіне шыққан лас көбікпен теңеуге болар. Дін жанжалдарды тудыратын алғы себеп емес, әлеуметтік, этникалық, саяси, мәдени, факторлар шие­лініскен тұста, діни фактор қосымша қуат беретін күш, импульс.

Криминометрика болжамы бойынша, қоғамдағы шиеленістердің өз өлшемдері бар. Жан басындағы орташа табыс пен тер­рористік әрекет арасында тікелей байланыс жоқ. Террорлық  қылмысқа кедей отбасынан  шыққан жастар да, дәулетті отбасынан шыққан жастар да баруы мүмкін. Ал, тыйым салу, ашық пікір білдіруді, сөз бостандығын шектеу, әлеуметтік, әділетсіздік, адам хұқын бұзу, бір сөзбен айтқанда, қатаң саяси режим мен терроризм арасында байланыс бар. Саяси еркіндік ашықтық, демократиялық ахуал, сөз еркіндігі, бизнеспен айналысуға мүмкіндік қақтығыстардың алдын алады. Адамдар қарнының ашқанынан ғана емес, қадірінің қашқанынан да қарсылық білдіреді.

 Мынадай жазылмаған ереже бар: экстремизм мен жанжал туғызудың жақсы амалы – діни ұйымдарды, күдіктілерді бұрышқа тықсыру. Осыған байланысты құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысындағы мынадай жайттар назар аударуға тұрарлық. Өз міндеттерін атқару кезінде олар тұрақты түрде діни ұйым­дармен істес болады, байланыс барысында дөрекілікке барады, кейде құлшылық ету рәсімінің шырқын бұзады, құжат тексеру рәсімін тым қатаң түрде жүргізеді, діни ұйымдардың ішкі өміріне орынсыз араласады, шамадан тыс сезіктілік танытады. Шындығында құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтардың құқын қорғау мен сақтау барысында олардың қандай дінді ұстанғанына қарамастан моральдық және конституциялық принциптерді қатаң түрде басшылыққа алулары тиіс, қандай да болмасын жанжал туғызбау мақсатында түсіністік танытуға тырысулары қажет. 

Көптеген елдерде құқық қорғау орган­дарының қызметкерлері үшін арнайы жат­тығу оқуларын өткізу жолға қойылған. Мұнда елде таралған діни ұйымдар туралы толыққанды ақпарат беріледі. Кейбір елдерде жергілікті құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арналып өңірдегі діни ұйымдардың тыныс-тіршілігі туралы жады­нама-анықтамалықтар шығарылады, онда осы ұйымдардың мекен-жайы, байланыс телефондары, қызметкерлердің діни дәрежесі, оларға тіл қату үлгісі: «Құрметті имам» немесе «Қадірменді мәртебелім»  дегендей тағы басқа да ізет көрсетіледі. Терроризмді зерттеуде ғылыми ақтаң­дақтар, заң саласында дау-дамайлар өте көп. Ресейде 2006 жылы терроризмге қарсы іс-әрекет туралы заң қабылданды. Бір  мәселе төңірегінде үлкен пікір-таластар туды. Террористер бортында 250 жолаушы бар ұшақты басып алып, атом электростанциясына  қарай    бет алды. Не істеу керек? Егер, ұшақ атом электростанциясын жарса, құрбандар саны мыңдап еселенеді, сондықтан ұшақты атып түсіру қажет пе? Қажет. Мұндай заң көптеген елдерде бар екен. Террористер үшін қанша адамның құрбан болғандығы маңызды емес, ең маңыздысы күш көрсету, қорқыту, мемлекет адам шығынының аз болуын ойлайды. 

Террористермен  келісімге, диалогқа бару  керек пе? Көптеген елдерде бұл мә­се­леде қарсылық пікір ұсталынады. Бірақ, ойланатын тұстары да жоқ емес. Тер­рористердің мақсаты өздеріне биліктің назарын аудару, тілек-талаптарын жеткізу. Келісімге бармаған тұста қайшылықтарды шешудің жолы кесіледі. Ал, келісім, диалог болса, билік те өз пікірін, талаптарын жанжалды шешудің жолдарын оларға да, халыққа жеткізеді, болмаса билікте өз талаптарын айтудан, диалогқа бару дағдысынан айырылады. Террористер үндемей шабуылдарын жасай береді, бұзады, жарады, құқық қорғау органдары оларды жояды, қолға түсіре береді. Негізінде адамның өмірі та­разыға түскен тұста биліктің «кішіреюі» де дұ­рыс. Бір қатар елдерде келістіретіндерді («переговорщиктерді») әдейі дайындайды, кейде олар террористердің ата-ана­лары, туыстары, бейтарап адамдар болады. Бізде бұл істе тәжірибе жоқтың қасы. Ақтөбе облысында 2011, 2012, 2016 жылы эктремистік шабуыл қан төгіспен аяқ­талды. «Терроризммен күресте жеңіс деген не және қалай жеңімпаз болуға болады?» – деген сауал туады. Мүмкін ол террористердің көзін жою болар. Бірақ, ол уақытша жеңіс. Ақтөбе уақиғалары көзін жойған бір өлген террористің орнына бірнеше зорлық-зом­былық технологиясын меңгерген террорист келетінін көрсетті. Осылай қанды уақиғалар жалғаса беруі мүмкін.

Террористік уақиғалардың төңірегінде террористерді есіркеп, жанашыр ниет біл­діру де байқалып қалады. Террористік әрекеттерге әруақытта да ниеттестік біл­діретін, терроризммен идеологиялық бай­ланысы жоқ адамдардың болуы біздің заманымыздың бір ерекшелігі. Бірқатар азаматтар солтүстік Кавказ республикаларында содырларды қолдағаны белгілі.  Біз қаралы күн жарияладық, жазық­сыз қаза тапқан  азаматтарды  аза тұттық. Әрине, қарақшылардың ата-аналары да қан жылап отыр. Оларға өкініш көңілін білдіру, жанашырлық таныту да дұрыс. Олардың аналары террорист туған жоқ, орта, әсіресе, салафилер ортасы соған ықпал етті, оған қоғам да кінәлі.  Ал, терроризмге ниеттестік, сөз жоқ, оған дем  береді. Ақтөбедегі  террорлық қылмысты да қолдаушылар бар. Бұл қоғамға емес, тек погондыларға, полиция қызмет­керлеріне шабуыл деушілер бар. Полиция қызметкерлеріне шабуыл ол осы қоғамды қорғайтындарға шабуыл екенін түсінбейді. Ақтөбе облысында ел ішінде террористерге жанашырлық ниет 2011 жылғы Темір ауданында болған уақиғадан кейін қалыптасты. Оған берілген ресми баға қоғамдық пікірмен сәйкес келе бермейді. Қарулы қақтығыс кезінде көптеген куәгер бола алатын жанжалға қатысушылардың 2011 жылы көздері құртылды. Жұрттың бәрі бірдей зұлымдық сазайын тартты, әділ жазасын алды деп есептемейді. 

Ақтөбе облысындағы көптеген адамдар Темір ауданында болған оқиғаларды конфессиялық емес, криминалдық, мате­риал­дық-қаржылық уәждермен байланыстырады. Бір сөзбен  айтқанда, қай жерде қылмыстық іс аяқталып, қай жерден экстремизм басталатындығын кесіп айту қиын. 

Істің жайы туралы ел ішінде басқа пікір қалыптасқан. Жастар, оның ішінде салафиттік бағытты ұстанушылар да бар, Қазақстанның басқа да мұнай өндіретін өңірлеріндегі сияқты, шикі мұнай ұрлап, оны сатып, пайданы полиция қызметкерлерімен бөлісіп келген. Ал, олар болса, ұрлық жайын біліп қана қоймай, ұрыларға қолдаушы болған. Кейін олардың арасында пайданы бөлісуге байланысты туындаған келіспеушілік бірнеше рет жанжалға ұлас­қан. Полицейлер мұнай сатушыларға қысым көрсеткен, өздерінің үлесін өсірген, мұ­­най сатушыларды ұрып-соққан, қамаған. Сондықтан да, екі полицейді тапа-тал түсте өлтіру кек қайтаруға байланысты орын алған жағдай. Өлтірушілер әрекетінде тұтастай билікке қарсы ниет болмаған. Қатардағы қылмыстық іске діни рең берілді, өйткені полицияның қарсыластары салафиттер. Сөйтіп, жергілікті полиция іс-әрекетінің жауапкершілігі салафиттермен күрес сипатын алды.  Бұл ретте кейіннен Ақтөбе облысында ғана емес, басқа қалаларда да экстремистік күштердің көздегені полицейлер болуы кездейсоқ емес. Бұдан былай да полицейлерге шабуылдың қайталанбауына кепілдік жоқ. Бұл жерде барлық полиция қызмет­керлерін айыптау дұрыс болмайды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ақтө­бедегі ланкестік актілерге байланысты мәлім­демесінде хұқық қорғау органдарының қызметін жоғары бағалады. Дегенмен, жем­­­қорлық індеті олардың арасында да көрініс алып отыр. Ақтөбе облысында 2016 жыл­дың маусым айында мұнай ұрлады деген күдікпен бір топ жоғары шенді полиция қызметкерлері қамауға алынды. 

2011 жылғы оқиғалардан кейін жұрт­шылықты идеологиялық талқыдан өткізуді қолға алды. Темір ауданында аз уақыт ішінде қырықтан астам кездесулер өткізіліп, дәрістер оқылды. Ақыр аяғында мұндай шаралар жергілікті халықты ығыр қылды. Шұбаршы ауылындағы және басқа да елді мекендердегі мектептер, мәдениет ошақтары құрылысы, жол жөндеу жұмыстары басталды. Мұның өзі басқа аудандар және елді мекендер тұрғындарының түсінбестігі мен осыған байланысты заңды сұрақтарын тудырды: «Сонда қалай, әлеуметтік және мә­дени-тұрмыстық мәселелерді шешу үшін міндетті түрде экстремистік әрекетке бару керек пе?» дегендей. Жүйелі, жос­парлы жұмыстың жоқтығы ертелі-кеш жан­жалдарға әкелуі мүмкін. Тағы бір факторды айта кету керек: тұр­ғындардың этникалық тұрғыдан оқиға құрбандарына деген өз көңілдерін біл­дірулері біркелкі болған жоқ. Қазақтардың басым бөлігі қаза болғандардың барлығына аяушылық білдірді, өйткені олар негізінен қазақтар. Ал, ата-ана, ағайын-тума, әкесі, анасы, жұбайы жағынан барлық жақын-жуық үшін полицейдің де, оның қар­сыластарының да өлімі – орны толмас қасірет. Көп адамдар кінәні жанжалдың алдын ала алмаған билікке жүктеді. Трагедиядан кейінгі психологиялық ахуал бүгін де күрделі күйінде қалып отыр.  

Облыс халқының славян бөлігінің аталмыш оқиғаларға көзқарасы жайын сөз етсек, олардың қаза болған қазақтарға, салафиттерге деген жиіркенішті сезімдері айқын сезіліп тұрғандығын айтуға болады. Оларды Ақтөбені екінші Шешенстанға айналдырғылары келген «оңбағандар», «сі­лім­тіктер», «азғындар» деп айыптады. Ол дұрыс, бірақ, кейде дінге де, діндарларға да орынсыз күдік туғызатын ахуал сезілді.

Экстремизм, исламішілік қайшылықтар, өзара пікір-талас, исламдағылардың бірқа­тарының басқа діндерге өтуіне себеп болды. Сонымен бірге,  үкімет басқа діни бір­лестіктердің – православие, католик, про­­тестанттардың қызметіне соңғы кезде мән бермей келеді.  Бүгін неліктен қанды оқиғалардың алды алынбады, неліктен жұрт­шылық экстремизммен күрестен  оқ­шауланды? – деген сауал елді ойландырады. Өңірлік билік біртұтас мемлекеттік меха­низмнің құрамдас бөлігі ретінде қалыпты тұрмыс-тіршілікті қамтамасыз етуге жауапты болғанымен, төтенше жағдайларға мүлдем дайын болмай шықты. Басты себеп мынада: өңірлердегі биліктің жұртшылықпен, жастармен, мәслихат депутаттарымен, жер­гі­лікті зиялы қауым өкілдерімен, ардагерлермен байланысы тығыз емес, болса да тек мақұлдауды күтеді. Жергілікті билік көп нәрседен бейхабар, кейіннен белгілі болғандай, аталмыш оқиғаларға қатысты түскен дабылға мән бермеген. Сондықтан, өңірлік билік өз рөлін айқын анықтай алмай, 2011 жылы сырттан бақылаушы, көбінесе сырткөз ретінде қабылданды. Бұл жағдайда қалың бұқара экстремизмнің алдын алу жұмыстарында белсенділік танытпайды, бар үмітін құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет өкілдеріне артады. Бір сөзбен айтсақ, пісіп жетілген қалыпты азаматтық қоғам әлі жоқ, өзін-өзі басқарудың жергілікті қоғамдық институттары дамымаған. Азаматтық белсенділік жоқ жерде экстремистер күш алады.

Терроризммен күресте қамшы (кнут) мен тәтті нанның (пряник) қайсысы тиімді деген мәселе бар. Қамшы тиімсіз делінеді. Террористік жолға түскендерді азаматтық қоғамға қайтару, кейде ашық дебаттарға шақыру, (өкінішке орай, бізде салафиттермен дебатқа бармайды), таңдаған жолына күмән туғызып, теріс қылығына өкінгендерге кешірім жасау, жұмсақтық таныту сияқты амалдар бірқатар елдерде бар. Италияда кейбір теріс пиғылды экстремистерге университетке жолдама берген. 

Бүгін біздің үкімет стратегиялық жол таңдау алдында. 

1. Арнаулы қызмет органдарын қаржы­ландырамыз ба, оларға жаңа кадрларды қызметке тартамыз ба, әлде білімге, әсіресе, ауылдық жердегі жастарды  квотамен оқуға көбірек тартамыз ба?
2. Жұмысты бұрынғыша тек теріс бағытта, экстремистік топта жүр дегендермен жасау керек пе, әлде халықты тәрбие­лейтін парасаттық жол сілтейтін, атыс-шабыстан алыс кинофильмдер түсіреміз бе, қоғамға имандылық ықпал ететін театрларды көбірек қаржыландырамыз ба, ақылға қонымды мәдени шаралар, әсіресе қазақ салт-дәстүрін насихаттайтын мәдени құндылықтарға тереңірек мән береміз бе? Халықты жалықтыратын қасаң штамптармен кете беру қауіпті.
3. Террорға қарсы күреске бірбеткей кетіп, қаржыны қару-жарақ алуға жұмсасақ, жұмыссыздық, кедейшілікпен күрес кейінгі орынға ысырылса, халық оны қолдай ма? Бүгін ақтөбеліктердің 70% астамы алдың­ғысын қолдар, себебі, үрей синдромы әлі басылған жоқ, бірақ бара-бара әлеуметтік шиеленістер күшеймей ме? Терроризммен күресте бірбеткей қамшылау да, тек жұмсақ шаралар да оның бетін қайтармайды. Егер, кейбір теріс пиғылды адамдарға оқуға түсуге, жұмысқа тұруға жаппай көмек болып жатырса, онда террор мақсатқа жетудің жолына айналар. Барлығы да ақылға сыйымды деңгейде болуы керек. Қамшы мен тәтті нан қатар жүргені, қамшының басым болмағаны дұрыс. Күшпен қысым жасау тиімді дейтіндер көп. Қарулы күшпен бетпе-бет келгенде күш жұмсаудан басқа жол жоқ. Ал, оның алдын алу жұмыстарында күш мәселені шешпейді, оппозициялық күш­терді кү­шей­теді, қарама-қарсылық іштей өсе береді, ал, шегініс, жұмсақтық бірте-бірте қақтығыстардың алдын алады. Канадада англо-канадалықтар мен франко-канадалықтар арасында қайшылық ше­гініс, жұмсақтықпен шешілсе, Ирландияда, кері­сінше, ағылшындардың қысымы жасырын ұйымдар құруға итермеледі. 

Қоғамда әлеуметтік жағдайға көңілі толмайтын топтар бар: саяси партиялар, кәсіподақ ұйымдары, үкіметтік емес ұйым­дар, бірақ, олар жанжалға бармайды. Неге экстремистер қанды қақтығысқа барады? Терроризмнің психологиялық моделі белгілі бір адамдардың  оған  бейімді еке­ніне назар аударады: қара ниетті, зорлық-зомбылыққа агрессияға бейімділер, ол тіпті туа біткен қасиет дейтін пікір бар. Өзін кем­шін сезінетін, өкпелі, ашулы, қорланып жүретіндер және еріксіз, жұмсақ, сенгіш, көн­гіш, саяси мақсатқа жалдап алуға көнетіндер. Дана қазақ «Ай астындағы Айбарша сұлу» атты ертегіде радикализмнің бола­шағының жоғын айтқан. Ол заманда радикализм деген ұғым жоқ, бірақ, бір елді бір ел шауып, басып жаншып ала берген заманда, Баяу хан елін жиып, әскер жасақтап, «әділ әлем орнатамын» деп, жер қайысқан қолымен аттанады. Жолда Баяу ханның пір тұтатын бір абызы есіне түсіп, онан бата алып кеткенім дұрыс болар деп абызға келеді. Абызға «жер қайысқан қол жиып дүниеге тыныштық, әділдік орнатқалы аттанып бара жатырмын, бата беріңіз», – дейді. Сонда, ол ойланып отырып: «Ей, балам тыныштық, әділдік орнатам деп соғысқа аттандым де…» депті де, үндемей қалыпты. Сонда, Баяу хан «тыныштық орнатам»деп, жер қайысқан қолмен қырғынға аттанудың қате екенін түсініп, «абыз, мен токтадым», – депті. Дегенмен, дінге байланысты зорлық-зомбылықтың ерекшеліктері бар. Қантөгіске барғандар өз әрекеттерінің заңсыздығын, көздеген мақсаттарына жетпейтіндерін, тіпті өлетіндерін де білді. Бірақ, қан төгісті олар ерлік деп санап, жұмаққа барамыз, Алла кешіреді дейді. Абай айтқандай, біздің молдалар Құдайдың кешірмейтін күнәсі жоқ деп қателеседі. Демек, діни уағыздардың ықпалы да тиімсіз болып тұр.
Бүгінгі жағдайда БАҚ, ғылым, мәде­ниет пен білім салаларында исламның өзге бағыттарына да, басқа діндерге де төзім­ділік танытатын ханафиттік исламды мемлекеттің ұстануы өте орынды. Қалыпты жағдайды бұзуға ниетті бүлдіргіш күштерге қарсы мәдени-ақпараттық майдан ашу аса маңызды. Бұл күрес қазақ мәдениетін, дәстүрін, тілін, халқымыздың түбегейлі рухани құндылықтарын кеңінен насихаттау жұмысымен қатар жүргізілуі тиіс. Жасқаншақ отаршылдық санадан шынайы ұлттық құндылықтарды белсенді түрде орнықтыру мәселесін кешеуілдетпей шешуге көшуіміз қажет. Экстремистік идеологияны ұлттық идея арқылы және оған қазақтың шынайы менталитеті,  дүниетанымы мен дәстүрін озық қарсы қою арқылы ығыс­тыруға болады. 

Өңірлерде бабалардың таным-сенімін, діни қайраткерлердің, имамдардың тарихи болмысын, сондай-ақ, ханафит мәзһабы мешіттерінің қазақ халқын тәрбиелеу ісіне қосқан үлесін зерделейтін ғылыми-зерттеу жұмыстарын өрістету қажет. Бүгінгі экстремизмнің қауіп-қатері өр­шіп тұрған кезеңде ақпараттық, мәдени және ғылыми саясатты әлеуметтік-мәдени құндылықтарға негіздеп түбегейлі түрде қайта құру – кезек күттірмейтін мәселе. Өйтпеген күнде теріс тенденциялар күш ала бермек. Бір сөзбен айтсақ, идея мылтықпен емес, тек идея арқылы ығыстырылуы тиіс. 

Кезінде Платон айтқандай, өз еліңде жауыңның болуы мүмкін емес. Егер де, қарсыластарың, келіспеушілерің болса, онда оларды сабыр мен ақылға шақырып, ымыраға келген жөн. Сөйтіп, олардың өмірін сақтап қалуға жұмыстану қажет, өйткені, шалыс басқанның бәрі бірдей жау емес.

Аманкелді Айталы,
философия ғылымдарының 
докторы, профессор

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.